Бас тақырыпРесми

Жаһан және Қазақстан

Бүгінгі Қазақстан – сыртқы саясатта өзіндік орны бар мемлекет. Әлемдегі саяси серіктестерінің барлығымен дерлік ынтымақтастық ашықтық қағидаты негізінде меймандостық мәміле жүргізеді.

Коллажды жасаған автор

Біріккен ұлттар ұйымында

Көпжақты форматтағы маңызды оқиға ретінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-ші сессиясының жұмысына қатысуы, халықаралық беделді ұйымның Бас хатшысы Антонио Гутерришпен, Мажарстан, Эстония, Финляндия, Иран, Словения, Оңтүстік Корея, Кения, Моңғолия, Португалия, Черногория, Румыния көшбасшыларымен, сондай-ақ, әлемнің ірі компанияларының басшыларымен кездесуі болды. Нәтижесінде Қазақстан Кирибатимен бірлесіп ұсынған «Ядролық қару зардабы: сынақтан зардап шеккен мемлекеттерге көмек көрсету және қоршаған ортаны қалпына келтіру» қарарын 171 мемлекет қолдады.

Қазақстанның ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра комитетіне төрт жылдық мерзімге сайлануы әлем қауымдастығының республикаға деген ізгі ілтипатын білдірсе керек. ЮНЕСКО-ның 2024- 2025 жылдарға арналған атаулы күндер күнтізбесіне Нұрғиса Тілендиев пен Бердібек Соқпақбаевтың туғанына 100 жыл толу датасы енді. Бүкіләлемдік мұра тізіміне Алтын Емел, Барсакелмес табиғи қорықтары қосылды. Тарихта тұңғыш рет ЮНЕСКО клубтары мен қауымдастықтарының дүниежүзілік федерациясының президенті болып Қазақстан өкілі сайланды.

Өткен жылдың шілде айынан бастап еліміз Шанхай ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуде. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының түйіткілді мәселелерін шешуде республика рөлі артқандығы күмәнсіз.

Түркі векторы

Қазақстан, Түркия және Әзірбайжан мемлекеттері басшыларының мазмұнды байланыстары қарым-қатынастарды кеңейтілген стратегиялық әріптестік деңгейіне шығаруға, Түркі мемлекеттері ұйымын нығайтуға соны мүмкіндік берді. Астанада «ТURKTIME!» ұранымен өткен X Саммиттегі біздің төрағалығымыз түркі әлемінде ғана емес, бүкіл әлемде кең резонанс тудырды.

Қазақстанның сыртқы саясатының түркі векторы түркі әлемімен қарым-қатынасты нығайтуға стратегиялық ұмтылысты көрсетеді. Ортақ тарихи тамырлар мен құндылықтарға негізделген бұл ынтымақтастық қиындықтарды жеңе алатын және бірге өркендеуге ұмтылатын тұрақты және Біртұтас түркі кеңістігін құруға ықпал етеді.

Көрші ақысы

Қазақстан Ресеймен прагматикалық көпжақты ынтымақтастықты дамытуды жалғастырады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресейге сапары және Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннің Астанаға сапары барысындағы келіссөздер нәтижелі болды. Бұл ретте Қостанайда өткен Өңіраралық форум сауда-экономикалық ынтымақтастыққа маңызды серпін берді.

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеудің Ресейге ресми сапары барысында Сыртқы саяси ведомстволар арасындағы ынтымақтастық жөніндегі іс-шаралар жоспарына қол қойылды. Қазақстан-Ресей бірлескен демаркациялық комиссиясының 10-шы отырысы өтті. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің Беларуссияға ресми сапары кезінде қазақ-беларус қатынастарының стратегиялық деңгейі расталды. Оңтүстік Кавказ елдерімен өзара іс-қимыл теңгерімін қамтамасыз ету мақсатында Әзірбайжан және Армения сыртқы істер министрлерімен бірқатар маңызды кездесулер өткізілді.

 

Мәңгілік әріптестіктің мәні

Қазақстан Республикасы мен Қытай арасындағы дипломатиялық қатынастар қазіргі геосаяси ландшафт жағдайында айтарлықтай маңызға ие болды. Көршілестік, ортақ мүдделер және бірлескен дамуға деген ұмтылыс екі елді әлемдік аренадағы негізгі стратегиялық серіктестерге айналдырды.

Қытаймен «мәңгілік жанжақты стратегиялық әріптестік» дәйекті түрде нығайтылады. Қазақстан Республикасы Президентінің Қытай Халық Республикасына жасаған мемлекеттік сапары, «Бір белдеу, бір жол» үшінші форумына қатысуы, ондағы Қытай басшылығымен тұрақты байланыстар Бейжіңмен ынтымақтастықтың жаңа көкжиегін ашты. Қос мемлекеттің азаматтары үшін визасыз режим туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Екі ел де климаттың өзгеруі, терроризм сияқты жаһандық мәселелерді шешуде белсенді жұмыс істейді. Олардың әлемдік аренадағы бірлескен күш-жігері әлемдік тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайтуға ықпал етеді.

Келелі келіссөздер мен нәтижелі кездесулер

Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаевтың АҚШ Президенті Джо Байденмен сенімді келіссөздері және Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеудің АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкенмен диалогы стратегиялық әріптестіктің жаңа мазмұнды тұстарын белгілеуге мүмкіндік берді. Жоғары деңгейдегі өзара түсіністіктің арқасында Астанада кеңейтілген стратегиялық әріптестік жөніндегі комиссияның отырысы нәтижелі өтті.

Сондай-ақ, Қазақстан Президентінің Біріккен араб әмірліктері, Сауд Арабиясы, Вьетнам басшыларымен сапарлары мен келіссөздері, Сингапур Президенті, Катар Әмірі және Того Президентінің Астанаға сапарлары Жаһандық Оңтүстік елдерінде Қазақстанның мүдделерін ілгерілетуге ықпал етті. Қазақстанның «Жаһандық Оңтүстік дауысы» виртуалды саммитіне қатысуы және Президентіміздің мазмұнды месседждері Жаһандық Оңтүстік мемлекеттерінің көшбасшыларының оң пікірлерін тудырды.

Президент Еуропаның жетекші елдерінің басшыларымен және Еуропалық Одақтың жоғары лауазымды тұлғаларымен сыртқы игі байланыстары ондағы серіктестермен қарым-қатынасқа жаңа серпін беріп, жаңа деңгей үстеді. Германия Федерациялық Республикасы, Франция Президенттерінің, Мажарстан және Чехия Премьер-Министрлерінің, Албания Президентінің, Ұлыбритания, Италия, Люксембург және Швейцария сыртқы істер министрлерінің республикаға жасаған сапарлары терең мәнге ие.

Жалпы, Еуропа үшін Қазақстан жыл өткен сайын маңызды сауда-экономикалық әріптеске әрі энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі кепілгерлердің біріне айналуда. Мемлекет тарихында тұңғыш рет Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің Румынияға, Сербияға және Солтүстік Македонияға ресми сапарлары сәтті өтті.

Дүние дидарындағы

Қарағанды Қазіргі әлем халықаралық жағдайдың күрделі шиеленісуінің қауіпті кезеңін бастан кешуде. Онда түйінді жаһандық мәселелерді шешудің қарама-қайшылықты тәсілдері мен санкциялық қысым әдістері алдыңғы қатарға шықты.

Қазақстан бұдан былай да БҰҰ Жарғысын, халықаралық құқықты және халықаралық қатынастардағы теңдік пен демократия қағидаттарын ұдайы сақтауды жақтайды. Мемлекет басшысы айтқандай, халықаралық турбуленттілік жағдайында Қазақстан теңгерімді, көпвекторлы және сындарлы сыртқы саясатты ұстанады.

Қарағанды Қазақстанның ірі қалаларының бірі және Қарағанды облысының орталығы ретінде еліміздің сыртқы саясатында маңызды рөл атқарады. Қазақстанның сыртқы саяси векторы Қарағанды тікелей немесе жанама қатысатын бірқатар стратегиялық аспектілерді қамтиды.

Қарағанды Қазақстанның өнеркәсіп орталықтарының бірі бола отырып, елдің экономикалық және инвестициялық бастамаларына белсенді түрде тартылды. Шетелдік инвестицияларды әсіресе өндіруші өнеркәсіп және пайдалы қазбаларды өңдеу салаларына тарту Қарағандының экономикалық серпініне әсер етеді және оның әлемдік экономикаға интеграциялануына ықпал етеді.

Қазақстан, Қарағандыны қоса алғанда, жаңартылатын энергия секторын белсенді дамытып, орнықты экологиялық дамуға ұмтылуда. Қарағандының бұл процеске қатысуы өңірдегі экологиялық ахуалды жақсартуға ықпал етеді және елге энергетикалық тұрақтылық саласында жаһандық мән береді.

Шетелдік әріптестермен мәдени және білім алмасу Қазақстанның сыртқы саясатының маңызды құрамдас бөлігіне айналуда. Қарағандыдағы оқу орындары шетелдік университеттермен белсенді ынтымақтасады, бұл білім алмасуға және мәдени өзара түсіністікке ықпал етеді.

Қазақстанның әлемдік энергетикалық кешендегі маңыздылығын ескере отырып, Қарағанды еліміздің және оның әріптестерінің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге өз үлесін қосады.

Қаланың экономикалық, білім беру және мәдени дамуға белсенді қатысуы өңірлік және әлемдік процестерге оң әсерін тигізіп, Қарағандыны геосаяси картада маңызды ойыншы етеді.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button