Жаңа жылғы жаңа түбіртек
2017 жыл Қарағандылықтар үшін тағы бір тосын сый ала келді. Ол – ай сайын төлем жасалатын коммуналдық шотта тағы бір қосымша бағана пайда болуы.
Енді есігіңіз ашылмай қалса, не үйдің шатырынан салбыраған сүңгіні құлату керек болса, терезеңізге бөгет ағаш бұтақтарын қиюды керек етсеңіз, Қарағанды құтқару қызметіне қоңырау шалсаңыз болғаны. Келіп, шаруаңызды жайғастырып береді. Тек, жоғарыда аталған, түбіртекке қосымша қосылған – «Қарағанды құтқару қызметі» бағанында көрсетілген 80 теңгені ай сайын төлеп отырсаңыз бопты. Ал, төлемесеңіз – алда-жалда шақырта қалсаңыз, қызмет құнын толық төлейсіз.
Жарна төлеу – ерікті. Төлегіңіз келмесе, ол үшін сот жоқ, төлеп жатсаңыз, тіпті, алақай. Бір қарағанда түкке тұрғысыз сома көрінгенімен де, Қарағанды қаласы бойынша 150 мың пәтерді қосқанда әжептәуір қаржының басы жиналатын сияқты. Бірақ, тұрғындар арасында наразылық туып жатқаны анық. Тіпті, әкімшілікке қоңырау шалып білгендері де бар екен. Ол жақтағылар да білмейтіндіктерін айтқан.
«Келісім-шарт жасамастан бірыңғай түбіртекке қосуға қандай қақылары бар?!» деген тұрғындардың біразы төлем жасаудан бас тартып отыр. Бірақ, төленуі тиіс түбіртекке қосылған сома сырттай қарағанда ғана ерікті көрінгенімен, мәжбүрлі сияқты…
Салтанат ИЛЬЯШОВА