Брифинг

Жаңа жобалармен – жаңа белеске

Бұйырса, қамбамыздың толатын уақыты да алыс емес. Диқандар өнімдерін 10 қазанға дейін толық жинаймыз деп отыр. «Нан бар жерде ән бар» деуші еді, демек, алаңдауға негіз жоқ. Өйткені, қазірдің өзінде дәнді дақылдың 90 пайызы қырманға жеткізілді. Және сүйіншілі хабар Жезқазған аймағында да жеткілікті. Бұл туралы Сәтбаев, Жезқазған, Қаражал қалалары мен Ұлытау ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде өткен жиында облыстық ауыл шаруашылық басқармасының басшысы Асқар САНАУБАРОВ айтып берді.


Биыл Қарағанды облысында ауыл шаруашылық дақылдарының егіс алқабы 40 мың гектарға ұлғайтылды. Аймақ шаруалары егіннің бітік әрі мол шыққанын атап өтті.
– Ауа райы қолайлы болған жағдайда астық жинауды 25 қыркүйекке дейін аяқтау жоспарлануда. Бүгінгі таңда 157 мың тоннадан астам картоп пен 19 мың тонна көкөніс жиналды. Картоп жинауды – 1 қазанға дейін, көкөністерді 10 қазанға дейін аяқтаймыз, – деді басқарма басшысы Асқар Санаубаров.
Сондай-ақ, басқарма басшысының сөзінше облыста 2 мың тоннадан астам шөп, 24 мың тонна пішен, 17 мың тонна сүрлем және 120 мың тонна сабан дайындалған. Ал, Жезқазған аймағына қарасты сүйіншілі хабарымызға тоқталсақ. Мұнда заманауи жылыжай, құс фабрикасы, мал сою цехы салынып, жаңа мал шаруашылық фермасы құрылатын болады. Әлеуметтік жобаларды іске асыру өңірдің азық-түлік нарығын жергілікті ет және көкөніс өнімдерімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бес жылда салынатын жаңа нысандардың құрылысы есебінен 600-ден астам жұмыс орны ашылады.
– Жезқазғанда 530 жұмыс орнын құратын екі жоба жүзеге асырылады. Бірі – құс фабрикасының құрылысы. Кәсіпорынның жобалық қуаттылығы жылына мың тоннаға дейін құс етін өндіруді көздейді. Мұнда жылына 60 мың тоннаға дейін көкөніс өсіруге арналған жылыжай шаруашылығын салу жоспарланған. Ал, Сәтбаев қаласында 660 тонна көкөніс сақтайтын жылыжай мен құс етін өңдейтін сою цехы салынады. Цехта жылына 5 мың тоннаға дейін ет өндіру жоспарланған. Барлығы 55 жаңа жұмыс орны ашылады, – дейді басқарма басшысы.
Сонымен қатар, Ұлытау ауданында мал шаруашылығы саласында үш әлеуметтік жоба жүзеге асырылады. Бұл 23 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Ауданда екі мал және бір жемшөп базасы салынады.
– Ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау инфрақұрылымын дамыту шеңберінде картоп сақтау қоймаларын салу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Биылғы жылы жалпы сыйымдылығы – 23 мың тонна 2 картоп қоймасының (Шет, Осакаров аудандарында) құрылысы басталды. Жалпы, жеміс-көкөніс өнімдерін салу және сақтау үшін жалпы көлемі 256 мың тонна болатын 129 көкөніс-картоп қоймасы бар, олар маусымаралық кезеңде қажетті көлемді салу үшін жеткілікті. Мал шаруашылығында өндіріс көлемінің өсуі ауыл шаруашылығы малдарының басын, оның ішінде, асыл тұқымды мал басын ұлғайту және олардың өнімділігін арттыру есебінен қамтамасыз етілетін болады. Ет, сүт және жұмыртқа өндірісі импорттық асыл тұқымды мал басын сатып алу жолымен де, бордақылау алаңдары мен сүт-тауар фермаларын құру жөніндегі инвестициялық жобаларды іске асыру есебінен де ұлғайтылатын болады. Бұл сүт өңдеу кәсіпорындарын 33,5%-ға, ал ет өңдеу кәсіпорындарын 18,8%-ға жүктеуге және олардың өндіріс көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді, – дейді Асқар Санаубаров.
– Қайта өңдеу саласында импортты алмастыру жөніндегі шараларды іске асыруға баса назар аударылатын болады. Бұған кәсіпорындардың жүктелу деңгейін арттыру есебінен қол жеткізілетін болады. Тамақ өнімдерінің көлемін ұлғайту мақсатында май-тоң май, сүт өнімдерін, макарон өнімдерін, ұн және жемшөп өндіру бойынша жаңа қайта өңдеу кәсіпорындарын салу және жұмыс істеп тұрғандарын жаңғырту жоспарлануда.

Қасымхан ҒАЛЫМ.

Басқа материалдар

Back to top button