РесмиРухани жаңғыру

Жаңа жобалар – жаңғыру бастауы

Мемлекет басшысының «Нұр Отан» партиясының жұмысын жаңғырту туралы берген тапсырмасына орай, облыстағы саяси ұйым жаңа бастамаларды жүзеге асыруды қолға алған. Әкімдіктер, кәсіпорындар,  жоғары оқу орындары,ІТ-компаниялар және басқа ұйымдар бірлесіп, жобалық менеджментті дамытпақ. Партия жұмысын жаңғырту мақсатында білім беруді дамыту, шағын және орта бизнесті қолдау, «Цифрлық Қазақстан», «Рухани жаңғыру» бағдарламалары аясында 22 жоба жасалды. Соның оны «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы өткізген баспасөз мәслихатында айтылды.


– «Нұр Отан» партиясының бастамашылық бағыттарын жүзеге асыру мақсатында жұмыс комиссиясы құрылған,– деді партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қадиша Оспанова.

– Аталмыш жобаларды іске асыру кестесі жасалып, бекітілді. Бірлесе жұмыс жасайтын мемлекеттік органдармен, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының аймақтық филиалымен, оқу орындарымен, серіктес компаниялармен меморандумдар жасалды. Жобаларды биылғы жылдан бастап 2020 жылға дейін кезең-кезеңімен жүззеге асыру жоспарланған.
Стратегиялық маңызды деген он бастамаға баса мән берілген. Оның үшеуі – цифрландыру, келесі үшеуі – «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында, соңғы төртеуі шағын және орта бизнесті қолдауға қатысты.
«Цифрлық партия» жобасы партияның бірыңғай ақпараттық жүйесін құруды көздейді. Құжат айналымы, жарналар, бақылау, оқыту, сараптау, партия мүшелері туралы ақпараттар бір жерден қолжетімді болады. «Балаларға арналған ІТ сыныптары», әсіресе, ауыл балаларына қажетті жоба болмақ. Еліміз бойынша бағдарламалау негіздері мен робототехниканы үйрететін 1000 ІТ сыныбы ашылмақ. Облыстың білім басқармасы басшысы Есенғазы Иманғалиевтің айтуынша, аймақтағы алғашқы ІТ сыныбы 25 мамырда «Мұрагер» мектеп-интернатында ашылады.
тернатында ашылады.
– ІТ сыныптары факультативті түрде жүргізіледі. Бұл жобаны қолдаушылар көп. Келесі оқу жылына дейін балалар мен жеткіншектер сарайында, мектептер мен колледждердің базасында 22 ІТ сыныбын ашу жоспарланған,– деді ол.
Мұндай сыныптарды ашқаннан кейін оларда білім беретін мамандардың болуы заңдылық. Партияның жаңа бастамаларында бұл мәселеде де шешімін тапқандай. Кәсіпорындарда, ІТ-компаниялардың, ірі жоғары оқу орындары базасында ІТ орталықтар ашылады. Жұмыссыз және өз-өзін қамтыған жастар да білім ала алады мұнда. Цифрлық машықтарды дамытатын екі орталық облыста бүгіннің өзінде жұмыс жасап жатыр.
«Sanasoft CO» ЖШС жобалық менеджері Жарас Матаев осы жоба арқылы жұмыссыздар санын азайту мен кадрмен қамту мәселелерін шешуге болатынын айтады.
– Қазіргі таңда «Желілік әкімшілік», «Web-бағдарламашы» мамандықтары бойынша 27 адам оқып жатыр. Оқытудың практикалық жағына мән беріледі және курстан кейін жұмысқа тұрғызу жағынан да қолдау жасаймыз, – деді ол.

Екінші орталық «Furtado plast» компаниясы директорының орынбасары Сергей Кирилловский оқыту орталығында 37 адамның білім алып жатқанын жеткізді. Сонымен бірге, Қарағанды мемлекеттік индустриалық университеті де өздеріндегі халықаралық білім беру консорциумы аясында ІТ мамандарын оқытуға ниеттерін білдірді.
Баспасөз мәслихатына қатысқан облыстың жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Нүркен Біләлов былтыр барлығы 200 адам білім алғанын және олардың барлығы дерлік жұмысқа орналастырылғанын тілге тиек етті.
Партияның «Бизнестің геоақпараттық онлайн қызметі» жобасы арқылы бизнес өкілдері еліміз бойынша бос жер телімдері туралы ақпарат біле алады.
– Кәсібін бастаймын деушілерге жер телімі, олардағы инфрақұрылым, өткізілетін аукциондар туралы ақпараттарды онлайн ала алады. Электрондық карта жылдың соңына дейін іске қосылады деп жоспарлануда,– деді облыс бойынша «Атамекен» аймақтық кәсіпкерлер палатасының директоры.
Мемлекеттік және жекеменшік серіктестігін дамыту – партия көздеген мақсаттардың бірі. Оның қасында мектеп асханаларын жаңғырту, футбол алаңдарын жазда ғана емес, қыста да пайдалана алатындай етіп қайта жасау, төменгі сынып оқушылары үшін денсаулық сабақтарын өткізу сияқты жобалар бар. Бұл мәселеге қатысты пікір білдірген Е.Иманғалиев мектептердегі тамақты бір жерден жасап, тасымалданатындай жүйе енгізілетінін айтты. Себебі, асханалардағы сапасыз тағамдарға қатысты талап-тілектер көп түседі екен. Жекеменшік серіктестермен, кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп аталған жобаларды іске асыру үшін жұмыстар басталып кеткен көрінеді. 
Үштілділік саясатын жүзеге асыру оны үйренушілерге тілдік ортаны қалыптастырумен байланысты. Бұл бағытта шет елдерде болып келген қазақстандық және шетелдік мамандарды шақырту арқылы жұмыстар жүргізілмек. Ауылдық жерлерде ағылшын тілін оқытатын клубтарды ашу қолға алынбақ. Жазғы лагерьлерде де тілді үйрету жүргізілетін болады.
Мысалы, биыл Ақтоғай ауданындағы «Факел» жазғы лагерінде шет тілін арнайы үйрететін болады. Жаңғыру еліміздің кітапханаларын да айналып өтпейді. Жоспарланғандай, бірыңғай онлайн кітапханалар жүйесі іске қосылса, оқырман кез келген кітапхана қорындағы еңбектерді онлайн оқи алатын болады. Ол үшін қағаз бетіндегі барлық кітаптар электрондық форматқа енгізіледі. 
Облыстың мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Еркебұлан Мүліков бұл жобаны кітапханалардағы оқырман санының аздығымен және өзекті шығармалардың барлық кітапханаларда бола бермейтіндігімен байланыстырады.
– Кітаптарды электрондық форматқа көшіру бірнеше жыл бұрын қолға алынған. Онлайн оқу ғылыми жұмыспен айналысатындарға, қарапайым оқырманға да тиімді болмақ. Артық уақыт кетірмейді, кітап сатып алу қажеттілігі болмайды,– деді ол.
Сонымен қатар, ол облыстың бірқатар кітапханаларда білім орталықтары, яғни, коворкингтер ашылатынын тілге тиек етті. Жастар саясаты – партияның үнемі назарында болатын бағыттардың бірі. Бұл орайда, «Жас Отан» жастар қанаты жастардың белсенділігін арттыруға бағыттаған жұмыстарға кірісіп кеткен. Жастар қанаты облыстық филиалының төрағасы
Нұржан Жетпісбаев, белсенділер форумын өткізу, «Сакралды Қазақстан»  бағдарламасы бойынша жастардың экспедициялары, жас көшбасшылардың мектебін құру, «Бес асыл іс» жобасын жүзеге асыру туралы тоқталды.
Партиялық бастамаларды іске асыру арқылы тұтас қоғамды жаңғыртып, еліміздің стратегиялық мақсаттарына қол жеткіземіз. Ол сіз бен біздің өміріміздің ажырамас бөлшегі.

Жансая ОМАРБЕКОВА,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button