Жаңа жәдігерлермен толықты
Теміртау қаласындағы тұңғыш Президенттің тарихи – мәдени орталығы мұражайы қоры жыл сайын жаңа экспонаттармен толығып тұрады. Оларды Қарағанды облысының тұрғындары тапсырып тұрады екен. Мұндағы алты залда 3 мыңнан астам экспонат бар. Жыл сайын олардың саны өсіп келеді. Төрт жыл бұрын ашылған мұражайға 100 мыңға жуық адам келіп үлгеріпті.
Теміртау қаласындағы заманауи архитектураның озық үлгілерінің бірі болып саналатын, қазақтың кигіз үйінің дизайнына ұқсастырып салынған бұл орталықта тұңғыш Президенттің өмір жолы өзек болған.
Қазақстан Президентінің жұмысына және қызмет бабымен көтерілуіне бастау болған 60-жылдардың аяғында ең жігерлі, көңілі алаң қазақстандықтарды өзіне қызықтырып тартқан Қазақстан Магниткасының құрылысы еді. Теміртауға келген сапарында Президент Назарбаев: «Магнитканың тарихы, Теміртаудың тарихы, оның адамдарының тағдыры менің тағдырым -мен біте қайнасқан. Егер де менің өмірімде Магнитка мен Теміртау болмаса, мен ешқашанда Президент болмас едім», деген еді. Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығы Теміртау қаласында 2011 жылдың 22 қарашасында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қатысуымен ашылды. Мәдени ошақты өркендету жұмыстарынан Елбасымен қызметтес болған әріптестері де тыс қалмайды. Биыл, 1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күніне орай олар жаңа сыйлықтар жасады. Елбасының қызметтестері Тұңғыш Президент мұражайына жаңа кітаптар мен суреттерді табыстады. Қарттар бұл фотосуреттер әрқайсымызға аса қымбат болғанымен мұражайға қажеттірек, – дейді. Көзкөргендердің алып келген сыйлықтары Президенттің Магниткадағы жұмысына арналған залында салтанатты түрде табысталды. Елбасымен қызметтес болғандар қабырғада ілінген суреттерден өздерін көріп қуанды.
Жұлдыз ТОЙБЕК