Жаңалықтар

Жаңа өзгерістердің бастауы

Президент сайлауы – Қазақстан үшін аса маңызды саяси оқиға. Ішкі тұрақтылық пен бейбіт өмір біздің негізгі мақсат-мүддеміз ғой. Өтпелі кезең тыныш болғанымен, халық көкейінде алаңдаушылық сезімнің бары анық. Ал, Мемлекет басшысының үндеуі сол күдікті сейілтті. Сайлау мерзімінің бекітілуі – дер кезінде қабылданған шешім.

Тәуелсіз Қазақстан әлемге ұлтаралық татулық пен келісімнің жарқын үлгісін көрсетті. Бұл сөзсіз Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы саясатының жемісі. Қазақстан адамдардың құқықтары мен бостандықтары қорғалған, демократиялық мемлекетке айналды.

Сайлаудың ашық, таза әрі адал болуы – Ата заңның басты талабы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған үндеуінде кезектен тыс өтетін Президент сайлауында заң талаптарының толық орындалуына кепіл болатынын айтты. Бұқара халық ел ертеңіне бей-жай қарамайды. Алдағы сайлауды ынтымақ-бірлікте өткіземіз деген сенімдемін.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз өкілетігін тоқтататынын мәлімдеген кезде: «Біз әлемнің бір орында тұрмай, үнемі өзгеріп жатқанын көріп отырмыз. Жаңа мүмкіндіктермен қатар, жаһандық жаңа технологиялық және демографиялық сын-қатерлер туындап, әлемдік тәртіп тұрақсыздана түсуде. Әрбір ұрпақтың атқаратын өз міндеттері бар. Мен және менің замандастарым еліміз үшін қолдан келгеннің бәрін жасадық. Оның нәтижелері өздеріңізге белгілі. Әлем өзгеріп, жаңа буын келеді. Бұл – табиғи процесс» деген болатын. Расымен де, әлем бір орында тұрмайды. Дамуды ойлаған мемлекет бір орында тұрақтап қалмай, үнемі ілгері баса білуі керек. Сондықтан да, Қазақстандағы кезектен тыс өтетін Президент сайлауын қолдаймын және бұл ел тарихындағы жаңа өзгерістердің бастауы болады деген сенімдемін.

Деспина Касапиди,

Қарағанды облысы ҚХА мүшесі,

Теміртау қаласындағы «Понтос» этномәдени бірлестігінің төрағасы

Басқа материалдар

Back to top button