Жаңалықтар

Жаңа Заң – жаңа талап

Өңірлік коммуникациялар қызметінде «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне адвокаттық қызмет және заң көмегі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңдарына арналған баспасөз мәслихаты өтті.

Ағымдағы жылдың 5 шілдесінде Елбасы «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне адвокаттық қызмет және заң көмегі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңдарына қол қойған болатын. Заңдар азаматтардың білікті заң көмегін алу кезіндегі конституциялық құқығын іске асыруда олардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғауды нығайтуға, сондай-ақ, білікті заң көмегін көрсету механизмдерін жетілдіруге бағытталған.

 – Білікті заң көмегімен қамтамасыз ету мәселесі осы саладағы бірқатар проблемаларға байланысты туындаған, – дейді, Әділет департаментінің басшысы Асхат Жүсіпов. Яғни, заңгер мамандығы өкілдерінің көрсететін заң көмегі сапасының жеткіліксіздігі, азаматтарды адвокаттар мен жеке тәжірибедегі заңгерлердің жосықсыз әрекеттерінен қорғау механизмінің жоқтығы, ұдайы біліктілікті арттыру қажеттігі, адвокаттардың жетіспеушілігі, адвокаттар алқасы қызметінің ашықтығының болмауы, адвокаттар алқасы төрағаларының ауысу механизмінің жоқтығы және адал бәсекелестіктің болмауы. Заң жүзеге асар болса, толыққанды және маңызды сатылы реформаны, тұрғындарға жоғары білікті мамандардың қолжетімді және сапалы заң көмегі көрсетілетін болады.

Енді «заң консультанттары» деп аталатын, жеке тәжірибедегі заңгерлердің қызметі оларды палаталарға біріктіру арқылы реттелетін болады. Сондай-ақ, заң көмегінің сапасы мен заңгерлердің кәсіптік тәртібінің стандарттары белгіленіп, тұрғындарға көрсетілетін заң көмегінің сапасы да бақыланады. Ал, қызметін адал атқармаған заңгерлер жауапқа тартылып, сапасыз көмек көрсетуге тосқауыл қойылады.

Жаңа заң бойынша азаматтар көрсетілген сапасыз заң көмегі үшін сақтандыру өтемін де ала алады, ол 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілмек.

Егер осы уақытқа дейін тілек білдірушілердің бәрі 800 мың теңге жарна төлеп, адвокат бола алса, жаңа Заң бойынша алғашқы жарнаның болмауы адвокаттық қоғамдастықтың қатарын толтыруға, осы кәсіпке жас заңгерлердің көптеп келуін қамтамасыз етуге, бәсекеге қабілеттілікті және заң қызметін көрсету сапасын көтеруге мүмкіндік береді.

 Адвокаттық ордердің жойылуы адвокатура қызметін оңтайландырады, атап айтқанда, адвокаттарды адвокаттық ұйымның басшылығына тәуелді қылмайды, олардың уақыт шығынын азайтады деп күтілуде.

Жаңа заң жобасының тағы бір жаңалығы – ендігі жерде «pro bono – қоғам игілігі үшін» деген тәжірибе енгізілмек. Соған сәйкес, халықтың әлеуметтік әлсіз топтарына заңгерлік қызмет тегін көрсетіледі. Мұндай көмек тараптардың ерікті келісіміне негізделеді және тегін. Бұрынғы Заң бойынша адвокаттар бұл санаттағы адамдарға тегін қызмет көрсеткенімен, қаржысы мемлекет есебінен аударылатын. Енді, тегін заң көмегі өтеусіз негізде жүргізілмек.

Заңда сондай-ақ, рәсімдердің ашықтығын қамтамасыз ету, әділдік және ең бастысы заң көмегінің сапасын арттыру мәселелері де қарастырылған.

Салтанат ИЛЬЯШОВА,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button