Жаңалықтар

Жаңа технология: қалдықсыз өндіріс

Жуырда «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағында орналасқан «Recycling Company» ЖШС қолға алған ескі көлік құралдарын толығымен жоятын зауытқа бас сұғып, тыныс-тіршілігімен таныстық.

2015-2019 жылдарға арналған индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асып, іргесі қаланған зауыттың Орталық Азияда теңдесі жоқ. Бұл Қазақстандағы қайта өңдеу саласындағы ірі жобалардың бірі болып отыр. Жоба ең алдымен халықтың денсаулығын сақтап, қоршаған ортаны қорғауға бағытталған. «Recycling Company» ЖШС атқарушы директоры Әзімжан Оспан зауытты аралатып көрсетіп, жұмыс жағдайымен жете таныстырды.
Зауыттағы кідірісіз жұмыс істеп тұрған техникалардың қызметіне ерекше қызығушылық білдірген бізге дайындалатын өнімдердің артықшылығын айтып өтті. Оның айтуынша, жаңа зауыт индустрия әлемінде цифрландыру талаптарына жауап беретін заманауи италияндық қондырғылармен жабдықталған. Кешеннің барлық жұмысын компью-терлік жүйе бақылайды. Интернеттің көмегімен Ing. BONFIGLIOLI (Италия) компаниясының диспетчерлік қызметіне жүгінсеңіз, орын алған келеңсіз жағдайларды ретке келтіру жөнінде кеңес беріп, көмек ұсынатын көрінеді. Жобаның бірінші және екінші кезеңдегі құны – 3 миллиард 400 миллион теңгені құраған екен. Италияның «Bonfiglioli» өндірушісі шығарған шредерлік құрылғы тозығы жеткен көлікті жойып, металл ретінде қайта өңдейді. Шредерлік кешеннің өндірістік қуаты жылына 50 мың ескі көлікті жоюға қауқарлы. Аталмыш құрылғы бір сағатта 20 көлікті металға айналдыра алатын мүмкіндігі бар. Дәл осындай заманауи құрылғы бүгінгі таңда АҚШ, Италия және Еуропаның басқа да елдерінде кеңінен қолданылып келеді.
– Бүгінде зауытта 120-ға жуық жұмысшы еңбек етуде. Алдын ала есеп бойынша, кәсіпорын толығымен іске қосылғанда зауыт жыл сайын 22 740 тонна қара және түсті металл, 2 млн. 100 шаршы метр синтетикалық газ, 16 000 тонна пиролизді отын, 3 300 тонна резеңке ұнтағын алатын болады деп жоспарланған. Біз сол межеден шығуға тер төгеміз. Индустрияландыру ілгерілеуге бастады. Экономикалық сала арасында мультипликативті мүмкіндік ұлғая түсетіндігіне сенімдімін. «Үздік инновациялық жоба» номинациясында «Recycling Company» ЖШС жүлделі болды. Мұның өзі бізге ерекше жігер сыйлады,– дейді Әзімжан Оспан.
Сапар барысында зауыттың жоғары мүмкіндігін көріп, көңілге түйдік. Талаптары да жоғары. Мәселен, көлігіңіздің толықтай жабдығы болса, 150 мың теңге, егер, бір жабдығы кем шықса, 48 мың теңгеге бағаланады. Ақшалай алмай, сертификат аламын десеңіз, сертификат жеңіл көліктерге 350 мыңнан басталады. Ал, ауыр көліктерге 650 мыңға дейін барады. Берілген сертификатпен жаңа көлік алғанда, жеңілдік ретінде көрсетілген баға қысқартылады.
Бұған дейін ескі көліктер мамандардың тексеруінен өтеді екен. Бұл жерде мамандар көліктерді аккумляторынан ажыратып, май-суларын құйып алады. Осыдан кейін ескі көліктер алып техниканың көмегімен сығымдалады. Сығымдалған көлік төрт бұрышты қалыпқа түседі. Технология тілімен айтқанда, брикет жасалады. Бір байқағанымыз зауыт ауласы жеңіл машинаға толы. Жоюға ең көп тапсырылған көліктер – кеңестік кезеңде шығарылған көліктер. Тау-тау болып үйіліп жатыр. Көбі бұрынғы «Жигули», «Москвичтер». Арасында бірен-саран «Мазда», «Опель», «Ниссан» сынды шетелдік маркалы көліктер де бар.
Одан кейін сығымдалған материалды ұсақтауға арналған цехқа жөнелтеді екен. Мұндағы көлікті қамырша илейтін диірменнің қос барабаны бар. Көз алдыңа бидай тартқан диірменді елестеді. Өйткені, осы жерде брикеттелген техника ұсатылған материалға айналады. Осында ұнтақталып, сұрыпталады. Сағат бойы тамашалағанымызда бұл ұнтақтау цехы 15 көлікті жай ғана темір-терсекке айналдырып үлгерді. Өндірістің екінші кезеңі ұсақталған түрлі металдарды балқытуға арналған индукциялық пеш көмегімен іске асады екен. Мамандар «Шредер» деп аталатын қондырғыға салып, балқытады. Оның өзінде, алюминий, болат, түсті металдарды сұрыптап, балқытып қалыпқа құяды. Содан кейін балқытылған өнімді өндіріс үшін пайдалануға жібереді. Осы жерде айта кетері, өндірістік циклда жарамсыз пластик пен резеңке ұнтақ қалдықтарынан көмірсутектер мен оларды өңдеп шығару да қарастырылған. Әзірге, пластик пен резеңке ұнтақ қалдықтарын қоймаға жиыстыруда. Алдағы кезеңдерде қайтадан кәдеге жаратамыз деп жоспарлап отыр. Сондай-ақ, газ бен мазут отынын шығаратын пиролизді кешеннің жұмысы да таңданысымызды тудырды. Пиролизді цехта пайдаланыл­ған машина майы қайта өңдеуден өтіп, одан солярканы алмастыратын жанғыш сұйықтық алынады. Бүгінде зауыт кәсіпорынды жылумен қамту үшін өз қажеттіліктеріне жарататын және пешке қажетті жанармай шығарып отыр.
Елбасы айтқан отандық тауарларды өндіруді бұл зауыт жолға қойғандығы анық аңғарылып тұрды. Жұмыс күшін қысқартпауды, кәсіпорын жұмысын тоқтатпауды, қажет болса өндірістік қуатын еселеуге дайын.
«Recycling Company» ЖШС атқарушы директоры Әзімжан Оспанның айтуынша, қазіргі уақытта жаңа зауытты шикізатпен қамтамасыз етуге жеткілікті көліктер бар. Ай сайын 5 мыңнан аса көлік қабылдайтын көрінеді. Ескі көліктерді қабылдау әлі де жалғасып жатыр. Бүгінде республиканың барлық қаласында ескі автомобильдерді қабылдайтын 17 бекет жұмыс істеп тұр.

Нұрдос КӘРІМ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button