Жаңа қойылым көрерменін күтеді
К.Станиславский атындағы облыстық орыс драма театры жаңа қойылымға дайындық үстінде. Жазушы Анатолий Приставкин әңгімесінің желісімен «Ночевала тучка золотая» спектаклінің премьерасы наурыз айында болады деп жоспарланып отыр. Қойылымды Санкт-Петербургтен келген режиссер Анна Троянова сахналайды.
«Ночевала тучка золотая» спектаклі – өмірбаяндық әңгіме. Бұл – Анатолий Приставкиннің әлемге белгілі ең танымал туындысы. Кітап 30-дан астам тілге аударылған. Көптеген театрдың сахнасында аталған туындының негізінде қойылымдар сахналанғанын атап өткен жөн.
Анна Троянова спектакль жанрын өткеннен сабақ алу, құрметпен қарау туралы заманауи астарлы әңгіме ретінде сахнаға дайындауда. Материал күрделі, бірақ, театр көрерменге ой салуды көздеп отыр. Қойылым көрерменді өткен ғасырдың 40-жылдарына жетелейді. Соғыстан кейінгі қиын кезеңдерге қарамастан, адамдар қалыпты өмір сүруді жалғастырды. Жек көру сезімінен аулақ болып, сүю, дос болу сынды асыл қасиеттерді сақтап қалуға тырысты.
– «Ночевала тучка золотая» – сахна тіліне аударған ең қиын прозалық материалым. Бұл спектакльдің өз әлемі бар. Атап айтсам, балалар әлемі, жастық шақ және спорт. Көптеген оқиғалар болады, бәрі бірізділікпен жылдам өрбіп отырады. Егер, әңгімеде қандай да бір оқиға бірнеше айға созылса, бізге бірнеше минутқана кетеді. Бұл бар жылдамдықпен жүйткіп бара жатқан пойыз сияқты. Динамика мен пластика көп. Пластикалық шешімдер де біршама. Мұны хореография да, би де емес, актерлер көрермендермен сөйлесетін өзара түсінісу тілі деп ұққан жөн. Меніңше, бұл – өте қажет. Біздің спектакль барлық жастағы көрермендерге арналған, – дейді режиссер.
Пластикалық жағына жауапты режиссер Анастасия Чистюхина сахнада абсолютті эклектика болатынын алға тартады.
– Күнімізді тренингтерден бастаймыз. Бұл актерлерді жақсы көңіл күйге және әр күні пысықтайтын белгілі бір көріністі меңгеруге жетелейді. Кейіпкерлердің қозғалысының әр түрін – хореография, акробатика, аула ойындарын қолданамыз, – деп атап өтті Анастасия Чистюхина.
Актерлер қауымы үшін де мұндай қойылымда рөл сомдау оңай емес.
– Қойылымдағы өмір көріністерін алдымен жүрегімізден өткіземіз. Бұл тиімді, символдық әрі органикалық тұрғыдан әдемі болады. Көрермендерге ұнайды деп үміттенеміз, – деп бөлісті актриса Валентина Шматенко.
«Ночевала тучка золотая» спектаклінің премьералық көрсетілімдері 16 және 17 наурызда өтеді.
Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz