АймақБалқаш

Жаңа форматтағы жарқын жүздесу

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жұмыс сапарымен Балқаш қаласында болды. Шаһардың әлеуметтік экономикалық жағдайымен және мемлекеттік бағдарламалар аясында жүргізіліп жатқан құрылыстармен танысып, бірқатар нысандарды аралады. Басқарма басшыларының қатысуымен жергілікті тұрғындарды жеке қабылдады.

Балқаш қаласы

Басты проблема – су, жол, жылу

Ең алдымен аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтағы жобалардың барысымен танысты.

Қазіргі таңда қалада негізгі мәселе – су жүйесі, жол. Су құбырын жүргізбей тұрып, жол жөндеу­ге асығу қажет еместігін назарға салды. Өйткені, көпшілік көріп жүргендей, бірінші жолда асфальт болған, кейін оны қазып су құбырын жүргізген. Аталған проблеманы шешу мақсатында Балқашта су құбыры желілерін ауқымды реконструкциялау жалғасуда. Олардың тозуы 85%-дан асады. Үш жыл ішінде 124 шақырым құбыр ауыстырылады және бұл көпжылдық су мәселесін шешуі тиіс.

– Біз өткен жылы шамамен 9 шақырым салдық. Биыл 30 шақырым ауыстырылады. Заманауи материалдар пайдаланылады. Бұл жобадағы қазақстандық өнімдер үлесі – 100%. Бірінші кезекте жұмыстар келесі жылы жолдары жөнделіп, абаттандыру басталатын көшелерде аяқталады, – деді Балқаш ТКШ бөлімі абаттандыру және коммуналдық шаруашылық секторының меңгерушісі Жанәли Шпекбаев.

Балқашта 12 көшеде жол орташа жөндеуден өтеді. Келер жылы шамамен сегіз көшені қамту жоспарлануда. Тротуарларды жөндеу, жол жиектерді орнату және асфальттау инженерлік желілерді толық ауыстырғаннан кейін жүргізіледі. Сондай-ақ, биыл қалада 18 аула абаттандырылады. Олар заманауи балалар ойын алаңдарымен, футбол алаңдарымен, тренажерлармен жабдықталады, жарықтандыру жүргізіледі. Осы жылдар ішінде алғаш рет Балқаштың жалпы сәулеттік келбеті жаңарады. Қалада 30 көпқабатты үйдің шатыры мен қасбеттерін жөндеу жұмыстары басталды. «Қоңырат» шағын ауданында 10 үйдің шатыры жаңартылады. Балқаштағы жылумен жабдықтаудың ең осал учаскесі – Әбуғалиев көшесіндегі магис­тральдық жылу желісі. Құбырлардың тозуына байланысты бұл жерде апат жиі орын алып тұрады. Мәселені шешу үшін учаскеде 30 метр құбыр ауыстырылды, компенсаторды бөлшектеу, жөндеу және монтаждау жұмысы жүргізілген.

Балқаш жағалауы да абаттандырылуда. Жоба аллеяларды, тротуарларды абаттандыруды көздейді. Балалар ойын және спорт алаңдары, велосипед жолы пайда болады. Жағажайда шағын архитектуралық формалар, күркелер, орындықтар, әткеншектер, мүсіндер, спорттық жабдықтар, көше тренажерлары, балалар ойын кешендері, велосипед тұрақтары мен урналар орнатылады.

Сонымен қатар, облыс басшысы мемлекеттік-жекешелік әріптестік арқылы ашылған №2 жаңа емханада болды. Бүгінгі таңда медициналық ұйым 19 мыңнан астам ересектер мен балаларға қызмет көрсетеді. Онда жүріп-тұруы қиын пациенттер үшін қолайлы жағдайлар жасалған, күндізгі стационар бар, жедел жәрдем және әлеуметтік дәріханалар жұмысы бір жүйеге келтірілген.

Балқаш қаласы

Жаңа емхана 19 мың адамға қызмет етеді

Пайдалануға берілген №2 емхананың директоры Айнагүл Күлембаеваның айтуынша, осыған ұқсас жоба Қарағанды және Теміртау қалаларында іске асырылған.

– Емхананың құрылысы 2021 жылдың наурызында басталып, 2023 жылдың мамырында аяқталды. Жаңа емханада 19 мыңнан астам ересектер мен балаларды қабылдау жоспарлануда. Емханада 168 қызметкер бар. Оның ішінде, дәрігерлер – 32, орта медициналық персонал – 96, кіші медициналық персонал – 8, өзге де персонал – 32. Пациенттерге мамандандырылған, білікті, алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетіледі. Емхана құрамында 15 дәрігерлік учаске бар. Және отбасылық денсаулық орталығының кабинеттері, күндізгі стационар, оңалту кабинеті, физио, дәрігерге дейінгі және қарау кабинеттері, зертханалық-диагностикалық қызмет қарастырылған. Мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін медициналық қызметтердің қолжетімділігіне жағдайлар жасалған. Арнайы жолдар, мүгедектер арбасына арналған арнайы көтергіш, лифт, жүріп-тұруды жеңілдететін құрылғылар бар, – дейді Айнагүл Күлембаева.

Екі жарым сағатта 69 мәселе көтерілді

Бұдан кейін облыс әкімі ­М.Хамзин атындағы мәдениет сарайында халықпен жүздесті. Мұндай форматтағы шара қаламызда алғаш рет өтті. Тұрғындарға ыңғайлы болу үшін басқарма өкілдеріне немесе тікелей облыс әкіміне электронды кезек ұйымдастырылды. Күту залында балаларымен бірге келгендер үшін ойын алаңы ұйымдастырылды. Жиынға түрлі ведомстволардың басшылары мен өкілдері қатысты. Олар қала тұрғындарының сұрақтарына жауап берді.

Тұрғындар қаламызда дамуы тежелген және аутизм дертіне шалдыққан балаларға арналған оңалту орталығын ашуды сұрап, облыс әкіміне жүгінді. Стационардағы палаталардың санитарлық жағдайы талқыланды. Денсаулық сақтау басқармасына стоматологиялық қызметтің сапасын жақсартуға ықпал ету жөнінде өтініш-тілек айтты. Қамқор азаматтар жеке секторға суару жүйесін орнатуды, зиратқа баратын жолды жөндеуді, суық суды хлорлау арқылы залалсыздандыру әдісін заманауи әдіске ауыстыруды сұрады. Көгалдандыру, ағаштарды дұрыс кесу мәселесі тағы да көтерілді. Екі жарым сағатқа созылған жиында 69 мәселе көтеріліп, бақылауға алынды.

Ермағанбет Бөлекпаевқа бірінші нөмірлі талонды Тайтөлеу Жұманов бастаған ардагерлер кеңесінің тобы алды. Белсенділер су тапшылығы мәселесін шешуде өз ұсыныстарын айтты. Ал, Балқаш көлінің экологиясын жақсарту үшін қамыс тоғайларынан құтылу мақсатында шығанақтағы бөгеттер жүйесін өзгерту қажет деп санайды.

– Біз таза ауыз суды шамадан тыс көп жұмсаймыз. Бақшаларымызды суарамыз, комбинат та оны санитарлық-тұрмыстық қажеттіліктеріне пайдаланады. Сонымен қатар, бұл суды автокөлік жуу орындары да тұтынады. Мұны реттеу қажет, ондай мақсатқа айналымдағы су пайдаланылуы тиіс, – дейді Тайтөлеу Жұманов.

– Біздің сөзімізге мемлекеттік органдар құлақ асты, барлық ұсыныстарымызды жазып алды. Кездесуге ризамыз, – деді Балқаш қаласының ардагерлер кеңесінің төрағасы. Тұрғындар сонымен қатар абаттандыру, әлеуметтік инфрақұрылым мен жолдардың сапасы, туризмді дамыту мәселелеріне қатысты ойларын жеткізді.

Жер, тариф белгілеу, әлеуметтік көмек қызметі де назардан тыс қалмады. Кейбір тұрғындар «Қазпошта» жұмысына шағымданды. Балқаштағы абоненттерге газеттер кешігіп жеткізілетіні айтылды. Елге елеулі еңбек еткен тұлғаларды ұлықтау жұмыстарын жолға қою керектігі де тілге тиек етілді. Қаладағы білім беру ісінің бастауында болған белгілі ұстаз Зинитулла Далибаевтың есімін ұлықтауды сұрады.

Балқаш қаласы

Кездесуге Алматыдан келген қоғам қайраткері Әйгерім Тілеубай экологиялық қауіпсіздік жобалары туралы айтып берді. Ол пікірлестерімен бірге Балқаш көліне қамқорлық жасауға бағытталған мектеп ұйымдастырған. Балқаш қаласының белсендісі Анар Адамбекованың пікірінше, кездесулердің жаңа форматы тұрғындар үшін қолайлы.

– Тұрғындар үшін кездесудің тиімділігі маңызды. Мұнда барлық құрылымның басшылары бар. Егер жауапқа қанағаттанбаса, олар аймақ басшысына тікелей жүгіне алады. Бұл дұрыс деп санаймын, әр мәселе өз деңгейінде шешілуі тиіс, – деп атап өтті Балқаш қаласы әкімінің кеңесшісі Анар Адамбекова.

Сондай-ақ, кездесуге келген тұрғындар автобустың тарлығы, көл суының тартылуы, экология мен саяжайлардың жағдайы және өзге де мәселелер жөнінде сұрақтар қойды.

Облысы басшысы 10 мың тұрғынның өтініші бойынша Балқаш қаласының Жұмысшылар қонысы мен 64 орамға қатысты жоба қабылданып, сараптама жасалып жатқанын атады. Ол үшін 11 млрд.теңге қаржы қарастырылмақшы.

Облыс әкімінің жұмыс сапары Шашубай кентінде түйінделді. Өңір басшысы кезекте тұрғандар үшін 96 пәтерге арналған тұрғын үйді, қазандықты қалпына келтіру, абаттандыру барысымен ­танысты.

Нұрдос КӘРІМ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button