Жаңа дәуірге байыпты қадам
Үкімет пен атқарушы органдар мемлекеттік бағдарламалардың орындалуына жауапты болса, Парламент пен қоғам соны қадағалауға міндетті. Біз әлем картасындағы орнымызды сақтап қалу үшін уақыт сұранысына сай шешім қабылдап, әр басқан қадамымызды таразылап, алға зор үмітпен қарай білуге тиіспіз.Елбасы Н.НАЗАРБАЕВТЫҢ әр жыл сайынғы Жолдауында көрініс тауып, елімізде халық жағдайын жақсарту, ұрпақ болашағы үшін істеліп жатқан осындай реформаларды қолдап, атсалыссақ – болашағымыз баянды болатыны анық.
Жетпіс жыл бойы билік еткен Кеңестер Одағы бір күнде ыдырағанда халқымызға болашақ бұлыңғыр болып көрінді. Еліміздің ұлттық валютасы, әлем мойындаған шекарасы болмады. Жас мемлекет алдында өзін әлемге таныту үшін, егемендігін сақтап қалу үшін қиын да, ауыр соқпақ жолдар тұрды. Сондай ауыр жылдары Елбасымыз бағыт-бағдарды дұрыс таңдап, ауыр күйзелістен алып шығуы үлкен ерлікке пара-пар.
Еліміздің тарихындағы маңызды құжат – «Қазақстан – 2030» стратегиясы болса, ұлттық валютамыз – теңгенің пайда болуы егемендігіміздің нышаны болды. 1991 жылдан Елбасымыз бастаған әр қадам, әр сөзі мен айтқаны туған елі мен халқының арман-мүддесінен, жалпы қазақстандықтардың мақсаттарынан туындап жатты.
Еліміздің жаңа елордасы – Астана қаласының іргесі қаланды, Саммит, Универсиада өткіздік. Әлем Қазақстанды сан қырынан таныды. Экономикамыз өрлеп, болашағымыз жарқын екенін білдік. Ең бастысы – еліміздің бірлігін сақтап қалдық.
Халықтың сенімін ақтай білген басшының алдағы жылға арнаған Жолдауында болашаққа деген бір шуақ бар екенін көрсетті тағы. Елбасы атап өткендей, Қазақстанның бірінші жаңғыру кезеңіне Тәуелсіздік алған жылдардан бастап, оған экономикамыздың нарыққа көшуін, мемлекетіміздің жас мемлекет ретінде құрылуын жатқызамыз. Екінші жаңғыруымыз «Қазақстан-2030» стратегиясының қабылдануымен, жаңа елорда – Астананың салынуымен ерекшеленеді. Халық та Елбасына зор үміт арта білді. Ендігі міндет, заманауи технологиясы дамыған бәсекелестік заманда тоқтап қалмай, жаңа дәуірге ену. Сол себептен, еліміздің үшінші жаңғыруы болып табылатын биылғы Жолдауда басты қадам ретінде – экономиканың технологиялық жаңаруы, инновациялық дамуы, «Цифрлық Қазақстан» жеке бағдарламасы көтерілді.
Еркін ШАЙМАҒАНБЕТОВ,
Қарағанды облысы бойынша қазынашылық Департаментінің Октябрь аудандық қазынашылық басқармасының басшысы.