Жаңа Бюджет және Салық кодексі әзірленеді

Жаңа Бюджет және Салық кодекстерін әзірлеу басталды, деп мәлімдеді Әлихан Смайылов Үкіметтің кеңейтілген отырысында.  

Үкіметтің жаңа бюджет-салық саясаты Ұлттық қор активтерін $100 млрд-қа дейін арттыруға мүмкіндік береді.

  • 2030 жылға дейін Мемлекеттік қаржыны басқарудың жаңа тұжырымдамасы қағидаттарын енгізу жүзеге асырылып жатыр.
  • 2023 жылы Ұлттық қордан алынатын трансферттерді 1,4 трлн теңгеге қысқартуға және бюджет шығыстарының өсу қарқынын тұрақтандыруға мүмкіндік беретін контрциклдік бюджеттік қағидалар бекітілді.

– Бюджеттің теңгерімділігі өзінің кіріс базасын ұлғайту және шығыстарды неғұрлым басым бағыттарға шоғырландыру есебінен қамтамасыз етіледі, – деп атап өтті Премьер-Министр.

Бюджет процесі мен салықтық әкімшілендіруді жеңілдетуге, осы бағыттарға жаңа цифрлық шешімдерді енгізуге мүмкіндік беретін жаңа Бюджет және Салық кодекстерін әзірлеу басталды.

– Жалпы алғанда, бюджет-салық саясаты 2030 жылға қарай мұнайға қатысты емес тапшылықты 5%-ға дейін төмендетуге, сондай-ақ Ұлттық қор активтерін $100 млрд-қа дейін өсіруге бағытталатын болады, – деді Әлихан Смайылов.

Сонымен қатар, 2022 жылғы 11 айда бюджетке 908 млрд теңге түскен. Салықтық әкімшілендіруден 772,4 млрд теңге, кедендік әкімшілендіруден 135,6 млрд теңге түсті.

2025 жылға қарай көлеңкелі экономика деңгейін ЭЫДҰ елдерінің деңгейіне 15-17 пайызға дейін төмендету жоспарлануда. Бұл 2022 жылы 19 пайызды құрады.