Жаңалықтар

Жаңа бұйрық жария болды: сабақта ұялы телефон ұстау шектелмек

Сабақ үстінде оқушылар мен мұғалімдердің ұялы телефон қолдануына тыйым салынуы мүмкін. Бұл туралы Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 31 тамыздағы № 385 бұйрығына толықтырулар енгізу туралы құжат «Ашық» НҚА (нормативтік-құқықтық актілер) порталында жарияланды. Бұйрық 28 наурызға дейін жария талқылауда болмақ. Ұстаздар қауымының бір парасы мұндай өзгеріске оң қабақ танытса, енді бірі қарсылығын білдіруде.

Коллажды жасаған А.РАХЫМЖАН

«Білім алушылар білім беру ұйымынан тыс болған кезде білім алушылардың өмірі мен қауіпсіздігі үшін ата-аналары немесе өзге де заңды өкілдері жауапты болады. Білім беру ұйымында оқу-тәрбие процесін және білім беру ұйымынан тыс жерде өткізілетін оқу-тәрбие іс-шараларын өткізу кезінде білім алушылардың өмірі мен қауіпсіздігі үшін жауапкершілік білім беру ұйымы басшысының бұйрығына сәйкес педагогтерге жүктеледі», – делінген құжатта.

Сонымен қатар, жаңа өзгеріске сәйкес мектептің ішкі тәртібіне қарама-қайшы әрекет жасаған оқушылар, олардың ата-анасына немесе заңды өкіліне ескертпестен, мектептен шығарылмайды. «Білім алушы теріс қылықтар жасаған, мектептің ішкі тәртіп қағидалары талаптарын бұзған кезде оны сабақтардан шеттетуге, сондай-ақ, ата-анасының немесе өзге де заңды өкілдерінің қасында еріп жүруінсіз білім беру ұйымынан шығаруға жол берілмейді.

Білім беру ұйымы ата-аналарды немесе өзге де заңды өкілдерді қажет болған жағдайда оларды білім беру ұйымына шақыра отырып, болған жағдай туралы хабардар етеді және тиісті шаралар қабылдайды», – делінген құжатта.

Бұған қоса, сабақ кезінде қажеттілік болмаған жағдайда педагог пен оқушыға ұялы телефон қолдануға тыйым салынады.

«Мұғалімнің шешімі бойынша сабақта оларды қолдану қажеттілігін есепке алмағанда, білім алушылар мен педагогтер сабақтарда мобильді байланыс құралдарын пайдаланбайды», – деген өзгеріс енгізілген.

Мұндай өзгерісті Теміртау қаласындағы «Озат» мамандандырылған ақпараттық технологиялар мектеп-лицейінің биология пәні мұғалімі Арай Ержан қолдайтынын жеткізді:

– Оқушылар мен ұстаздарға сабақ үстінде телефон ұстауға тыйым салу бастамасын қолдаймын. Өйткені, телефон баланың ойын бөліп, алаңдатады. Бұл өтіп жатқан тақырыпты дұрыс меңгермеуге әкеп соғады. Дейтұрғанмен, түбегейлі тыйып тастауға тағы болмайды. Мәселен, мен жұмыс істейтін «Озат» мамандандырылған мектеп-лицейінің ішкі тәртіп ережесі оқушыларға мектепте телефон ұстауға тыйым салады. Егер сабақ барысында қолдану қажеттілігі туындаса, пән мұғалімі сынып жетекшіге ескертіп, телефон қолдануға рұқсат береді. Сабақтан соң қайта тапсыруын қадағалайды. Барлық мектеп осы тәртіпке көшсе, жаман болмайды деген пікірдемін, – дейді мұғалім.

Ата-аналар да балаларының сабақ үстінде телефон ұстауына қарсы. Себебі, «телефон сабақ оқып отырған баланың ойын бөледі».

– Менің төрт балам бар. Үшеуі мектепте оқиды. Біз мектепке балаларымызды оқу үшін, білім алу үшін жібереміз. Сондықтан, сабақты алаңдамай оқығаны керек бізге. Оқушылардың сабақ үстіне телефон ұстауын құп көрмеймін. Санаға салмақ салады. Сабақтан басқа уақытта ұстауына рұқсат, – дейді көпбалалы ана Ләззат Әминқызы.

Көпшілік ұстаздардың емес, оқушылардың сабақ үстінде телефон ұстауына қарсы. Кей ұстаздардың айтуынша, мұғалімдер телефоннан тыйылса, қағазбастылыққа қайта оралуы мүмкін көрінеді.

– Қазір біздің жұмысымыз да ұялы телефонға сыйып кеткен. Мұғалімдердің ортақ чаты, сабақ кестесі, басқа да оқу процесіндегі ақпараттар, тапсырмалар, құжаттар бәрі сонда. Тіпті, сабаққа да қатысты дүниелер телефонда болуы мүмкін. Егер дұрыс мұғалім болса, сабақ үстінде әлеужеліге кіріп, TikTok-ты тамашалап отырмасы белгілі ғой, – дейді мұғалім Санжар Мұқанов.

Айта кеткен жөн, қолданыстағы заңнамада жоғарыда аталған ережелер жоқ. Жаңа өзгерістер қамтылған бұйрық 28 наурызға дейін көпшілік талқылауында болады. Қазіргі күннің өзінде Ашық НҚА порталындағы талқылауға 12 адам пікір жазып, 1683 адам бұйрыққа енгізілетін өзгерістермен танысқан.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ,

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button