Білім ошақтарында

Жаңа Қазақстан – жас ұрпақ

Бұқар жырау ауданының «Руханият» қосымша білім беру орталығы – ЮНЕСКО Клубы Алаш арысы, қазақ тіл білімінің негізін қалаушы Ахмет БАЙТҰРСЫНҰЛЫНЫҢ «Біз әуелі елді түзеуді бала оқыту ісін түзеуден бастауымыз керек» деген аталы сөзін негізге алып, тағылымды шара өткізді.

Бұқар жырау ауданының «Руханият» қосымша білім беру орталығы – ЮНЕСКО Клубының бұл күні күнделікті жұмыс күнінен ерекше болды. Қарағанды қаласы №2 Балалар саз мектебі – ЮНЕСКО Клубының хатшысы Б.Жапарова, «Мұрагер» мамандандырылған мектеп-интернаты – ЮНЕСКО Клубынан Т.Қуандықова, №1 «Білім-Инновация» лицей- интернаты – ЮНЕСКО Клубынан Д.Абдрахман, Тәттімбет атындағы Қарағанды өнер колледжінің директоры Б.Ермұхамбетов, орынбасары Ж.Айапбергенова, Доскей ауылының «Мирас» балалар өнер мектебінен Б.Досмағамбетова, М.Зекенова, Ғ.Мұстафин кенті «Балалар музыка мектебінен» А.Демежанова сияқты құрметті қонақтарды Орталықтың директоры Г.Нурманова қарсы алып, клубтың жетістіктерімен таныстырды.

«Қосымша білім беруді дамытудың инновациялық моделі» тақырыбындағы семинардың алғашқы бөлімі Орталық ұстаздарының мастер-кластарымен басталды. Жыр-терме сыныбының ұстазы, айтыстың ақтаңгері Д.Қами «Зердең болса зейінің, жаттауға артар бейімің» атты мастер-класында сабақта қолданатын озық әдістерімен бөлісті. Театр сыныбының ұстазы Серік Сұлтан «Қозғалыс темпаритм» тақырыбында тренинг өткізіп, үздік үлгілер көрсетті. Республикалық байқауларға шәкірт баптап, жүлдесіз қайтпайтын шебер хореграф Э.Қыстаубаева «Халық биі стиліндегі экзерис» тақырыбында ашық сабақ өткізді.

Жуырда ғана ашылып, бірден оң нәтиже көрсетіп жатқан техно орталықтың Hі- Tech сыныбының ұстазы «Дәстүрден тыс бейнелеу техникасы», ағылшын тілі ұстазы «A one day of my life» Adverbs of frequency», сәндік-қолданбалы өнер сыныбының ұстазы «Ұлттық нақыштағы заманауи сәндік бұйымдар жасау әдістері», Робототехника «Лабиринт және кегельринг бағдарламасы» тақырыптарын қамтып, журналистика сыныбының ұстазы да өз кезегінде ерекше техникалармен бөлісіп, қонақтарды тәнті етті. Орталық ішінен ашылған техно орталық ашылғанына көп болмаса да, шәкірттер қатары көп екенін атап өту қажет.

Ал, семинардың екінші бөлімі А.Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған «Жаңа Қазақстан – жас ұрпақ» атты концерттік бағдарламамен ұласты. Орталық ұстаздары мен тәрбиеленуші шәкірттерінің бірлесіп көрсеткен өнері әр көрерменнің көңілінен шықты деген ойдамын. Екі сағатқа созылған бағдарламада әсем ән де, мың бұралған би де, күмбірлеген күй де, жігерлі жыр мен арқа қоздыратын айтыс та қамтылды. Оған аудан басындағы сынып оқушылары ғана емес, Петровка, Байқадам, Көкпекті, Самарқанд ауылдарындағы орталықтың филиалдарының оқушылары мен ұстаздары да келіп ат салысты.

Жоғарыда айтылған семинардың атауы тегін таңдалған емес екені анық. Шын мәнінде, адам баласы шыңдалуы үшін әрдайым білімін жетілдіріп, жаңартып отыруы қажет. Сонау Ахмет атамыз негізін салған қазақ тіл білімі заман талабына сай түрленіп келе жатыр. Оған орасан зор үлесін қосып, дамыту ардақты ұстаздардың мойынындағы жауапкершілік. Демек, сапалы, саналы, бәсекеге сай, өзге елмен терезесі тең ұрпақ тәрбиелеу үшін біз, ұстаздар мықты болуымыз шарт. Себебі, ұстазы жақсының ұстамы жақсы. Сіз бен біз жас ұрпақты тәрбиелеушіміз. Ал жаңа Қазақстан, сөзсіз, жас ұрпақтың қолында!

Баян ҚҰДАЙБЕРГЕН,

«Руханият» қосымша білім беру орталығы – ЮНЕСКО Клубының ұстазы.

Басқа материалдар

Back to top button