Жаңа қаулы күшіне енеді

Еліміз бойынша Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары, Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстары «қызыл», Түркістан облысы ғана «сары» аймақта. Осыған байланысты әр өңірде карантиндік тәртіп күшеюде. 29 шілдеден бастап біздің аймақта да талап күшейеді. Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңы «Saryarqa» телеарнасының тікелей эфирінде «Қарағанды облысының бас санитарлық дәрігерінің қаулысы» тақырыбында брифинг өтті. Облыстық санитариялықэпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Юрий ЗАЛЫГИН жаңа қаулыны халыққа жеткізіп, сақтық шараларына бей-жай қарамауға шақырды.

Қарағанды облысында коронавирустық инфекциямен сырқаттанудың өсуіне байланысты карантинді күшейту туралы жаңа қаулы қабылданды. Ол 29 шілдеде сағат 24:00-де күшіне енеді.

– Қарағанды облысындағы эпидемиологиялық жағдай тұрақсыз. Күн сайын коронавирустық инфекцияның 750-ден астам жаңа жағдайы тіркеледі. Соңғы екі аптада өсім екі есеге жуық болды. Қосымша шектеулер енгізу туралы шешім қабылданды, – деп атап өтті спикер.

Жаңа қаулыға сәйкес мейрамханалар, дәмханалар мен кофеханалар орналасқан жеріне қарамастан, соның ішінде ашық ауада жұмыс күндері Ashyq көмегімен 07:00-ден 17:00-ге дейін жұмыс істей алады. Ал, Ashyq жүйесіне қатыспайтындарға жұмыс кестесі 07:00-ден 12:00-ге дейін шектелген. Сенбі және жексенбі күндері қоғамдық тамақтану нысандары жабылады, тек азық-түлікті жеткізу және алып кету жұмыстарына рұқсат етіледі. Сонымен қатар, демалыс күндері асханалар жабылады. Ashyq қолданатын сауда орталықтары мен сауда үйлерінің жұмыс кестесі сенбі және жексенбі күндері тыйым салумен жұмыс күндері 09:00-ден 17:00-ге дейін белгіленген.

Сұлулық салондары мен шаштараздар, сондай-ақ, косметикалық қызмет көрсету орталықтары жұмыс күндері 09:00-ден 17:00-ге дейін жұмыс істейді. Ashyq жобасына қатыспайтын нысандардың қызметі тоқтатылады: фитнес-орталықтар, фитнес-клубтар, йогаорталықтар, спорттық-сауықтыру нысандары, сауналар, СПА-орталықтар, бассейндер. Ashyq көмегімен бұл нысандар жұмыс күндері 17:00-ге дейін халыққа қызмет көрсете алады. Ashyq-сыз жұмыс істеуге әлі де тыйым салынған нысандар: кинотеатрлар, театрлар, концерт залдары, бильярд, компьютерлік клубтар (PlayStation клубтарын қоса алғанда), боулингтер, цирктер, лотерея клубтары, караоке. Толығымен тыйым салынған: аквапарктер (оның ішінде оларда орналасқан бассейндер), жағажайлар (оның ішінде рұқсат етілмеген), түнгі және ойын клубтары, ауданы 2 000 және одан да көп шаршы метр жеке тұрған азық-түлік емес дүкендер, аттракциондар (оның ішінде ашық ауада). Олар Ashyq көмегімен де жұмыс істей алмайды. Көрмелерді үй-жайларда да, көшеде де өткізуге болмайды. Туристерді облыс ішінде және облыстар арасында тұрақты емес тасымалдауға рұқсат жоқ. Ұжымдық, салтанатты, отбасылық, естелік (банкеттер, үйлену тойлары, мерейтойлар, еске алу) және басқа да бұқаралық ісшараларды ұйымдастыруға және өткізуге қатаң тыйым салынады.

Брифинг барысында:

– 26 шілдедегі мәліметтерге сәйкес Қарағанды облысында барлығы коронавирустық инфекцияның 53 137 жағдайы, өткен тәулікте коронавирустық инфекцияның 781 жаңа жағдайы тіркелді. 100 мың тұрғынға шаққанда сырқаттанушылық көрсеткіші 3729,2 құрады, оның ішінде симптомдары бар науқастар – 71,3%, симптомсыз вирус тасымалдаушылар – 28,7%, – деген департамент басшысы сақтық шараларына тағы да бір тоқталып өтті.

– Қарағанды облысында эпидемиологиялық жағдай қолайсыз. Осы ретте, бір рет қолданылатын медициналық немесе қорғаныс бетпердесін тағу режимін сақтау қажеттілігін еске саламыз, бетперде мұрынды, ауызды және иекті тығыз жабуы керек. Барлық азаматтар қолды дезинфекциялау үшін антисептикалық құралдарды пайдалануы қажет. Адамдар бір-бірінен кемінде 1,5-2 метр әлеуметтік қашықтықты сақтау тиіс. Сонымен қатар, қол алысудан немесе тікелей байланыстың басқа түрлерінен аулақ болыңыздар, – деді департамент басшысы.

Сонымен қатар, Юрий Залыгин облыс тұрғындарын коронавирусқа қарсы вакцина алуға шақырды.

– Қазақстандағы коронавирустық инфекцияға қарсы кез келген вакцина мақұлданған, қауіпсіз және тиімді. Қолданылатын вакциналар әлемнің көптеген елдерінде қолданылады, сондықтан белгілі бір препараттың жеткізілуін күтудің қажеті жоқ. Дәл қазір бізде бар вакцинаны алу керек. Күнделікті ойланып-толғанған сайын алтын уақыттарыңызды жоғалтасыздар. Әрбір азамат өзі үшін дұрыс шешім қабылдауы керек. Мен денсаулық жағдайына байланысты қарсы көрсетілімдері барларды қоспағанда, барлығына вакцинациядан өтуді ұсынамын. Ұжымдық иммунитетті қалыптастыру үшін халықтың кемінде 70%-ы вакцинациялануы керек, – деді ол.

Қарағанды облысында 27 шілдедегі жағдай бойынша КВИ-ға қарсы вакцинаның бірінші компонентін 371 515 адам, екі дозаны – 238 171 адам алды. Белгілі бір сала қызметкерлері үшін міндетті вакцинациялау мерзімі ұзартылды. Олар вакцинаның бірінші компонентін 10 тамызға дейін, екіншісін 1 қыркүйекке дейін алуы керек. Соңғы үш ай ішінде медициналық қарсы көрсетілімдері бар немесе COVID-19 ауырып жазылған адамдарды егу талап етілмейді.

– Эпидемиологиялық жағдай әрқайсымызға байланысты екенін бәріміз түсінуіміз керек. Барлық сақтық шараларын сақтауды сұраймын. Егер өзіңізді жайсыз сезінсеңіз, жөтел, мұрынның бітелуі пайда болса, дереу медициналық көмекке жүгініңіз, өзіңізді емдеумен айналыспаңыз, – деді департамент басшысы.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ.