Жүз аула жөнделеді

   Биыл Қарағандыдағы аулаларды жөндеуге баса көңіл бөлінбек. Қала әкімінің баспасөз қызметі мәлімдегендей, шаһар бойынша 100 аулада абаттандыру шаралары атқарылады. Бұл – облыс әкімінің тапсырмасымен қолға алынған іс.

Былтыр аймақ басшысы жыл сайын қаладағы 100 ауланы абаттандыру бағдарламасын құруды міндеттеген еді. Бағдарламаға сәй­­кес, ұсқыны кетіп, сынынан айы­рыл­ған Қарағанды аулаларының ажары ашылуы тиіс.

Қала аудандары әкімдіктерінің мамандары жөндеуге жататын аулалар тізімін түзуде тұрғындар тарапынан түсетін шағымдарды есепке алыпты. Аулаларды абаттандыру мәселелері бойынша бірнеше мәрте қоғамдық тыңдаулар өткізген. Сондай-ақ, тұрғын үйлерді заңды басқару формасына назар аударыпты.

Қарағанды аулаларын бір ретке келтіріп қоюдың кезі келгені анық. Әкімдіктегілердің айтуынша, соңғы отыз жылда балғаның даусы естілмеген аулалар жетерлік. Қазір кейбір үйлер арасы қираған құрылғылар мен тұрмыс қалдықтарының қоқыс алаңына айналып кеткен.

Қазыбек би мен Октябрь ауданының әрқайсында елу ауладан жөнделеді.

Асфальт жабыны төселіп, бор­дюрлер қойылады. Жарық шамдары ауыстырылады. Кейде көшеде келе жатып, қолыңдағы қоқысты тастайтын жәшік таппайтының бар. Аулалар осы көрінбей кеткен қоқыс жәшіктерімен қамтылмақ. Демалыс орындары ұйымдастырылып, сәкілер қойылады. Сондай-ақ, көлік тұрақтары ойластырылған.

Қазыбек би ауданы бойынша жүргізілетін жұмыстарға 1 млрд. теңге қарастырылуда. Қазіргі таңда конкурстық шаралар өткізілуде. Қаңтар соңында қорытындысы белгілі болмақ.

Жоспарға сәйкес, жөндеу жұ­мыс­­тары ұйымдастырылатын мекен-жайлар тізіміне Қарағандының қала бөлігінде – 18, Михайловкада – 12, Оңтүстік-Шығыс пен Федоровкада – 20 аула еніп отыр.

Октябрь ауданындағы жөндеу жұмыстары 98634 шаршы метр аумақты қамтымақ. Яғни, осы көлемдегі аумақ асфальтпен жабылады. 52501 шаршы метр жер тротуармен жабдықталып, 748 жарық шамдары бағандары ауыстырылады.

Жұмақан ОЙЫҚБАЕВ,

Қарағанды қаласының тұрғыны:

– Қарағандыға көшіп келгеніме он бес жылдың мұғдары болды. Осы уақытта ауламыздағы бір бор­дюрдің ауысқанын көрмеппін. Балалар ойын алаңының ұсқыны қашқан. Ыңғай қираған, сынған темір-терсек. Балалар ойнайтын жер жоқ. Шөп өсіп, бұта басып кеткен. Күл-қоқыстың ортасына айналды. Үйдегі бүлдіршідер ойнауға шықса, алаңдап отырамыз. Жақында әкімдіктің өкілдері келіп, жақсы жаңалық жеткізді. Биыл ауламыз жөнделеді екен. Қуанып қалдық. «Бәрекелді!» деп отырмыз.

Сөйтіп, қала басшылығы қолға алған бастама жұрттың ыстық ықыласына ие болуда. «Іске сәт!» делік.

Нұрқанат ҚАНАФИН

ҚАРАҒАНды қаласы.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.