ЖаңалықтарОблыс әкімі

Жұрт қалтасын жұқартпаған жәрмеңке

    Өткен сенбіде облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВТЫҢ тапсырмасымен Қарағанды қаласының Оңтүстік-Шығыс шағын ауданындағы Республика даңғылы мен Мұқанов көшесінің қиылысында Жамбыл облысы мен Қырғызстаннан көш түзеген «Жасыл керуен – 2017» жәрмеңкесі қанат жайды.

Аймақ тынысына атүсті қарамайтын облыс басшысы Ерлан Қошанов бұған дейін өңіріміздегі азық-түлік бағасының қымбаттығын сынға алған еді. Тұрғындарымыз тұтынатын азық-түліктің алдыңғы қатарында ет, сүт, жұмыртқа өнімдері мен көк­өніс бары белгілі. Қазіргі күні сауда орындарында картоптың құны 150 теңгеден жоғары болмаса, кем емес. Еттің бағасы да елжірете қоймайды. Жұртшылық жағдайын жіті бақылауда ұстаған өңірдің жаңа басшысы «Жасыл керуеннің» жәрмеңке ұйымдастыруына ұйытқы болыпты.

Облыс басшысының тапсырмасымен биылғы жылы «Жасыл керуен – 2017» алғаш рет Қарағандыға ат басын тіреді. Мұнда барлығы 60 тонна көкөніс жеткізілді. Соның ішінде, картоп – 25 тонна, қырыққабат – 10 тонна, сәбіз – 15 тонна, пияз – 5 тонна және қызылша – 5 тонна. Бұл өнімдердің барлығы қазір жәрмеңкеде ұсынылған. Өтпегені әлеуметтік павильондар мен супермаркеттерге жіберіледі. Халық сұранысына сай, мұндай жәрмеңке кемінде екі ай көлемінде апта сайын өткізілетін болады. Бұл уақытта еліміздің оңтүстік өңірлеріндегі көкөністер пісіп үлгеріп, баға онсыз да төмендейді. Ал, ет, сүт, жұмыртқа өнімдері – осы облыстың тауарлары. Оның барлығы – облысымыздағы ірі шаруа қожалықтарының өнімі, – деді облыстың ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Юржан Бекқожин.

Жәрмеңкеде өнімін ұсынған кәсіпкерлерге көрсетілетін ендігі қамқорлық – сату орындарының тегін болуы. Мұнымен қоса, оңтүстік өңірден келген керуенді бастап жүретін арнайы адамдар да бар екен. Яғни, кәсіпкерлер кеден бекеттерінде кедергі көрмейді деген сөз.

Бұл жәрмеңке Қазақстан аймақтары арасындағы аймақаралық кооперация мен Қырғызстанның оңтүстік өңірлерімен Еуразиялық Экономикалық Қауымдастық шеңберіндегі әріптестік негізінде жүзеге асып отыр. Сондықтан, мұндағы азық-түлік құны нарық бағасынан 10-15%-ға төмен. Дегенмен, өнім сапасы да қадағалаусыз қалмайды. Облысымыздан арнайы мамандар жіберіліп, өңірімізге жеткізілетін өнімдер іріктелді. Сапасын жәрмеңкеде ұсынылған тауарлардан-ақ көрулеріңізге болады, – деді облыстың кәсіпкерлік басқармасының басшысы Татьяна Аблаева.

Байқағанымыздай, жәрмеңкеде ұсынылған өнімдердің бағасы да көңілге қонымды. Мәселен, картоптың 1 киллограмы – 95 теңге болса, сәбіз – 75 теңге, қызылша – 90 теңге, қырыққабат – 70 теңге, шұжық – 500-750 теңге, сүт – 150 теңге, жұмыртқа – 120 теңге, сүзбе – 600 теңге, қаймақ – 1200 теңге, тауық еті – 500 теңге, жылқы еті – 1350 теңге, сиыр еті – 1250 теңге, шортан – 450 теңге, сазан – 600 теңге.

Қаламызға келген алғашқы «Жасыл керуенді» көріп, жәрмеңкеге арнайы келдім. Өз басым, картоп, сәбіз көкөністерін сатып алдым. Өзіме қажеттісін, әрине. Сондағы жұмсағаным – бар болғаны 500 теңге. Ең алдымен, халықтың жағдайын түсініп, осындай бастамаларды қолға алып жатқан облыс басшылығына алғысымды білдіргім келеді. Алдағы күнде де бұл керуеннің көші тоқтамай, апта сайын өткізіліп тұрады деген үміттеміз. Себебі, тұрғындар үшін азық-түлік мәселесі өте маңызды. Күнделікті тұтынатын өнімдердің қалтаңды жұқартпағаны жақсы ғой, – деді қала тұрғыны Қарлығаш Тікенова.

Рауан ҚАБИДОЛДИН

Суретті түсірген Л.ГАЛИМОВ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button