Басты тақырыпЖезқазған

Жәрмеңке – несібе негізі

   Ел ырзығын тасытып, берекесін арттыратын күз айлары – әлеуметтің қыс маусымына қапысыз қамдануға кірісетін шағы. Қамданыстың басты шарты, әрине, жеткілікті азық-түлік қорын жасақтау екендігі бесенеден белгілі. Бұл әсіресе, көмір түсіріп, тамызық жинауға бас ауыртпайтын, қорасында қоңды мал ұстамайтын қалалық ағайынға тән сабылыс. Жезқазған қаласы тұрғындарының осынау сұранысын сенбі күні Ұлытау ауданының ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерінің қатысуымен өткізілген «Ауыл – Береке-2017» жәрмеңкесі біршама өтеп бергендей әсер қалдырды.

Сол күні мысты шаһардағы аумағы айтарлықтай ауқымды Орталық базардың іші мен төңірегі, сөздің шынайы мағынасында, қарақұрым халыққа толы болды. Көз үйренген күнделікті көріністен арылып, айрықша мерекелік реңге енген сауда орындарында береке мен молшылықтың лебі есіп тұрды. Бұған ауыл шаруашылығы өнімдерінің молдығы мен алуан түрлілігі, сондай-ақ, олардың құны нарықтағы бағадан 10 пайыздық деңгейде төмен болуынан тысқары, аудан басшылығы мен селолық округтер әкімдерінің сауда нүктелерін айшықты безендіру мақсатындағы әрекеттері де негіз қалаған сыңайлы.

Айтып-айтпай не керек, жәрмеңкеде жайылған сөрелерден қала жұртшылығы өздеріне қажеттің бәрін тауып, өз қалауы мен қалтасындағы қаражаттың мүмкіндігіне сай, қоржындарын қампайта толтырып жатты. Қысқасы, сатып алушылар да дән риза, өнімді ұсынушылар да ерекше мәз. Сырттан бақылаушы тараптың да көңілдері тоғаятын көрініс еді бұл: біреулер мықшыңдай сөмке көтерсе, екіншілері бала-шағасының ырзығын қапқа салып арқалап алған, ал үшінші біреулері жылқының, сиырдың немесе қойдың жіліктелмеген тұтас етін көліктеріне қарай қауымдаса, қауқылдаса көтеріп бара жатыр… Қарап тұрып, «Шіркін-ай, жәрмеңке – молшылық пен несібенің негізі-ау…» деген ойға еріксіз табан тірейсің…

Ұлытау ауданы әкімінің орынбасары Мақсұт Оспановтың мәлімдеуінше, жәрмеңкені ұйымдастыруға аудан аумағындағы он бес селолық округтің ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілері жұмылдырылған екен. Олардың арасынан жеті селолық округ сол күні Жезқазғандағы Орталық базардан орын тепсе, қалған сегіз округтің өкілдері өздері жеткізген ет-майы, құрт-ірімшігі мен қымыз-айранын қанаттас Сәтбаев қаласының тұрғындарына ұсынды. Ізгі ниетті ұстанған жәрмеңкеге бас-аяғы 45 шаруа қожалығы келіпті. Іргелес орналасқан қос шаһар жұртшылығының талғамы мен таңдауына ұсынылған өнімдердің жалпы жиынтық сомасы 12 млн. теңгені құрайды.

Қазақы қалыпқа тән қонақжайлылық дәстүрінен айнымаған ұлытаулықтардың даладай дархан көңілі мен ақжарма пейілін жәрмеңке аясында «Қымыз фестивалін» жоғары деңгейде ұйымдастыра білген Сарысу селолық округінің азаматтары айғақтап берді. Кең жайылған дастарқан басына таянған әр адам ауыл дәмінен өзінің қалауынша ауыз тиіп, бата-тілектерін жаудырып жатты.

– Осы фестивальді өткізу үшін 400 литр қымыз, 20 келі сары май, 10 келі қаймақ, сондай-ақ, жеткілікті көлемде бауырсақ, жент, құрт пен ірімшікті арнайы алып келдік. «Береген  қолға береке дариды» деген сөзді бабалар бекер айтпаған. Ең бастысы, елдік дәстүрді дәріптей отырып, мерекенің шырайын енгізуге дәнекерлік еткеніміз үшін қуаныштымыз, – деді бізбен аз ғана пікірлесу сәтінде жоғарыда аталған селолық округтің әкімі Сәтжан Құрманбаев.

Жәрмеңке аясында мәдени шара өткізу жайы да ұтымды ойластырылыпты. Соған орай, Ұлытау аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары далалық сахнадан ұсынған концерттік бағдарламаны базарға бас сұққан қала тұрғындары қызыға тамашалады.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ

ЖЕЗҚАЗҒАН қаласы.

Суретті түсірген

Ғ.ӘБДІҒАППАРОВА.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button