Орталық саябақта өткен әлеуметтік жәрмеңке ұйымдастырушылардың айтуынша, нәтижелі болды. Жыл басынан бері көпшілікке арналған осындай 54 шара ұйымдастырылған. Саябақтағы сахна жанына жиналған барлық сала мамандары келушілердің сұрақтарына жауап берді, бос жұмыс орындарын ұсынды, халықтың әл-ауқатын көтеруге бағытталған мемлекеттік бағдарламалар туралы хабардар етті.
Қарағанды қаласы әкімдігінің қолдауымен шараға аудан әкімдіктері, прокуратура, әділет басқармасы, сот орындаушылары, полиция қызметкерлері, барлық мемлекеттік мекемелер мамандары жиналды. «Ten Qogam» ерекше қажеттілігі бар адамдарды әлеуметтік бейімдеу орталығы, «Ана үйі» өкілдері де бар. Сонымен қатар, 50-ге жуық жұмыс беруші қатысты.
– Көпшілікке бағдарланған шараларды ақпан айынан бастап өткізіп келеміз. Бұлар уақыт өте келе өз нәтижесін береді. «KamaTyresKZ», «QazTehna» «Қарағанды су», «Сарыарқа нан» сынды ірі кәсіпорындардың өкілдері бар. Мұның бір жақсысы, әркім өзі тікелей барып, көкейіндегі сұрағын қоя алады. Қазір демалыс уақытында жастарға жұмыс орындарын ұсынамыз. Қысқамерзімді оқулар бар. «Жастар практикасы» өз мамандығымен жұмыс істемейтін, 35 жасқа дейінгі колледж не университет түлегіне арналған. «Алғашқы жұмыс орны», «Күміс жас», «Ұрпақтар келісімшарты» сияқты жобалар туралы да айтылды. Қоғамдық жұмыстарға да тартылады. Бұл көше тазалау емес, көпшілік ойлайтындай, кеңсе жұмыстары, – деді Қарағанды облысы бойынша еңбек мобильділігі орталығының директоры Нұржан Сыздықов.
Қарағанды облысында ұйымдастырушылардың мәліметінше, 2 мыңнан астам бос жұмыс орны бар. Әлеуметтік жәрмеңкеде 700-ден астам жұмыс орны ұсынылды.
Мәселен, автобус шығаратын «Qaz-Tehna» зауытына автомаляр, слесарь, электргаздәнекерлеуші, автоэлектрик, жүк тасушы сынды мамандар қажет. Кәсіпорын өкілі Толқын Авилдің айтуынша, мамандық талап етілмейді, дегенмен, техникалық білімі болғаны жақсы. Апарып, әкелу, тамақтану тегін.
Ал, Қарағанды қаласының белсенді ұзақ өмір сүру орталығының кадр бөлімі инспекторы Меруерт Қадырбаева орталыққа медбике мен әлеуметтік қызметкер іздеп келіпті.
– Бізге медициналық, педагогикалық, әлеуметтану бағытында білімі бар маман қажет. Орталық зейнеткерлер мен қарттарға түрлі әлеуметтік қызмет ұсынады. Орталыққа келушілер қатары көп, – дейді ол.
«Корзина» сауда үйінің өкілдері де аспаз, кондитер, наубайханашы қажет екенін айтты. Кәсіпорын бір ай бойы өздері оқытып, шәкіртақы төлеп, әрі қарай, жұмыс тауып береді. – Біз ресми түрде жұмыс ұсынамыз. Адамның ниеті болса, болды. Мамандығы маңызды емес, – деді Диана Манатова.
Жәрмеңкеде «Жасыл ел» жасақтары да болды. Оларға арналған арнайы тимбилдинг, конкурстар ұйымдастырылған. Серіктестердің атынан берілетін сертификат та бар.
Қарағанды қаласының жастар ресурстық орталығы жетекшісі Якуб Джамалов биыл жасақтардың қатары екі есе көбейгенін айтады.
– Биыл жұмыс істеуге ниет білдіргендер көп. Сондықтан, қосымша жұмыс орындары ашылды. 14-16 жастағы топ мектеп жанында еңбек етеді. Гүл егеді, ақтау, тазалау жұмыстарын жасайды. Бірақ, жөндеу жұмыстарына жіберілмейді. Олар 4 сағаттық еңбегіне 87 мың теңге алады. 16 жастан асқандар 127 мың теңге есептелген, қолдарына 105 мыңдай тиеді. «Жасыл ел» жұмысы тамыздың соңына дейін жалғасады, – деді ол.
Шара барысында жұмыспен қамту, жер қатынастары мәселелері, кәсіпкерлік, гранттар, тұрғын үймен қамту, денсаулық, білім, құқық қорғау бағытында 500-ден астам кеңес берілді.
Ұйымдастырушылар осындай әлеуметтік жәрмеңке Майқұдықта да өткізілетінін айтты.
Жансая ОМАРБЕК,
«Ortalyq Qazaqstan»
ҚАРАҒАНДЫ
Сурет ұйымдастырушылардан