Жұмысшы мамандықтарының жаңа дәуірі
Мамандық таңдау өміріңді өзіңе ұнайтындай ету болар. Қысқасы, мамандық – ғұмыр таңдау сынды сындарлы да тағдыршешті дүние. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен 2025 жыл Қазақстанда «Жұмысшы мамандықтары жылы» болып жарияланды. Осы тұрғыда ә деген беттен-ақ «Жұмысшы мамандықтар санатына кімдер кіреді?» деген өңді заңды сауал қылаңытатыны рас.
Сауалына – жауабы
Қазақстанда жұмысшы санатына әртүрлі мамандықтар кіреді. Осы қатардың сап басына автокөліктер мен машиналарды жөндейтін механик маман, электрик, дәнекерлеуші-слесарь, ағаштан түйін түйер шебер, кондитер, медбике, тігіншілер, т.б. жатады. Атаулы мамандықтар өндіріс, құрылыс, қызмет көрсету және ауыл шаруашылығы сияқты түрлі салаларда өте маңызды рөл атқарады.
«Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет. Әрі біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз», – деді Президент. Яғни, қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануы тиіс.
Уақыт уыста тұрмайды. Сондықтан, әрнеге мезгіл-мезгіл көзқарас жаңартып, сауат арттырмаса, сана сәулесі көмескілене беретіні тағы бар. «Мемлекет басшысы жұмысшы мамандықтарына неге ерекше мән берді екен?» деген кезекті сұраққа айтарымыз, кісі еңбегінің лайықты бағалануы – кез келген елдің экономикалық, әлеуметтік және мәдени дамуына әсер ететін маңызды аспект. Жылымықтың жыл құсындай кеп жеткен арналы ақпар еңбеккер елін бір серпілтіп тастағаны рас.
Басты басымдық
Сөз реті келгенде айтарымыз, осы жолда алдымен жоғары еңбекақы мен түрлі бонустар қарапайым мамандықтардың тартымдылығын арттырады. Мәселен, Швеция мен Германияда инженерлер мен техникалық мамандардың еңбегі жоғары жалақымен өлшенеді. Содан соң, жұмысшылардың құқықтарын қорғау – маңызды фактор. Мысалы, Канада мен Норвегияда, қызметкерлерге әлеуметтік жеңілдіктер қарастырылған. Оның ішінде, ақылы демалыс, медициналық қызметтерге қолжетімділік және зейнетақы жүйесі ерекше орында. Яғни, еңбек жағдайлары заңнамалық деңгейде реттеледі. Экономикалық тұрақтылық жұмыс орындарының сақталуына және жұмысшылардың өмір сүру деңгейінің жақсаруына тікелей әсер етеді. Мысалы, Жаңа Зеландияда экономиканың тұрақты дамуы мен төмен жұмыссыздық деңгейі жұмысшы мамандықтарының тартымдылығын және беделін едәуір жоғарылатады.
Дүниежүзілік экономикалық форум, ЮНЕСКО сынды халықаралық ұйымдардың зерттеулері мен рейтингтері елдердегі жұмысшы мамандықтарының бағалану деңгейін объективті түрде айқындайды. 2023 жылғы зерттеулер нәтижесінде Скандинавия елдері (Швеция, Дания, Норвегия) жұмысшы мамандықтарына ерекше мән беретін мемлекеттер қатарынан табылды.
Ал, атамекеніміз Қазақстан да қарекетсіз емес. Жұмысшы құқығын қорғауға арналған негізгі құжат – Еңбек кодексі. Кодекс жұмыс уақыты, демалыс, еңбек шарттары және еңбек қауіпсіздігі секілді маңызды аспектілерді реттейді. Жұмысшылар үшін әлеуметтік қорғау жүйесі Қазақстанда бірнеше маңызды бағытты қамтиды. Олар зейнетақы қорларына міндетті түрде жарна аударады. Бұл жарналар болашақта зейнетке шыққанда тұрақты қаржылық қолдау алуға мүмкіндік береді. Жүйе әр адамның еңбек өтілі мен жинақтаған жарналарына байланысты зейнетақымен қамтамасыз етеді. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі арқылы жұмысшылар сапалы медициналық қызметтерге қол жеткізеді.
Қоғамдық жауапкершілік
Бұл жүйе емханаға қаралу, ауруханалардағы ем алу, диагностикалық зерттеулер мен дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді қамтиды, осылайша жұмысшылардың денсаулығын қорғауды қамтамасыз етеді.
Қазақстанда жұмыссыз қалған азаматтарға жәрдемақы төлеу жүйесі жұмыс істейді. Елдегі кәсіподақтар жұмысшылардың құқықтарын қорғауда маңызды рөл атқарып, еңбек жағдайларын жақсарту, жалақыны арттыру және жұмысшылардың мүддесін қорғау бағытында белсенді қызмет атқарады. Еңбек қауіпсіздігі мен қорғауды қамтамасыз ету мақсатында арнайы мемлекеттік бағдарламалар мен стандарттар енгізілген, олардың басты мақсаты – өндірістегі жарақаттануды және зиянды әсерлерді азайту.
Елімізде кәсіби білім беру жүйесі жұмысшы мамандықтарын дамытуға бағытталған.
Кәсіптік колледждер мен жоғары оқу орындары еңбек нарығының талаптарына сай мамандарды даярлауды қамтамасыз етеді. Бұл жұмысшылардың біліктілігін арттыруға және олардың бәсекеге қабілеттілігін нығайтуға ықпал етеді. Сонымен қатар, жұмысшы мамандықтарын қолдау мақсатында бірқатар мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылуда. Мысалы, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы жұмыс орындарын ашуға және жұмыссыздық деңгейін төмендетуді көздейді.
Жұмысшы мамандықтарын әлеуметтік қорғау жүйесі Қазақстанда біртіндеп дамып келеді. Дегенмен, жетілдіруді қажет ететін тұстар әлі де бар. Жұмысшылардың құқықтарын қорғау, еңбек жағдайларын жақсарту және әлеуметтік қолдауды күшейту – мемлекет пен қоғамның ортақ міндеті.
Респондент лебізі
Дәнекерлеуші Ержан Қайратұлының айтар сөз, ағытар сыры бар. Мамандық иесі үнемі қаймана халықпен етене жүретіндігін айтады.
– Менің мамандығым – дәнекерлеуші. Бұл кәсіпті таңдауымның себебі бар: бала күнімнен металмен жұмыс істеуге қызығатынмын. Еңбек жолымды шағын шеберханадан бастап, бүгінде өндіріс ошағында жұмыс істеп келемін. Мемлекет басшысының Жарлығын оқып, жұмысшы мамандықтарына ерекше көңіл бөлініп жатқанын білгенімде ерекше қуандым. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың «2025 жыл – Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялағаны бізге үлкен қолдау, – деді ол.
Ержан жұмысшы мамандықтарын дәріптеуде мемлекет тарапынан жасалып жатқан бағдарламаларды құптайтынын және білдірді. Өз мамандығының қоғам үшін қаншалықты маңызды екенін терең түсінеді ол. Үй салуда, зауыттағы құрылғыны жөндеуде немесе ауыл шаруашылығы техникасын қалпына келтіруде дәнекерлеушінің жұмысы ауадай қажет. «Біз, жұмысшылар, күнделікті өмірді жеңілдету үшін еңбектенеміз. Сондықтан, еңбегіміздің лайықты бағалануы қуантады», – деп қосты.
– Шетел тәжірибесін де ақпарат бұлақтарынан шолып отырамыз ғой. Швеция мен Германия сияқты елдерде жұмысшы мамандықтары жоғары бағаланатынын аңғаратындаймыз. Елімізде де осындай жүйе қалыптасу үстінде. Еңбек етемін деген жандар көбейіп келеді. Жоғары жалақы, әлеуметтік жеңілдік, еңбек жағдайының жақсаруы – әр жұмысшы үшін маңызды дер едім. Меніңше, тек материалдық жағдаймен шектелмей, қоғамда жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру да өзекті. Біз туралы жылы сөздер айтылып, еңбегіміз бағаланған сайын жастардың осы салаға деген қызығушылығы артады. Өрен-жаран мен жастарға айтарым, жұмысшы мамандығы әрқашан сұранысқа ие. Қолыңнан келсе, ешқашан жұмыстан қашпа. Еңбектің ешқайсысы арланатын дүние емес. Бастысы, жұдырықтай түйіліп, қаршығадай шүйіліп, тастүйін қалыпта қарекет ету. Шарболаттай шарпысқан қызу тірліктің белортасында жүрген өзіме шалқар шабыт сыйлайды, – деді дәнекерлеуші.
Ержан Қайратұлы өзі секілді қарапайым жұмысшыларға арналған бағдарламалар көбірек болса, кәсіби біліктілігін барынша арттыруға мүмкіндік молаяр еді деп ой тұжырды. Техникалық білімді тереңдететін курстар ұйымдастырылса, заманауи құралдармен жұмыс істеуді меңгеру де жеңіл болар еді, шіркін! Өйткені, жұмысшы мамандықтары жылы – еліміздегі еңбек адамдарына деген құрметтің көрсеткіші. Бұл жыл жаңа мүмкіндіктер мен перспективаларды ашады деп сенімі селкеусіз оның. Барлық жұмысшыға айтары: «Еңбегімізді мақтан тұтайық! Ең бастысы – өз ісімізге адал болу, сол кезде ғана еңбектің жемісін көреміз!»
Қоржынқағар
Еңбек адамының мемлекеттен өзге меншігі жоқ. Еңбеккер дегенде өліп кетсе де өтірік айтпайтын, күн батысқа талмаурағанша қарекетінің қазығын мығымдап жүретін ақжүрек те риясыз жандар елестейді көз қарашығына. Арманында шек болмайтын жасампаз адамдар – олар! Олар тірнекті тіршіліктің боранында да, тоғыз жолдың торабында да халық игілігін еселеу үшін жүреді. Бейне бір ақырғы мақсаты осы сынды. Қайратымен жаһанды жалт қаратып, қаймананың қамына қамшы басады. Қаздайын орғанына қанағат етіп, қалғанына ат үстінен асқақ қарайды. Ендеше жұлдызды шоғырына ат байлаған еңбек адамының даңқы жасасын!
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»