Жұмыспен қамту – жұрт игілігіне
Бұл – жер көлемі бойынша Қазақстанның ең ірі ауданы. Оның аумағы Солтүстік Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, Атырау облыстарын асып түсіп, Павлодар облысынан сәл ғана қалыс қалады. Сонымен қатар, бұл өңір қасиетті таулар мен қазақ халқының тұма тарихына тікелей сабақтас. Себебі, мұнда алғашқы хандардың мазары орналасқан. Осы топырақта үш жүздің басы қосылған.
Өздеріңіз сезіп отырғандай, бұл – Ұлытау ауданы. Ұзақ уақыт бойы аудан тұрғындары тарихи жәдігерлерінен өзге мақтан тұтары жоқ еді. Барлығын өзгерткен – «Жұмыспен қамтудың Жол картасы – 2020» бағдарламасы. Соның арқасында, жұмыспен қамту мәселесінен бөлек, әлеуметтік-мәдени маңызы бар нысандардың қайта қалпына келтірілуі қолға алынды.
Биыл бұл бағдарлама аясында республикалық бюджеттен бөлінген 22,5 млн. теңгеге алдымен агротехникалық колледждің ғимараты жөнделді. Жыл бойы жүргізілген жөндеу жұмысына аудан орталығынан 25 адам тартылды. Ал, қыркүйек айында студенттер жаңарған колледждің табалдырығын аттады.
«Жұмыспен қамтудың Жол картасы – 2020» бағдарламасы аудан тұрғындарының тағы бір мәселесін шешуге мұрындық болды. Өткен жылы Ұлытау және Қарсақпай ауылдарында отбасылық дәрігерлік амбулаторияның іргесі қаланып басталған еді. Жүргізіліп жатқан жұмыс қарқынына қарап, тұрғындар жақын арада амбулаторияның ашылу салтанаты болады деп күтуде. Бұл сала бойынша 35 жұмысшы тартылды.
Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы желілерін жөндеу жұмыстары да екпін алды. Жұмыспен қамту орталығының директоры Бейбіт Шаяхметовтің айтуынша, жергілікті атқару органдары қосымша қаржы сұрауға да мәжбүр болған. Ал, бюджеттен бөлінген қаражатқа Алғабас ауылдық округінің (7,5 млн. теңге), Жезді кентінің (5,9 млн. теңге) көше шамдарын орнату, 13,3 млн. теңгеге Қаракеңгір ауылындағы қатты тұрмыстық қалдықтарды жою жұмыстары жүргізілуде.
Ұлытау ауданында бағдарламаның «Ауыл кәсіпкерлігін дамыту арқылы жұмыссыздықты жою» деп аталатын екінші бағыты да тиімді ұйымдастырылуда.
Алғашқы транш кезінде он адамның кәсібін несиелендіру үшін 30 млн. теңге бөлінді. Кәсібін дамыту үшін, екінші транш кезінде 22 адам 66 млн. теңгеге қол жеткізеді. Оның үстіне, Ұлытау ауданы тұрғындарының арасында кәсіпкерлікпен айналысуға ниет білдірушілер аз болмай шықты. Бүгінгі таңда бизнесін дамытуға 55 адам құжат тапсырған. Оның 34-і алғашқы кезеңнен өтіп, әрі қарай қорытындыны күтуде. Тағы да бес адам түрлі себептерге байланысты конкурстық рәсімнен өтпей қалды.
Үміткерлер қорытындыны күтіп жүрген уақытта, ұлытаулықтар арасында өздерін «толыққанды кәсіпкерміз» деп атай алатын тұрғындар да бар болып шықты. Бейбіт Шаяхметов айтқандай, 16 адам 48 млн. теңге көлеміндегі несиеге ие болды.
“Жұмыспен қамту орталығының” басшысы несиені қайтару бағдарламасының да сәтті жүріп жатқанын жасырмады. Соның арқасында, мал шаруашылығын дамытуға арналған несие қаражаттарын ауданның өзге тұрғындары пайдалана алады. Бизнесті дамытуға арналған қосымша қаражатты «Жұмыспен қамтудың Жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында кәсіпкерлерді қолдау қоры бөлуде. Бұл бағыт бойынша бағдарламаға қатысушы екі үміткер анықталып, олар өзара 14 млн. теңге қаржыны бөлуге келіскен.
Бағдарламаның «Жұмыс берушінің қажеттіліктері шеңберінде оқыту және қоныс аудару арқылы жұмысқа орналасуға әрекеттесу» атты үшінші бағытының жүзеге асуына 11671,7 млн. теңге бөлінді. Алты ай ішінде 9 ұлытаулық азамат электрші мамандығы бойынша білім алуда. Биылғы қазан айынан бері бағдарламаның тағы үш қатысушысына кәсіби білім берілуде.
Сонымен қатар, ауданның 62 тұрғыны әлеуметтік жұмыс орындарымен қамтылды. Жастар тәжірибесіне жоғары оқу орындары мен колледждерінің 22 түлегі жіберілді. Тағы 175 тұрғын қоғамдық жұмыстармен айналысуда.
Самал АХМЕТОВА.
ҰЛЫТАУ ауданы.