Жаңалықтар

Жұмыс тобы іске кірісті

                 Теміртау қаласындағы қардың қарайып, кірленуі мәселесі облыс әкімі Ерлан  ҚОШАНОВТЫҢ төрағалығымен өткен арнайы жиналыс барысында талқыланды. Бұған дейін аймақ басшысы облыста ауадағы зиянды қалдықтар концентратының нормадан тыс артуын анықтауды жауапты органдарға тапсырған болатын.

 

– 17 желтоқсанда атмосферада күкіртті сутектің мөлшері артық екені анықталды. Сонымен қатар, желтоқсанда азот диоксиді мен күкірт диоксидінің нормадан асу жайттары орын алды, – деп мәлімдеді Қарағанды метеорология орталығы директорының орынбасары Валерий Стратиенко.

Метеорологтың айтуынша, қалада «қара қардың» пайда болуының бір себебі – жел екпінінің төмендігі болуы мүмкін. Желтоқсан айында желдің жылдамдығы секундына екі метрден аспаған. Және де қар бетіндегі тұнба – кәсіпорыннан шыққан зиянды қалдықтардың, автомобильдерден шыққан улы газдың және жеке үйлердегі пештердің түтінінен қалыптасқан.

Теміртауда ауаның тазалығына сараптама тұрақты түрде «Қазгидрометтің» төрт бекетінде жүргізіліп отырады. Билік өкілдерінің тапсырмасы бойынша қалаға тағы бір жылжымалы зертхана бағытталған.

«АрселорМиттал Теміртау» АҚ атқарушы директоры Вадим Басин компанияда ластану көзін анықтауға қызығушылық танытатынын жеткізді.

– Кәсіпорынның санитарлық аумағында үш бақылау бекеті бар. Егер, зиянды қалдықтар шығу мөлшерінің артуы байқалса, тергеу жұмыстары жүргізіле бастайды. Қалдықтардың шығу мәселесі үнемі бақылауда тұрады. Егер, жиырма жыл бұрын комбинат жылына 80 мың тонна шаң шығарса, қазіргі таңда 24 мың тонна шағарады, – деді Вадим Басин.

Мамандар «Теміртаудағы «қара қардың» пайда болу себебі – металлургиялық комбинаттың қызметімен тікелей байланысты», – деп нақты айта алмайды. Ластану көзін дәл нұсқау үшін арнайы зерттеулер өткізіліп жатыр. Шаңның құрамын сараптау, кәсіпорынның зиянды қалдықтарды шығаруы, метео жағдайлар сарапталуда.

Жиналыс барысында Теміртаудағы ірі кәсіпорынмен жүргізіліп жатқан табиғатты қорғау шаралары қарастырылды. Экологиялық жағдайға мониторинг жасау бойынша өндірістік қалалардың тәжірибесі зерттелген. Дәлірек айтар болсақ, осы секілді орталықтарды облысымыздың ірі қалаларында ашу мүмкіндігі талқыланды. Сондай-ақ, бақылау бекеттерінің санын арттыру талқыланды.

Теміртаудағы жағдайды шешу үшін экологтардың, метеорологтардың, прокурорлар мен кәсіпорын өкілдерінің қатысуымен жұмыс тобы құрылды.

– Күнделікті, үздіксіз режимде жұмыс істеңіздер. Келесі аптада жұмыс тобы бұл мәселенің шешімі туралы нақты ұсыныстар айтуы тиіс. Бұл шығын санайтындай жағдай емес. Бұл жерде адам денсаулығы тұрғанын ойлау керек! – деді облыс әкімі.

Сонымен қатар, аймақ басшысы ластау көзі табылған соң, бірінші кезекте, зиянды қалдықтардың шығарылуын барынша жою және осы секілді жайттардың алдын алуға бар күшті жұмсау керек болатынын атап айтты.

Облыс әкімінің

баспасөз қызметі.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button