Жаңалықтар

Жұмыс орнындағы жарақат азаймай тұр

Былтыр аймақтың өндіріс орындарындағы қайғы оқиғалар саны 40%-ға артқан. 2020 жылы 213  қайғылы оқиға тіркелсе, оның алдыңғы жылында 152 жағдай болған екен. Осындай оқиғалар салдарынан зардап шеккендер де артып отыр, 260 адам. 35 адам қайтыс болыпты. Еңбек заңнамалары нормаларының орындалуы, еңбеккерлер құқықтарының сақталуы туралы облыстық еңбек инспекциясы жөніндегі басқарманың басшысы Ирина ЛЮБАРСКАЯ баяндады.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлім болғандай биылғы жылдың алты айында 112 қайғы оқиға тіркеліпті.

– Былтыр бұл уақытта 95 оқиға болған, – дейді Ирина Любарская. – 139 адам жапа шексе, 18-і қайтыс болды. Барлық көрсеткіштер бойынша өсім байқалады. Қарағанды – өндірістік өңір. Еңбек инспекциясы тексеріс кезінде өндіріс жарақаттарына және оның себептеріне баса назар аударады. Қайғылы жағдайлардың себептерін анықтау бойынша жасалған зерттеулер олардың жұмыс берушінің кінәсінен болатынын көрсетті. Жұмыс беруші  жұмыс өндірісін дұрыс ұйымдастырмайды, яғни, болуы мүмкін тәуекелдердің алдын алуға қам жасамайды. Ал, жұмыскерлердің қауіпсіздік шараларын сақтануына жауапты адамдар өз міндетіне олқы қарайды. Жұмыс орындарында қауіпсіздік техникасына жауапты қызметті кәсіби талаптарға сай келмейтін адамдар орындайды. Бұл көбінесе құрылыс саласында орын алады. Жұмыс берушілер құрал-жабдықтарды жаңарту ісіне, еңбек қауіпсіздігін сақтау мәселесіне көңіл бөлмейді, сондай-ақ, кәсіби мамандарды қамту да ақсап жатады.

Қайғылы жағдайлар тәуекелі еңбек өтілі 3 жылға дейінгі жас мамандар арасында болады. Бұған басшылық тарапынан бақылаудың жоқтығы, тәлімгерліктің болмауы, нұсқаулықтың болмауы себеп. Қайғылы оқиғалардың 57%-ы 55 жастан асқан жұмыскерлер арасында кездеседі. Олар өздерінің тәжірибесіне сенгенімен, олардың арасында да мұндай жағдайдардың тіркелетінін деректерден білуге болады. Сонымен қатар, жұмыс берушілердің барлығы дерлік ауысым алдында жұмыскерлердің денсаулығын тексермейді.

Брифинг барысында басқарма басшысы жұмыс орындарындағы қайғылы оқиғалар мен еңбек ауруларының өздігінен пайда болмайтынын және олардың себебі болатынын атап өтті.

– Еңбек кодексіне сәйкес жұмыс беруші еңбек бойынша уәкілетті тұлғаға өндіріс орнында болған қайғылы оқиға жөнінінде бір тәулік ішінде хабар беруге міндетті. Алайда, орын алған осындай оқиғаларды уақытында айтпаған жағдайлар анықталды. Сонымен қатар, жауапты тұлғалар мен денсаулық сақтау мекемелері де жұмыс орнында қандай да бір жарақат алған барлық жағдайлар бойынша жұмыс берушіні және жергілікті еңбек инспекциясы органын хабардар етуге міндетті, – дейді спикер.

Бүгінгі таңда денсаулық сақтау басқармасымен тығыз қарым-қатынас орнаған. Мәлім болған әр факті жіті қадағаланады. Тіпті, сол кезде еңбек орнындағы жарақатты  жасырса  да жұмыскер біраз уақыттан кейін ауыруы мүмкін. Яғни, тұрмыстық жарақат ретінде қаралған іс қайта зерттеледі.

– Былтыр полиция органдарына 286 қайғылы оқиғаларды зерттеу материалы жолданды. Онда қайғылы оқиғаға жауапты тұлғалардың әрекеті немесе әрекетсіздігі көрсетілген. Онда 40 қылмыстық іс тоқтатылды, қалғандарды өндірісте. Биылғы жылдың алты айында осындай 122 материал жолданды, – деп атап өтті И.Любарская.

Жансая ОМАРБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button