Бас тақырыпРесми

Жүйелілік пен сапа – тегеурінді талап

Басылым бетінде бұдан бұрын хабарланғанындай, облыстық мәслихаттың кезекті XXXIV сессиясында аймақтың алдағы кезеңдегі дамуына қатысты біршама маңызды мәселелер қарастырылды. №10 Киров сайлау округінен сайланған депутат Жақан Мұхамеджанов төрағалық еткен халық қалаулыларының басты жиынына облыс әкімі Жеңіс Қасымбек, облыс әкімінің орынбасарлары, құқық қорғау органдарының, облыстық басқармалар мен департаменттердің басшылары, облыстық Қоғамдық кеңестің мүшелері, қалалық және аудандық мәслихаттардың хатшылары, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Ал аудандар мен қалалар әкімдері селекторлық режимде байланыста болды.

Сессияда алғашқы кезекте «2020-2022 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» және «2020-2022 жылдарға арналған облыстық бюджет пен аудандар (облыстық маңызы бар қалалар) бюджеттері арасындағы жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі туралы» мәселелер талқыға түсті. Күн тәртібіндегі үндес мазмұндағы екі сұрақ бойынша облыстық қаржы басқармасының басшысы Людмила Башарина хабарлама жасады.

Сала басшысының хабарламасынан кейін іле-шала сөз үшжылдық бюджет мәселесі бойынша әзірленген шешім жобасына қатысты облыстық мәслихаттың бюджет және қаржы жөніндегі тұрақты комиссиясының ұйғарымын жария ету үшін аталған комиссияның төрағасы Жомарт Таласбековке берілді.

  • Жергілікті атқарушы орган ұсынған 2020-2022 жылдарға арналған облыстық бюджеттің жобасы Бюджет кодексінің талаптарына сай келеді және облыстық мәслихаттың қарауына заңнамада белгіленген мерзімде ұсынылып отыр, – деді Жомарт Секенұлы. – Алдағы кезеңге бюджетті жоспарлауға қатысты жұмыстар облыстық мәслихат қабырғасында соңғы екі ай бойы жүргізілді. Үш жылдық мерзімді қамтитын бюджеттің жобасы облыстық бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің қатысуымен тұрақты комиссиялардың бес отырысында талқыланды, сонымен қатар тұрақты комиссиялардың бірлескен мәжілісінде және облыстық мәслихат депутаттарының облыс әкімі Жеңіс Қасымбекпен кездесуінде әңгіме өзегі болды.

Депутаттар қалыптастырылған бюджет жобасын талқылауға ғана емес, оны түзу кезіндегі жұмыстарға да белсене араласты. Халық қалаулылары тарапынан атқарушы органдарға жалпы сомасы 10,7 млрд. теңгені құрайтын 50-ден аса сауалдар жолданды. Мандат иелері сумен қамтамасыз ету, электр қуатымен жабдықтау, көлік инфрақұрылымын дамыту, экология, әлеуметтік сала, техникалық және кәсіби білім беру, сондай-ақ өңірлерді дамытуға байланысты өзекті мәселелерді көтерді.

Осы орайда, депутаттар ұсыныстарының үштен бір бөлігінен астамы алдағы жылдар бюджеті жобасынан көрініс тапқанын айта кеткен жөн. Халық қалаулылары көтерілген өзге де мәселелердің назардан тыс қалмайтынына, олардың үшжылдық бюджетті атқару барысында ескерілетініне үміт артады.

Депутаттар корпусының пікірінше, жаңа үшжылдық бюджет қаржылық және әлеуметтік көзқарас тұрғысынан жан-жақты зерделеніп, тұжырымдалған.

Облыстық бюджеттің кірістер болжамы республикалық бюджеттен түсетін трансферттерді есепке алмағанда 2020 жылға 77,9 млрд. теңге көлемінде белгіленген және ағымдағы жылды бағалау көрсеткішімен алғанда 121,7 пайызды құрайды.

Облыстық бюджет шығыстарының жалпы көлемі 2020 жылға 229,2 млрд. теңге сомасында жоспарланып отыр.

Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес, экономикалық өсімді қамтамасыз ету, тұрғындардың әл-ауқатын арттыру және оларды жұмыспен өнімді қамту мақсатында 2020-2022 жылдарға арналған облыстық бюджеттің негізгі басымдық сипатты иеленетін шығыстары индустрияландыру шараларына, шағын және орта бизнесті, көліктік, сондай-ақ инженерлік-коммуникациялық инфраструктураны дамытуға, аграрлық секторды ілгері бастыруға бағытталған.

Бюджет жобасында күрделі құрылыс жұмыстарын қоса есептегенде, білім саласын өркендетуге 91 млрд. теңге қарастырылған, оның ішінде 2020 жылға – 34,2 млрд. теңге. Бұдан бөлек, жуыр маңдағы үш жылда білім беру саласын жан басына шаға отырып қаржыландыруды енгізу жұмыстарының аясын кеңейту көзделіп отыр.

2020-2022 жылдары мәдениет, спорт және туризмді дамыту жұмыстарына жұмсалатын қаржы көлемі нысандар құрылысын салуды қоса есептегенде 54,8 млрд. теңгені құрайды, оның ішінде 2020 жылға – 19 млрд. теңге.

«Нұрлы Жол», «Нұрлы Жер» мемлекеттік индустриялық-инновациялық даму бағдарламаларын жүзеге асыруға, өңірлерді дамытуға, газдандыру жобаларына, көлік инфрақұрылымы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және абаттандандыру шараларына үш жыл ішінде 60,5 млрд. теңге бағытталады, оның ішінде 2020 жылға – 33,9 млрд. теңге.

Алдағы үш жылда аграрлық секторды дамытуға 27,1 млрд. теңге қарастырылған, оның ішінде 2020 жылы – 8,8 млрд. теңге.

Әлеуметтік міндеттемелерді атқару шығындары толық көлемде қарастырылған, әлеуметтік салаға бөлінетін қаражатты, тиісінше, ұлғайту шарттылықтары мүлтіксіз сақталған. 2020 жылы әлеуметтік саланы дамытуға облыстық бюджеттің жалпы көлемінің 34 пайызы жұмсалатын болады.

Сессияда талқыланған үшінші мәселе тақырыбы «Қарағанды облысындағы жолаушылар тасымалының жағдайы және даму келешегі туралы» болды. Бұл сауалға қатысты хабарламаны облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Әскербек Халтонов жасады. Ал осы сауалға орай, облыстық мәслихаттың салалық бағыттағы тұрақты комиссиясының тұжырымын оның төрағасы Нұржан Иманов жария етті.

Құрылыс, көлік және коммуналдық шаруашылық жөніндегі тұрақты комиссия төрағасының мәлімдеуінше, облыс аумағында автомобиль көлігімен жолаушылар тасымалдаудың жай-күйін және даму жайын бағамдауға қатысты облыстық мәслихат хатшысының өкімімен биылғы жылдың 4-тоқсанында облыстық мәслихаттың уақытша жұмыс тобы құрылып, біршама тындырымды жұмыстар атқарыпты.

Соған орай, Қарағанды, Теміртау, Жезқазған, Сәтбаев, Саран, Шахтинск, қалалары мен Абай, Ақтоғай, Ұлытау және Шет аудандарында депутаттық мониторинг жүргізу әрекеті нәтижелі болғанын айта кеткен жөн.

Бүгінгі таңда облыста 234 тұрақты негіздегі автобус бағыттары ұйымдастырылған. Олар ауылдық елді мекендердің 62 пайызын (338-дің 210-ын) қамтиды.

Автобустардың жүру бағыттарында 61 жолаушы тасымалдаушы қызмет көрсетеді. Қолданыстағы жалпы көлік саны – 1 664 автобус. Заңнама талаптарына сәйкес, жолаушылар тасымалының сапасын жақсарту және мемлекеттік қолдау көрсету мақсатында тасымалдаушылар шығынын өтеуге субсидия бөлінеді. Мәселен, осы мақсатқа аудандар мен қалалар әкімдіктері тарапынан 2,2 млрд. теңге бөлінген, оның 1,9 млрд. теңгесі (87,8 пайызы) Қарағанды қаласының үлесіне тиеді. Ақтоғай, Ұлытау және Нұра аудандарында тұрақты автобус маршруттарының болмауы себепті жергілікті бюджеттен субсидия бөлу қарастырылмайды.

Өз сөзінде Нұржан Ибрагимұлы осы саладағы біршама кемшілікті де «жіпке тізгендей» етіп атап өтті. Мәселен, жолаушылар тасымалының нақтыланған даму стратегиясы жоққа тән. Жолаушылар тасымалдау саясатына қатысты сапа стандарттары қарастырылмаған. Тасымалдаушылардың басым дені өз автопарктерін жаңғырту бағдарламасын толыққанды жетілдірмеген. Әлеуетті орындаушылардың жолаушылар тасымалын ұйымдастыруға қойылатын талаптарды сақтауына бақылау жүргізу жүйесі ретке келтірілмеген.

Бұдан тысқары, ауылдық елді мекендерді аудан орталығымен байланыстыратын автобус маршруттарын ашу мәселесі жекелеген аудандарда күні бүгінге дейін өзекті күйінде қалып отыр. Жекелеген әкімшілік бірліктерде автостанциялардың болмауы жолаушыларға қолайсыздық тудыратынын да айта кеткен жөн. Бұл кемістіктің орнын толтыру жұмыстары қолға алына бастағанын ескерте кету ләзім.

Бірқатар мәселелерді бүкпесіз айтқан комиссия төрағасы депутаттар корпусының ұсыныстары жақын болашақта жергілікті атқарушы билік тарапынан ескерілуі тиіс екендігін де тілге тиек етті.

Бұдан кейін депутаттар мен сессияға шақырылғандар «Қарағанды облыстық мәслихаты хатшысының 2019 жылы атқарылған жұмыстары туралы есебі туралы» облыстық мәслихаттың хатшысы Серік Өтешовтің баяндамасына құлақ түрді. Өз сөзінің кіріспесінде өтіп бара жатқан 2019 жыл баршамыз үшін көптеген маңызды оқиғаларға толы болғанына назар аударды. Солардың арасынан ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ағымдағы жылдың 2 қыркүйегіндегі Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың стратегиялық бастамаларын іске асыруға бағытталған «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында алға қойылған талаптар мен міндеттердің орнықты орындалуы зор маңызды иеленетінін айрықша атап өтті. Баяндамада облыстық мәслихаттың жоспарлы іс-қимылы аясында атқарылған жұмыстарға байыпты тұрғыда егжей-тегжейлі талдау жасаған Серік Балғатайұлы облыс әкімдігіне депутаттармен бірлескен өнімді жұмысы үшін алғыс айтқысы келетінін мәлімдеді. Әңгімені айшықты өрбіткен облыстық мәслихат хатшысы биыл Қазақстан мәслихаттарының құрылғанына 25 жыл толғанын да тілге тиек етті. «Бұл кезең өкілетті органдардың өсу, өркендеу кезеңі болды» – деді ол. «Мәслихат депутаттары халық пен билік органдары арасында алтын көпір бола білді. Облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына лайықты үлес қосты. Қазір де облыстық мәслихат өңірдің қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық салаларына белсене араласуда. Бұл үрдіс алдағы уақытта да жалғасын таба беретін болады». Өзінің сөзін осылайша түйіндеген Серік Өтешов депутаттар мен қатысушыларды Тәуелсіздік күні мерекесімен құттықтап, ақжарма тілегін жеткізуді де назардан тыс қалдырмады (Облыстық мәслихат хатшысы есебінің толық мәтіні «Орталық Қазақстан» газетінде жарияланған: «Облысты одан әрі дамыту бағытында», 14 желтоқсан, 2019 жыл, №139 (22 735).

Сессияның күн тәртібіндегі төртінші мәселе «Қарағанды қаласының 2050 жылға дейінгі даму бағдарламасын бекіту туралы» мәселе бойынша қала әкімі Нұрлан Әубәкіров сипаттамалық мазмұндағы хабарламасын депутаттар талқысына салды. Шаһар басшысының хабарламасында қазыналы Қарағанды қаласының келешектегі дамуына қатысты қолға алынған және қолға алынуы жоспарға енгізілген нақты шаралары толық қамтылды. Оның мәлімдеуінше, әлеуметтік-экономикалық тұрғыда ілгері басуға негіз қалайтын нақты әрекеттер қаланың әлеуеті мен мүмкіндіктерін бұрынғыдан да арттыра түсері анық. Сонымен қатар, шаһардың шырайланып, кескін-келбетінің ажарлы күйде болуына ерекше мән берілмекші. Жаңа шағынаудандардың тартымды бітім-болмысы, тұрғын үйлердің түр-әлпеті, жаңадан іске қосылатын саябақтар, әлеуметтік нысандар мен мемлекеттік органдар ғимараттарының соны сипаттағы сәулет ерекшеліктері және тағы да басқа жағымды жаңалықтар – сол ұстанымның айғағы болары даусыз. Заманауи талаптарға толыққанды жауап беру мақсатында жасалған талпыныстардан бөлек, өнеркәсіпті өркендету міндеті де бірегей талап ретінде қала бермекші.

Халық қалаулылары облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Рыстиннің хабарламасына сәйкес, қарастырылуы ұсынылған «Қарағанды облысының Құрметті азаматы» атағын беру туралы» мәселеге ерекше ден қойып, айрықша ықылас білдірді. Қапысыз қолдау көрсету нәтижесінде үміткерлер санатындағы, облыстың дамуы мен өркендеуіне әр салада еңбек ете жүріп, өлшеусіз үлес қосқан майталман азаматтар – Зейнолла Молдахметовке, Сағадат Дүйсебековке және Георгий Прокопқа Қарағанды облысының Құрметті азаматы атағын беру туралы шешім қабылданды.

Содан кейін мінберге күн тәртібіндегі «Қарағанды облысы Балқаш қаласының бас жоспарын бекіту туралы» мәселенің мән-жайымен таныстыру үшін аталған қаланың әкімі Ораз Тәуірбеков көтерілді. Аталған мәселені қала әкімінің ұсынуы негізінде депутаттар корпусы толыққанды мақұлдады.

Сессия барысында мандат иелері сондай-ақ, облыс әкімі аппаратының басшысы Жанат Ысқақов енгізген ұсынысқа сәйкес, «Қарағанды облысы әкімдігінің дербес құрамындағы өзгерістерді келісу туралы» мәселені қарастырып, тиісті шешім шығарды. Соған орай, облыс әкімдігінің дербес құрамына облыстық экономика басқармасының басшысы Азамат Мұқановты енгізу туралы ұсынысқа келісім берілді.

Одан кейінгі кезекте «Азаматтық қызметшілер болып табылатын, ауылдық жерде жұмыс істейтін және облыстық бюджет қаражаты есебінен кемінде жиырма бес пайызға жоғарылатылған лауазымдық айлықақылар мен тарифтік мөлшерлемелер алуға құқығы бар денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, білім беру, мәдениет, спорт, ветеринария, орман шаруашылығы және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы мамандар лауазымдарының тізбесін бекіту туралы» мәселені депутаттар талқысына облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Руслан Төлепбаев ұсынды.

«Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы республикалық Ономастика комиссиясы қарауына Қарағанды облысының бірқатар білім беру және мәдениет ұйымдарын қайта атау туралы ұсыныстарды енгізу туралы» ұсыныс мазмұны жайлы хабарламаны облыстық тілдерді дамыту басқармасы басшысының міндетін атқарушы Құралай Дәрімбаева жасады. Аталған мәселе облыстық мәслихаттың салалық бағыттағы тұрақты комиссиясының отырысында жан-жақты қарастырылып, егжей-тегжейлі екшелгендіктен талқылаусыз мақұлданды.

Халық қалаулыларының басты жиынының күн тәртібіне қойылып, талқылаудан өткен барлық мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданды.

***

Сессияда сонымен қатар «Қарағанды облыстық мәслихатының 2020 жылға арналған жұмыс жоспары туралы», «Қарағанды облыстық мәслихатының аппараты» мемлекеттік мекемесінің 2020 жылға арналған қаржыландыру жоспарын бекіту туралы», «Қарағанды облыстық мәслихатының XXXV сессиясының күн тәртібі туралы», «Қарағанды облыстық мәслихатының XXXV сессиясының төрағасы туралы» және «Қарағанды облыстық мәслихатының XXXV сессиясының комиссиясы туралы» мәселелер қарастырылып, қажетті шешімдер шығарылды.

***

Сессия қортындысында облыс әкімі Жеңіс Қасымбек сөз алды. Өзінің қысқа да нұсқа һәм салмақты сөзінде Жеңіс Махмұдұлы аз ғана мерзім аралығында атқарылған жұмыстар ауқымына шолу жасап, алдағы міндеттерге қатысты ой-пікірлерімен бөлісті. Тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету жайының аса маңызды екендігіне ерекше назар аударған аймақ басшысы алдағы жылы түрлі бағдарламалар аясында тұрғын үйлер құрылысын салу жұмыстары қарқын ала түсетінін мәлімдеді. Маңызы зор салаға айрықша көңіл бөлу нәтижесінде бүгінгі күні Саран қаласында көпбалалы аналардың тұрғын үй алу кезегінде тұрмайтынын атап өтіп, бұл бағыттағы іс-қимылдың жалпы облыс көлемінде қапысыз атқарылуы қажеттігіне көңіл аударды.

Аймақ басшысы одан әрі келесі жылы қалалар мен басқа да елді мекендерге газ құбырын тарту жұмыстарына айрықша пәрмен берілетінін ескертіп, «Бұл іс – кемелдену жолы болуы тиіс», – деді.

Жеңіс Махмұдұлының айтуынша, Елбасы бастамасымен қолға алынған «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясындағы әрекеттер де алдағы жылы айтарлықтай қарқынмен жүргізілетін болады. Сонымен қатар, автокөлік жолдарын жөндеу жұмыстарына ерекше мән беріледі. Ауыз судың сапасы мен халықтың орталықтандырылған су жүйесінен берілетін «өмір нәрін» тұтыну жайы назардан қалыс қалмайды.

Спорт нысандарының салынуы мен жөнделуі, сол жұмыстардың сапалы жүргізілуі – тұрақты бақылауда болатын жайттың бірі.

Тағы бір жағымды жаңалық – бастауыш сынып оқушыларының қандай санатқа жататынына қарамастан, толықтай ыстық тамақпен қамтылуы.

  • Мемлекет басшысы тапсырмаларының дер кезінде және сапалы орындалуы – басты бағдар, – деді облыс әкімі сөз түйінінде.

***

Биылғы жыл мәслихаттар депутаттары үшін мерейтой жылы екендігі белгілі. Соған орай, жуырда ғана Елордада Қазақстан мәслихаттарының 25 жылдығы аясында Парламент Сенатының төрағасы Дариға Назарбаеваның, Парламент Мәжілісі мен ел Үкіметі басшылық құрамы өкілдерінің қатысуымен республикалық конференция өткен болатын. Сондағы жарқын леп облыстық мәслихат сессиясының жұмысы аяқталған соң жалғасын тапқандай болды.

Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек пен облыстық мәслихаттың хатшысы Серік Өтешов бір шоғыр азаматтарға түрлі деңгейдегі марапаттарды тапсыру рәсімін жүзеге асырды. Еңбектері лайықты бағаланып, мерейі өскендер қатарында облыстық мәслихаттың депутаттары мен аудандық және қалалық мәслихаттардың депутаттары болды.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТ.

Басқа материалдар

Back to top button