Жүйелі жұмыс жоспарға сай

Теміртау қаласының әкімі Ғалым ӘШІМОВ бейсенбіде Өңірлік орталық коммуникациялар қызметінде өткен кезекті баспасөз мәслихатында «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының жүзеге асуы бойынша есеп берді.

Кәсібилік пен сапа –алдыңғы орында

Мемлекеттік қызмет жүйесін құрудың мансаптық ұстанымы енгізілген. Бұл жаңалық, ең алдымен, мемлекеттік қызметші жұмысының тиімділігін арттыруға ба­ғытталған. Теміртау қаласында бар­лығы 136 мемлекеттік қызметші болса, жаңа заңға сәйкес, 11 адам жоғары лауазымға келіп, 56 адам біліктілікті арттыру және қайта даярлау курсынан өткен.

Тұрғындарға мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыруға да үлкен көңіл бөлінуде. Жылдың басынан 37430 қызмет көрсетілген. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 10%-ға жоғары.

Қылмысқа жол жоқ

150 офицер, 130 сержанттан тұратын жергілікті полиция қызметі құрылып, белсенді түрде қызмет атқаруда. Қаланы қамтитын шолу маршруты әзірленіп, бұл жұмысқа тұрғындарды тарту көзделіп отыр. Осы мақсатта құрамына мемлекеттік мекеме басшылары, қалалық мәслихат депутаттары, ардагерлер ұйымының өкілдері кіретін 13 түрлі кеңес құрылған. Сонымен қатар, Теміртау қаласы барлық қылмыстық құқықбұзушылықтар белгіленіп отыратын қылмыстық айып карталарының бағдарламасына енгізілген.

Бас бостандығынан айыру орындарынан келген және есепте тұрған азаматтарды әлеуметтік бейімдеудің тиімді жүйесін құру мақсатында олардың жұмысқа орналасуына ықпал ету шаралары жүргізілуде. Осы кезге дейін жұмыспен қамту органдарына келген 111 адамның 23-і жұмысқа орналастырылып, 9-ы қайта даярлаудан өткен.

Қаланың даму

динамикасы

Теміртау қаласында өнер­кәсіп пен инновацияны дамытуға барлық жағдай жасалған. Үстіміздегі жылы 2606 кәсіпорын тіркелген болса, оның 25-і ірі, 63-і орта, 2518-і шағын кәсіпорындар.

Өнеркәсіптік кәсіпорындар 408,1 млрд. теңгеге өнім өндіріп, жыл аяғына дейін 479,8 млрд. теңгеге жеткізуді жоспарлап отыр.

Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру 2,1 есеге өсіп, 559,8 млн. теңгені құраған.

Шағын кәсіпкерліктің де тасы өрге домалап тұр. Тіркелгендер саны – 10 479.

Өңірлік үйлестіру кеңесі 1 212, 1 млн. теңге сомасына 14 жобаны мақұлдап, 719 жаңа жұмыс орындары құрылған.

Қала индустриалды болғанына қарамастан, агроөнеркәсіп кешенінде де инвестициясы 629 млн. теңгені құрайтын болашағы зор 18 жоба бар.

Бүгінгі таңда өзектілігін жоймай келе жатқан қаланың жол мәселесі де назардан тыс қалмаған. Облыстық бюджеттен 143 млн. теңге бөлініп, аудандық маңыздағы және елді мекендердің көшелері жөнделді.

Әлеуметтік саланы жаңғырту

Қаланың барлық мектептері 12 жылдық білім беруге дайын. Осы орайда 50112,276 мың теңгеге оқулық алынған. Үштілді білім беруді енгізуге дайындық жүргізілуде.

Жеке меншік медицинаны дамытуға, медицина мекемелерінде корпоративті басқаруды енгізуге үлкен көңіл бөлінуде.

Қала «Менің елім», «Нұрлы болашақ», «Қазақстан энциклопедиясы» сияқты барлық ұлттық жобаларға қатысады. «Мәңгілік ел» идеясының ролін нығайту мақсатында Қоғамдық келісім кеңесі өз қызметін жүзеге асыруда.

Көліктік-логистикалық, энергетикалық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы «Жалпыға ортақ еңбек қоғамы» идеясын толықтыруда. «Нұрлы Жол» бағдарламасының аясында «Баймырза-Теміртау» жолы жөнделуде.

Еңбекпен қамту бағдарламасының аясында 2016 жылы 56 адам жұмысқа орналастырылған.

Халық пен билік арасындағы байланыс

18 адамнан тұратын қоғамдық кеңес құрылды. Осы кезге дейін 7 кеңес өткізіп, азаматтардың 12 өтінішін қарастырған. Олардың әрқайсы бойынша нақты шешімдер қабылданып, ұсыныстар берілген.

Мемлекеттік орган басшыларының қаланы дамыту бағдарламасының негізгі жетістіктері туралы халық алдында есеп беруі тәжірибесін енгізу жүзеге асырылуда.

Тұрғындармен байланысты жүзеге асыру үшін әлеуметтік желілерде әкімшілік пен мемлекеттік мекемелердің аккаунты құрылған.

Айта кету керек, Теміртау қаласының тұрғындары биыл жылу мәселесін уайымдамайтын болды. Себебі, жылумен жабдықтайтын «Арселор Миттал Теміртау» АҚ тарифті өзгеріссіз қалдырады.

Салтанат ИЛЬЯШОВА

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.