Зерделі зерттеулерге зер салсақ…
Абай мұрасын әлемдік таным-білік тұрғысынан тану мен насихаттау үшін әлеуметтік, гуманитарлық ғылымның қол жеткізген межесі дәрежесінде талдау қажеттілігі ерекше байқалып отыр. Себебі, Абайдың ақындығы мен ойшыл тұлғасы – тарихи кезеңнің әлеуметтік болмысымен және шындығымен қалыптасқан бірегей құбылыстың көрінісі.

Филология ғылымдарының докторы, профессор Шәкір Ибраевтың «Абай феномені» (2021) және «Абайдың ақындық бейнесі» (2023) аталатын ғылыми зерттеулері ұлы ойшылдың ақындық тұлғасы мен шығармашылығын ұлттық әдебиеттанудың заманауи жетістіктері мен концептуальдық тұжырымдары тұрғысынан талдауға арналған. Бұл еңбектер қазіргі әлемдік әдебиеттануда басты бағыттардың бірі болып отырған әдеби мұраны әлеуметтік парадигмасына ден қоя зерделеу талабының үдесімен ұштасады. Автор замана шындығының ақын таным-білігі арқылы көрініс табуын пайымдауды мақсат тұтқандықтан, абайтану ілімінде бірқатар мәселені жаңаша қарастыруға болатынына назар аудартады.
Көрнекті ғалымның бұл еңбектерінде «Абай поэзиясын феноменологиялық аспектіде зерделеудің маңыздылығы әдебиеттанудың жаңа деңгейін игеру ғана емес, ақын өлеңдерінің терең психологиялық иірімдерін, эстетикалық табиғатын және сананың қайталанбас дара сипатына сай сәйкес бейнеленген болмыстық шындығын тарата талдау» арқылы зерттеу нысанына түскен.
Автор Абайдың ақындық және ойшылдық тұлғасына, шығармашылық үдерісінің қыр-сыры күні бүгінге дейін трансценденталды феноменология тұрғысынан зерттелмеген себептеріне де тереңдей ой жібереді. Оны «абайтану пәнінің қалыптасу тарихында материалистік, атеистік, идеологиялық тұғырнамалардың үстемдік құрып, тарататын мәселенің түп негіздерінде осылармен байланысты ұғымдардың әлі де болса қалып қойғанын аңғарсақ керек» деген пікірі дәлелдейді. Көркем әдебиеттің заман талабына сай келіп, биік идеялы, терең мағыналы болуы – ең негізгі қағида деп білген Абайдың «қуатты ойдан бас құрап» шыққан құдіретті көркем жырымен халықтың сана-сезімін сергітіп, ел көңілін заманның келелі мәселелеріне аударып, болашаққа бой ұрған мұрат-мақсатының жетекшісі бола білгендігі ғылыми жүйеде жаңаша сараланады.
Ғалым Ш.Ибраев кешенді зерделеуді мақсат тұтқандықтан, абайтануда қағидаға айналып бара жатқан кейбір пікірлерді талқылай келе, әлемдік әдебиеттанудың соны талаптарымен ұштасатын тұжырымдар жасайды. «Абайтанудың заманауи мәселелері» аталатын тараудағы ақын мұрасын әлемдік әдебиеттанудың тың бағыттағы әдіс-тәсілдерімен зерделеу қажеттігі туралы ойлары көңіл аударарлық. Мысалы, «Қалай десек те, абайтанудың бағыт-бағдары – Кеңес дәуіріндегі идеологиялық тұғырнамадан теперіш көрген сала. Ол идеологиядан құтылғанымызбен, сол заманның әдебиеттану ғылымының ұғымдарынан, категорияларынан, пайымдау машығынан, талдау тәсілдерінен әлі арыла қойған жоқпыз» деген пікірі әркімді де ойлантпай қоймайды. Шын мәнінде де абайтану ілімінде Алаш арыстары негіздеген бағалауларды алдыға салып қойып, кеңес дәуіріндегі біржақты көзқарастарды тілге тиек етуден аса алмай жүргеніміз жалған емес. «Абай – дана, Абай – дара қазақта» деп қойып, оны дәлелдеуге келгенде бұрыннан белгілі жайттарды термелей жөнелетін шешендер көбейіп отырған осы шақта, автор ақын мұрасының эстетикалық жүйесі мен прагматикалық ерекшелігін заманауи ізденістер арқылы зерделеп бере алған.
Ш.Ибраевтың бұл зерттеулері сол талап деңгейінде табылуымен қатар, абайтану ілімінің ғана емес, қазіргі қазақ қоғамының өзекті мәселелеріне де арналған. Әлемге Хакім Абайды қандай жоғары дәрежеде танытуға қол жеткізсек, ұлтымыздың да мәртебесін соншалықты асқақтата түсетініміз анық. Бүгінгі абайтануда енді жазылар тың ізденістерге толы сан қырлы аспектідегі ғылыми еңбектер арқылы бүгінгі қоғамға, жас ұрпаққа ақын мұрасын жан-жақты насихаттау мен таныстыру, жарқын болашаққа жол бастаудың бастамасы айқын көрініс тапқан. Хакім Абайдың биылғы 180 жылдық мерейтойы қарсаңында әдіснамалық тұрғыда жаңашыл, ғылыми сипаты терең бұл зерттеулердің жарыққа шығуы құптарлық қадам деуге болады. Абайдың феноменологиялық экзистенциональдық әлемін эстетикалық және парадигмалық аспектіде айқындау мен зерделеу бағытындағы жаңаша ғылыми бастамаларымен құнды зерттеулер екені айқын.
Жандос СМАҒҰЛ,
филология ғылымдарының докторы, профессор