Зейнолла МЕЙРАМБЕКОВ: «Өнерге кездейсоқ келмедім»
Ұлт өнерін өркендетіп, оның ішінде Арқа ән өнерінің қанат жаюына үлес қосып жүрген азаматтар жетерлік. Олардың көбі бүгінде әлемдік сахналарда ән салып жүр. Өңірдегі өнер ұжымдарының өрлеп, өркендеуіне үлес қосқан өнер иесі – Зейнолла МЕЙРАМБЕКОВ еді. Қырық жылғы қызметін мінсіз атқара білген азамат бүгінде жетпіс жасқа толған мерейтойын атап өткелі отыр. Облыстың өркендеуіне үлес қосқан ел қайраткерімен сұхбаттасқан едік.
– Аға, өнерге кездейсоқ келмеген боларсыз?
– Бала жастан ән айтуды ұнаттым. Басында жұмысшы болып жүргенде, іштей ойлаушы едім, түбінде өнерге кетем-ау деп. Алғашында №2 автопаркте автослесарь, кейін «Стаханов» шахтасында жұмысшы болдым. Осы жолда Қарағанды пединститутының «Музыка және ән» бөліміне түсіп, оқып бітірдім. 1970 жылы сол институтты бітіріп, әскери борышымды өтеуге аттандым. Әскерде жүргенде де өнерден қол үзгем жоқ. Мәдени шараларға қатысып жүрдім.
– Әскери адам болып елге оралғанда да өнерді шетке ысырған жоқсыз ба?
– Әскерден келгенде де бірден өнерге бой үйрету мүмкін болмады. Оның үстіне оңай сала емес, бірден әнші болып кетпейсің. Заманның тынысымен 1971-1980 жылдар аралығында бөлім меңгерушісі, 1980-1985 жылдары облыстық партия комитетінде мәдениет бөлімінің нұсқаушысы болып қызмет атқардым. Қалалық комсомол комитетінің екінші хатшысына дейін көтерілдім. Ал, 1985 жылы облыстық кәсіподақтар комитетінде тәрбие, мәдениет және спорт бөлімінің меңгерушісі қызметінде болдым. 1990-1994 жылдар аралығында облыстық Мәдениет басқармасы бастығының орынбасарлығына көтерілдім. Өнердегі барлық ілкімді жобалар мен жұмыстар осы кезден басталды. Басшылық қызметте, оның үстіне өнерпаздардың ортасында жүріп қана өнердің ыстық-суығын толық сезіндік.
– Өнер адамына бағаны халық береді. Қаласа, атағын көкке шығарып қояды. Десек те, басшы үшін өлеңшіге тұсау салу, тәртіпке бағындыру оңай емес қой?
– Әрине, өнер адамының бабын табу деген оңай шаруа емес. Өйткені, талғампаз жандардың көбі өнер саласында жүреді. Бірі атағын алып алған, бірі өнерге енді келген. Бірақ, бәрін бір ұжымға иіріп әкету, ұйымдастыра білу – менің басшы ретіндегі басты міндетім болды. Оның үстіне ел тарихында да бұл уақыт бір ауыр кезең еді ғой. Халықтың әлеуметтік жағдайынан бөлек, өнерді шын бағалайтын, жанашыр адамдар аз болған кез. Мәдениет ошақтарын сақтап қалу да қиынға соқты. Ол кезде облыстық филармонияны басқарған Ян Михайлович Симоновский ауыр науқастан қайтыс болды. Содан бұл қызметті жалғастыру міндеті маған жүктелді.
– Сөйтіп, сіз басқарған жылдары облыстық филармония үлкен концерттік бірлестік болып құрылды ғой?
– Иә. Бірте-бірте Тәттімбет атындағы академиялық қазақ ұлт аспаптары оркестрі, симфониялық оркестр, джаз оркестрі, фольклорлық «Арқа сазы», фольклорлық «Аққу» би ансамблі сияқты он шақты ірі ұжымнан құрылған облыстық филармония құрылып, бүгінде республикадағы үлкен бірлестікке айналды. Атақты өнер майталманы Қали Байжановтың аты беріліп, бірлестіктің ел алдындағы, тіпті, әлем сахналарында танымалдылығы артты. Бір ғана Тәттімбет оркестрі жылдан-жылға шыңдалу үстінде. Ресейде, Қытайда концерт ұйымдастырды.
Бүгінге дейін репертуарларын аса ыждаһаттылықпен қарап отырамын. Өнер ұжымы әрбір жаңа маусымға жауапкершілікпен дайындалады. Ұжым сахнада орындалатын әр нөмірге, тіпті, әр қимылға аса мән береді. Халықтың өзі дайындықтың нәтижесінде үлкен еңбектің жатқанын бірден байқайды.
– Мәдениет саласының жанашырлары Сіз басшылық жасаған тұста, Тәттімбет атындағы академиялық қазақ ұлт аспаптары оркестрі және фольклорлық «Аққу» би ансамблінің дәурені жүріп тұрған кез болған дейді. Осы қаншалықты рас?
– Екі ұжым қыруар еңбектің нәтижесінде биік белестерді бағындырды. Ұжымда жоғары қабілетімен ерекшеленген өнерпаздар көп болды. Біз жұмыс бастаған уақытта шығармашылық ұжымдардың репертуары мен орындайтын шығармаларына дейін жіті мән беретінбіз. Әр жұмыстарын жеке бағалайтынбыз. Тіптен, шеберлікті шыңдау үшін қазақ музыкасын кәсіби биікке көтерген Шамғон Қажығалиевтен тәлім алдық. П.Грибанов, С.Ферулев, американдық И.Коциныш секілді танымал дирижерлермен жұмыс жасадық. Сөйтіп, ұжымдар үздік шеберлік көрсетуімен халықтың көңілінен шыға білді. Бірлестіктің жұмысына қазір елімізге белгілі өнер майталмандары – Мейірхан Адамбеков, Жақсыкелді Кемалов, Сержан Мұсайын, Дәуренбек Әркенов үлес қосты. Біздің шығармашылық ұжымдар өнерпаздардың арқасында үлкен қошеметке бөленіп келеді. 2008 жылдан бастап басшылық тізгінді алған Талғат Нүсіпұлы – білікті басшы. Орынбасар ретінде сегіз жыл тәрбиеледім. Оған қоса, облыстық мәдениет департаментінің қолдауымен де біршама жұмыстар орындалған болатын.
– Десек те, қиындық туындаған кездерді аттап кете алмаймыз ғой?!
– Иә, облыстың әр саласында дамуға құштар, бірақ кенжелеп тұрған тұстар көп болды. Жазғы театрдың құлатылуы, Кеншілер мәдениет сарайының сатылып кетуі секілді келеңсіз жағдайлар мәдениет саласында орын алды. Бұл сәтсіздіктерді кейбір басшылардың өнерді терең түсінбеуі деп түсінгеніміз жөн шығар. Себебі, халық өнерді сүйеді. Өнерден алыстап кетпейді. Сол кездері басшылыққа білікті, өз ісінің шебері Рымбала Омарбекова келді. Білікті басшының дұрыс жұмысының негізінде облыстық қазақ драма театрының құрылысы жоспарланып, салынды. Ауқымды концерттер ұйымдастырылып, шығармашылық бірлестіктер қайта жанданды.
– 7 тамыз күні мағыналы ғұмырыңыздың биік белесі – 70 жасқа келесіз. Бүгінде өркен жайып, әулеттің тірегі, арқа сүйері болып отырсыз. Сіздің ойыңызша өнерге жанашыр адам қандай болуы керек?
– Ғұмырымның басым бөлігінде үлкен өнер ұжымын басқардым. Орысша оқып, орысша білім алдым. Әкем қазақша үйрен, қазақ бол деді. Сөйтіп, ата-баба жолын ұстанып, қазақ өнеріне бас иіп, дәріптеп өттім. Барлық туыс, жақын, таныстарыма қазақы өнердің қасиеттілігін дәріптеуге тырысамын. Бүгінде 93 жастағы енем қолдаушым болып келеді. Мені жетелеген үлкен ағам Қадырбекке өмір бойы алғысым шексіз. Өнердегі қолдаушым болып қасымнан табылған жарым Әминамен 46 жыл біргеміз. Бәрі мені қолдап келеді. Тіпті, Америкада IТ саласында білім алып жүрген немерелеріме келген сайын ұлттық өнерге қатыстының бәрін бойларына сіңіріп, жаттатып отырамын. Немерелерім де ұлтжанды, қазақ ұлтын сүйеді. Соларға қарап болашақтың жарқын боларын сеземін. Қазақ ән өнерінің өлмейтінін білемін. Білікті, өнерлі, зерек жастар өсіп келеді. Олар тек жақсы ұстаздан сабақ алса жеткілікті.
– Өмірдің талай белестерінен табысты өттіңіз. Ал, өнерде өкінішіңіз жоқ па?
– Өкінішім жоқ. Алланың берген ғұмырына тәубе деймін. Өнердің басы-қасында жүрген басшының басты міндеті – бабадан қалған ұлы мұраны сақтап қалу. Оны халыққа саф таза күйінде ұсына білу. Қызмет жолымда Арқа өнерінің дамып, өрістеуіне бір адамдай еңбек сіңірдім деп ойлаймын. Себебі, Арқаның қазағын, өнерін, дәстүрін сүйемін. Қарағандылықтардың мені жақсы басшы дейтіні содан шығар, бәлкім?!
Ал, ұжыммен еңбек еткенде тек басшы ғана емес, ішінде біте қайнасып, әнші де, актер да, режиссер да болдым. Сөйтіп, өнердегі жолымды өзім салдым. Бұл жолда өкінішке де, өкпеге де орын жоқ.
-
Аға, мерейтойыңыз құтты болсын! Әңгімеңізге рахмет!
Аяулым СОВЕТ