Зейінді Қарақат


    «Шәкіртсіз ұстаз тұл» дегендей, әр мұғалімге өз шәкіртінің жетістіктеріне куә болу шексіз қуаныш екендігі ақиқат. Баланың ата-анасынан кейінгі тәрбиешісі, әрбір жетістігіне шексіз қуанатын – ұстазы. Сондықтан, әр шәкіртіміздің жетістігі – біз үшін мәртебе.

Сондай оқушыларымыздың бірі – Қарақат Құрмашева Ы.Алтынсарин атындағы мектеп-гимназиясы базасындағы тірек мектебінің 8-сынып оқушысы. Жуырда Алматы қаласында қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі – Ыбырай Алтынсарин шығармашылығын оқушылар арасында кеңінен насихаттау, ақын шығармалары негізінде өскелең жас ұрпақты адамгершілік рухында тәрбиелеу мақсатында өткен І республикалық Ыбырай оқуларының «Оқысаңыз, балалар…» атты мәнерлеп жатқа оқу сайысына қатысты. Өзінің зеректігін көрсете білген жас өрен жүлделі І орынға ие болып, мектебіміздің абыройын асырды.
Қарақат болашақта қоғамда алар өз орны бар тұлға болсам деп армандайды. Оның арманы – белгілі журналист болу. Осы мақсатына жетуге талпынған ол түрлі байқауларға қатысып келеді. Бұл өз-өзін шыңдаудың, тәжірибе жинақтаудың бір жолы екенін айтады өзі. Осы оқу жылының өзінде Қарақаттың жетістіктері жетерлік. «Сен неткен бақытты едің, келер ұрпақ…» атты YII Қасым оқуларындағы «Қазақ аспанында – Қасым рухы» аталымында екінші орын алса, наурыз айында өткен «Ақ қанат арман» атты бүкілқазақстандық сырттай байқауында жүлделі бірінші орынды иеленді. Ақиық ақын М.Мақатаевтың туған күніне орай өткізілген «Ақын – халықтың жүрегінде» атты республикалық өлең байқауына қатысып үшінші орынды қанжығалады. Сонымен қатар, Қарақат Абай мен Шәкәрімнің 310 өлеңін жатқа біледі. Қарақаттың осындай биіктерді бағындырып, жеңіс тұғырынан көрінуіне әуелі ата-анасының берген тәрбиесінің арқасы деп білеміз. Талапты да зерек баланы тәрбиелеу басқа отбасыларға да үлгі боларлық деп ойлаймыз. Сонымен қатар, мектеп ұстаздарының да еңбегі айрықша.
«Ұстаздық еткен жалықпас үйретуден балаға» деген ұлы Абай бабамыз. Ұстаздардың жас ұрпақтың санасына сыналай енгізетін тәлім-тәрбие, үлгі-өнегесі өлшеусіз. Ұстаздардың еңбегі жастардың болашағын айқындайді. Сондықтан, бүгінгі еккен дәндеріміз ертеңгі жеңісті, жемісті күннің кепілі екенін ұмытпауымыз керек. Қарақаттай шәкіртімізге өмір жолында қанатың талмай, биіктерге самғай деп тілектестік білдіремін.

Гүлмира САҒЫНДЫҚОВА,
Ы.Алтынсарин атындағы
мектеп-гимназиясы
базасындағы
тірек мектебінің мұғалімі.

ШЕТ ауданы.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.