Ресми

Үздік тəжірибе дамуға жол ашады

Облыс əкімі Ермағанбет Бөлекпаев облыс орталығындағы емханаларды тексергеннен кейін қызмет көрсету сапасын жақсарту тəсілдерін ойластыруды мұқият тапсырды.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Аймақ басшысына облыс тағы алғашқы үздік тəжірибелер орталығы көрсетілді. Ол өткен жылдың қараша айынан бастап, Қарағандының №3 емханасы жанында жұмыс істейді. Орталыққа ОңтүстікШығыс, Федоровка, Кирзавод жəне Мелькомбинаттың 55 мыңнан астам тұрғыны тіркелген.

Қабылдау, жайлы күту аймақтары, пациенттерді қолдау кабинеті, онда шағымдар мен туындайтын барлық мəселелер «Осында жəне қазір» қағидаты бойынша шешіледі. Бұл – орталықтың арқасында пайда болды.

– Негізгі мақсат – медициналық көмектің қолжетімділігін арттырып, емделушілерге ыңғайлы жағдай жасау. Жаңа жүйе науқасқа бағдарлануымен, көпсалалы тəсілімен ерекшеленеді. Осы арқылы шағымдар азайған. Бірінші қабатта, тіркеу орнының жанында пациенттерді қолдау қызметін орналастырдық. Осылайша, барлық мəселені бірден шешуге болады, – дейді №3 емхананың Ахуалдық орталығының басшысы Əсел Есенбаева.

Жаңа жобалардың бірі – «Алғашқы 5 минут пациенттер көзімен». Бұл бастама кезекті болдырмауға, кері байланысты жақсартуға мүмкіндік береді.

 

Мұнда науқастардың əлеуметтік жағдайына ерекше назар аударылады. Өйткені, орталықтар отбасылық медицина ұстанымына бағытталған.

Халықтың медициналық сауаттылығын арттыру да – аса маңызды. Ол үшін дұрыс тамақтану, алғашқы медициналық көмек жəне басқа да үйрететін денсаулық мектептері ашылған.

Облыс əкімі патронаждық медбикелермен жəне əлеуметтік қызметкерлермен де сөйлесті. Олар өз жұмысының артықшылығы мен проблемасын айтты.

Аталған тəжірибе алғашқы медициналық-санитарлық көм екті реформалауға көмектеседі. Мұндай орталықтар облыстың барлық емханаларында енгізілуі тиіс екенін айта кеткен жөн.

– Мұны тезірек жəне барлық жерде жүзеге асыру керек. Денсаулық сақтау басқармасының басшылығына аймақтағы барлық қала мен ауданда озық тəжірибелер орталықтарын құруды тапсырамын, – деді Ермағанбет Қабдулаұлы.

Жəлел ШАЛҚАР,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button