«Ұзамай қар да кетер, жаз да болар…»

Наурыз

Аспанда күннің нұры,
Мақпалдай жердің түрі.
Куаныш мал мен жанда,
Қыс шыққан өлмей тірі.
Ойнаған анау бала,
Көк орай жалын дала.
Егіндік егін еккен,
Ұзамай болар жаңа.
Бай, жарлы келген күйі,
Ойын-той ауыл, үйі.
Қой сойып, қонақ асы,
Мырзалық еткен сыйы.
Келіпті жылдың құсы,
Күнде шу көлдін, тұсы.
Күн жылы ызғары жоқ,
Жаз шығып, кеткен қысы.
Боздаған анау түйе,
Кұлындап жатыр бие.
Гүлдеуге бет алып тұр,
Қызарып қызыл шие.
Егінші егін егіп,
Қостанып арба жегіп.
Тыныш жоқ ерте мен кеш,
Еңбекпен азап шегіп.
Ат шауып, тау жарысқан,
Таласып бәйгі алысқан.
Көтерем арық-тұрық,
Жаз шығып жайланысқан.
Ойын-той болып жатқан,
Ел көшіп, қонып жатқан.
Жаз шығып, жазғытұры,
Анау мал толып жатқан.
Жайнаған терең сайлар,
Ойнаған құлын, тайлар.
Ел қонып көл жағалай,
Өріске малын айдар.
Гүл өсіп гүл-гүл жайнар,
Бұтақта бұлбұл сайрар.
Тіріліп құрт-құмырсқа,
Жер жүзі быж-быж қайнар.
Сұлу жүр сылаңдаған.
Күлімдеп қыландаған,
Ерініп бір басуға,
Жас талдай бұраңдаған.
Қыдырып жігіт сылқым,
Ерігіп күнде дарқан.
Жеңгесі жылы жүзді,
Ат қойып кенже қалқам.
Аспанда күннің нұры,
Мақпалдай жердің түрі.
Қуаныш мал мен жанда,
Қыс шыққан өлмей тірі.

Міржақып Дулатұлы

Наурыз тілегі

Біреуім екеу болып, мал қосылды,
Қорама жүз-жүз лақ, қозы толды.
Ызғарлы, қыс-зымыстан,суық кетіп,
Аспаннан күн күлімдеп, шырай [қонды] енді.
Ұзамай қар да кетер, жаз да болар,
Сай-сала күрілдесіп, суға толар!
Бөленіп жер жеміске, мың құлпырып,
Шалғынға көкорайлы ауыл қонар.
Жаз исі бүгін келді, жан жайланды,
Кешегі көрген бейнет артта қалды.
Өмірге жаңа жолдар ашатұғын
Жаңа жыл- бүгінгі күн — жаздың алды.
— Қатын тұр, көжеңді ішіп, асыңды сал!
Келейін түске шейін мен жайып мал!
Жаңа жыл — шілде күні — өмір басы,
Тойынсын бүгінгі күн жас балалар!
Бас қосқан: шалдар, жастар бөлек-бөлек,
Қамдаған үй қожасы мейрамды елеп.
Шараны шайқалдырып алып салды
Шалдардан енді бұған бата керек!
— Ақсақал, «илай-аумин»- батаңды бер,
Көгерсін көкірегінде ең кіші ел!
Бір малын келер жылға екеу қылып,
Кәсіпке жұмылмаған қалмасын ер!
Береке күннен — күнге таса берсін,
Кедейдің үстемдігі аса берсін!
Құдайдың не бергені қайырлы боп,
Ел өрлеп ілгері аяқ баса берсін!

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы

Наурыз

Ақпан кетті араз боп наурызбен,
Наурыз жүр жоғалған бағын іздеп.
Көктем жетті көрісіп, жанын үзген,
Қыс аттанды қоштасып тағы бізбен.
Көктем жетті көл-көсір шуақ қуып,
Қыс барады қиылып, жылап тұрып.
Шатырында үйлердің наурыз жүр,
Мұз көргісін ақпанның лақтырып.
Тозған тонын бойына кие алмай бір,
Қайда барса қарт Аяз сыя алмай жүр.
Асқар таулар атасын шақырады,
Ой мен қырын атасы қия алмай жүр.
Қарар емес наурыз атағына,
Алар емес ақпанды қатарына.
Күні бойы жылаған қарт пенденің,
Түні бойы мұз тоңды сақалына.

Мұқағали Мақатаев

***

Сен ортақ дастарқансың бәрімізге, 
Татырған сары уыздың нәрін бізге. 
Наурыз, сен көктемдегі үмітіміз, 
Жарылқар берекеміз сары күзде. 
 
Наурыз – ол емес әсте дырду-думан, 
Киік емес қиқулап бір күн туған. 
Ол – қыздың кісілікпен көшеленіп, 
Рухани есеюі ұлдың туған. 
 
Наурыз – ол ұсақтықтан арылуың, 
Халықтың бірлігінің мығымдығы. 
Күдіктің безбеніне тартылмайтын, 
Қазақи Ата дәстүр Ұлылығы. 

Музафар Әлімбаев