Руханият

ЗАЙЫРЛЫЛЫҚ – ЖІКТЕЛІСКЕ ТОСҚАУЫЛ

     Бүгінгі Қазақстан қоғамындағы өткір мәселенің радикализмнің алдын алу. Еліміздегі соңғы бес-алты жылдың көлемінде орын алған діни сипаттағы оқыс оқиғаларды, сондай-ақ, алыс-жақын шетелдерде болып жатқан озбырлыққа толы жантүршігерлік жайттарды назарымызға алсақ, оның ішінде осы қозғалыстар үдерісінде айқайға сүрең қосып аттандаған өз отандастарымыздың бар екенін ескерер болсақ, мәселенің өзектілігі айқын.

     Дінді құндылық ретінде танып, оның лайықты бағасын бере алмасақ, жымысқы пиғылды жат күштер дінді құбыжық етіп көрсетуден тартынбайды. Әсілі, адамзат тарихына зер салсақ, діни алауыздық тудыру тенденциясының бағзыдан бар екеніне көз жеткіземіз. Дегенмен, үшінші мыңжылдықтың басында кейбір күштер Ислам дінін қаралау мақсатында адам қанын төгуге дейін баратын сұрқия ойындарды шімірікпестен ұйымдастыруда. Өкініштісі, діни сауаты жоқ азаматтар осындай қарақұйын қозғалыстың құрбанына айналуда. «Ауруын жасырғанды өлім келіп әшкерлейтінін» ескерсек, қазақ қоғамында орын ала бастаған әсіре діншілдікті жасырмай, онымен белсенді күресуіміз керек деп білеміз. Осы тұрғыда күн тәртібінде тұрған өзекті деген мына мәселелер оң шешімін табуы тиіс деп білеміз.

    Біріншіден, Қазақстан Республикасы Атазаңы бойынша біздің ел зайырлы мемлекет болып саналады. Ал, зайырлылық дегеніміз қандай мемлекеттік құрылым? Біз Атазаңымызда атап көрсетілген мемлекетіміздің негізгі басым бағыты саналатын зайырлылықты дұрыс ұғынбайынша, Қазақстан қоғамындағы діни құндылықтарды бағалау мен тұтынудың деңгейін де толық түсініп-біле алмаймыз. Егер, кейбір азаматтарымыз заңымызда көрсетілген зайырлылық қағидаларының мемлекетіміздің баянды болашағы үшін оң шешім ретінде қабылданғанын сезінсе, әсіре діншілдікке бой алдырмас еді. Демек, бұл тенденция — отандастарымызға заң шеңберінде діни еркіндік бере отырып, олардың бойына зайырлы мәдениет құндылықтарын сіңіруге басымдық беру керектігін көрсетеді.

     2011 жылы «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы Заңды» қайта қабылдауға негіз болды. Бұл заңда тайға таңба басқандай «ханафи бағытындағы исламның және православтық христиандықтың халықтың рухани өміріндегі тарихи рөлін мойындайтынымызды» айтылады.

    Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алғаннан бергі ширек ғасыр уақыт аралығында діни қатынастарды реттеуде мол тәжірибе жинақтады. Бүгінгі таңда Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығы, Діндерді талдау және зерттеу орталығы, Философия және дінтану институты, облыстық және оған теңестірілген қала әкімшіліктерінде Діни істер басқармасы, деструктивті діни ағымдардан зардап көргендерге көмек көрсету орталықтары, яғни, мемлекет механизмінде діни мәселелерді зайырлылық шеңберінде реттейтін ұзын-ырғасы ондаған мемлекеттік құзыретті органдар жұмыс жасайды. Сондай-ақ, діни қатынастарды реттеуде мемлекеттік құзыретті органдар мен діни бірлестіктердің арасында әріптестік тығыз қарым-қатынас орнаған. Бұл еліміздің локальді ерекшеліктері ескерілген зайырлылықтың қазақстандық моделінің қалыптаса бастағанын әйгілейді. Біз мемлекет пен дін бір-бірінен бөлек саналатын классикалық зайырлылықты емес, қажет жағдайда мемлекеттік құзырлы орындар мен діни бірлестіктердің әріптестік қарым-қатынасы орныққан конкордаттық зайырлықты қалыптастыру үстіндеміз. Яғни, біз діни тағаттылық пен төзімділікті, дінаралық өзара үнқатысу мен ықпалдастықты арттыратын, мемлекеттілігімізді өміршең ететін зайырлылық үлгісін дәуір талабына сай дамытып отыруға тиістіміз.

    Екіншіден, біз әсіре діншілдіктің алдын алу үшін халықтың ортадоксалды діни танымының қалыптасуына жағдай жасауымыз қажет. Діни радикализмге қарсы тұратын иммунитет қалыптастыру үшін ең алдымен отандастарымыз дұрыс діни мәлімет пен білім алуы тиіс. Қазір елімізде исламдық бағыттағы көшбасшы ұйым — Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасына қарасты 2300-ден астам мешіт жұмыс істейді. Бұл мешіттердегі кешкілік курстарда жамағатқа тұрақты түрде діни сабақ беріледі. Сонымен бірге, елімізде имамдар дайындайтын Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университеті, арнаулы орта оқуына теңестірілген 10 медресе бар. Бұдан өзге әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ, Түркістандағы ХҚТУ, Шет тілдері және іскерлік қарьера университеті, Қарағанды мемлекеттік университеттерінде дінтану факультеттері мен бөлімдері жұмыс істейді. Діни ақпаратпен қамтамасыз ететін «Ислам және өркениет» газеті, «Иман», «Шапағат-Нұр», «Мұсылман», т.б. мерзімді басылымдар шығады. Сондай-ақ, 100-ге жуық ғаламторда діни сайттар жұмыс істеуде. Діни радикализммен белсенді түрде күрес жүргізу үшін Республикалық ақпараттық түсіндіру тобы құрылды. Яғни, осы діни культтік орындар мен оқу ордалары және діни мәлімет беретін ақпарат көздерімен тағы басқа құрылымдар бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып халықтың ортадоксальді діни танымының қалыптасуына бірлесіп жұмыс жасаса, бұл үлкен қосын – әсіре діншілдіктің толықтай алдын алған болар еді.

    Үшіншіден, біз Қазақстан мұсылмандарының біртұтастығын сақтай алсақ, ел қауіпсіздігінің нығая түсуіне ықпал еткен болар едік. Кезінде, ХІХ ғасырда этнограф-ғалым В.Радлов алты мың шақырымдық аймақты мекендейтін Қазақ халқының әдет-ғұрпы, салт-санасы, ойлау жүйесі, дүниетанымы, сенім-нанымы бір екенін көріп, «Бұл не деген рухани біртұтастық» деп тамсанып жазған болатын. Ал, қазір сырттан келген діни ағымдардың белсенді жұмыс жасауымен, Алаш баласы қаншама жамағатқа бөлшектеніп кетті. Сөз жоқ, бұл қазақ қоғамының ең үлкен қасіреті! Қазір дін ұстаған халықтың басым көпшілігінің арқа сүйер пірі — біздің имамдарымыз емес, сырттан келген келімсек діни жамағаттардың шейхтары болып отыр.

    Төртіншіден, дәл бүгінгі күні әсіредіншілдік идеяларын тарататын бірден-бір құрал — ғаламтор ресурсы болып отыр. Бұрын жыл сайын ішкі істер министрлігі «терроризм мен экстремизмді насихаттайтын баспа өнімдерін тәркілейтін. Соңғы жылдары тәркіленетін өнім күрт азайды. Бұл терроризммен күрес нәтижелі деген сөз емес.

   Қазір баспа өнімі керек болмай қалды. Біз енді терроризммен интернетте күресу жолдарын меңгеруіміз керек. Қазіргі террорлық ұйым мүшелерінің ішінде «интернет менеджментін» меңгерген мамандар бар. Экстремистер кейінгі жылдары әлеуметтік желі ғана емес, түрлі интернет қосымшаларды да пайдаланады. Деструктивті ағым жетекшілері немесе Қазақстаннан шетелдерге кеткен діни ағым өкілдері Мекке, Мединеден skype (интернет қосымша – ред.) арқылы аптаның белгілі бір күні уағыз жүргізеді. Қазақстанда мыңдаған адам сол экстремистік уағыздарды тыңдайды. Ақпараттық бұл қауіптің алдын алу үшін кибернетика ғылымының жетістіктерін пайдалануымыз керек. Сондай-ақ, Интернет арқылы уағыз жүргізетін экстремистердің аты-жөнін, жүрген жерін анықтаудың, олар жариялап жатқан материалдарды бұғаттап үлгеру өте қиын. Терроризмді дәріптейтін бір сайтты жапқанмен, екіншісі ашылады. Ғаламтор арқылы сырттан келетін ақпараттарға тоқтау салу үшін ғылым жетістіктерін пайдалануымыз шарт.

    Сайып келгенде айтпағымыз, ҚР Президенті Н.Назарбаевтың халыққа жолдауында айтылған Мәңгілік елге айналуымыз үшін біздің саяси және діни-рухани идеологиямызда қарама-қайшылық болмауы қажет. Бізде қоғамдық бірізділік сақталғанда ғана, мемлекетіміздің тәуелсіздігі өміршең бола алады. Демек, қазақ елінің мемлекеттілігі баянды болуы үшін біз әсіре діншілдікке жол бермей, ішкі тұтастығымызды сақтауға мейлінше атсалысуымыз керек.

Мұхан ИСАХАН,

Діни мәселелерді ғылыми зерттеу және талдау орталығы, Исламды зерттеу бөлімінің басшысы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button