АймақБас тақырыпҚарағанды

«Заң мен тәртіп»: биыл облыста 600-ге жуық мас жүргізуші жауапқа тартылды

Қарағанды облысында жыл басынан бері мас күйінде көлік басқарған 600-ге жуық жүргізуші анықталды. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда мұндай құқықбұзушылықтардың саны азайғанымен, жол қауіпсіздігіне төнетін қауіп әлі де өзекті күйінде қалып отыр.

Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, мас жүргізушілерді анықтау бойынша рейдтік және профилактикалық жұмыстар күн сайын жүргізіледі. Әсіресе жазғы демалыс маусымында Балқаш қаласы мен оның маңындағы демалыс орындарында бақылау күшейтілген. Себебі туристер санының артуына байланысты алкогольдік ішімдік ішіп, рөлге отыратын жүргізушілер де көбейеді.

Мәселен, өткен мереке күндері Балқашта мас күйінде көлік басқарған төрт жүргізуші ұсталды. Солардың бірі – 19 жастағы азамат. Ол 7 шілде күні таңғы сағат 06:00 шамасында қала сыртындағы демалыс аймағының маңында тоқтатылған. Тексеру барысында оның жүргізуші куәлігі жоқ екені анықталды. Ал медициналық куәландыру жас жігіттің алкогольдік масаң күйде болғанын растады.

Қарағанды облысы Полиция департаменті Патрульдік полиция батальонының командирі Медет Нұрмұхановтың айтуынша, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатындағы бақылау шаралары алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасады.

– Өткен демалыс күндері Балқаш қаласының демалыс орындарында алкогольдік ішімдік ішкен төрт жүргізуші ұсталды. Олардың бірінің көлік жүргізу құқығы болмаған. Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған профилактикалық жұмыстар мен бақылау іс-шаралары тұрақты түрде жүргізіледі, – деді ол.

Жыл басынан бері ұсталған жүргізушілердің бірі – Алексей. Ол заң талаптарын бұзып, мас күйінде көлік басқарғаны үшін жеті жыл мерзімге жүргізуші куәлігінен айырылып, 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.

Полицейлер жүргізушілерді жолға шықпас бұрын жауапкершілікті ұмытпауға шақырады. Мамандардың айтуынша, алкогольдік ішімдік ішкеннен кейін рөлге отыру тек жүргізушінің ғана емес, өзге жол қозғалысына қатысушылардың өміріне де үлкен қауіп төндіреді.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА
Ortalyq.kz

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Басқа материалдар

Back to top button