Жаңалықтар

Зағип пен газет

«Қытайдың Шыңжан өлкесіне қарасты Іле Қазақ облысы Шапчал ауданында Сібе (қытайша Ши бо) ұлты шоғырлана қоныстанған.

Осы Сібе ұлтының 80-нен асқан көзі көрмейтін қариясы Сібе тілінде шығатын жалғыз газетке жыл сайын жазылады екен. Ол кісіден біреу «Үлкен адамсыз, көзіңіз көрмейді, газет оқи алмайсыз, несіне газетке жазылып, шығынданасыз?»,– деп сұрайды.

– Мен газет оқи алмасам да өз ана тілімде шығатын жалғыз газет жабылып қалмау үшін жазыламын, – деп жауап беріпті қария.

Әлеуметтік желідегі WhatsApp арқылы келген осы қысқа хабар қайдағы-жайдағыны ойға оралтты. СССР-дің дүрілдеп тұрған кезі. Бір аяғымыз кемелденген социализмде, бір аяғымыз коммунизмде. Компартияның ниеттері дұрыс-ақ сияқты. Ешкім қарсы келе алмайды. Партия айтты – бітті. Бізге ұнамайтыны – бір тіл, бір ұлтқа айналасыңдар деген тұжырымы. Оның үстіне ҚазМУ-ді бітіріп келгенімізде аға журналистер бізге мүсіркей қарап, «Орыс журналистикасына түсулерің керек еді, қазақ газеттері мен теле-радио хабарлары біз пенсияға шыққанша тұрар, сендердің замандарыңда жабылады мына түрімен», – деп қамыққан.

Одақтас республикалар арасында негізгі халқы азшылыққа айналған Қазақстан ғана болса керек. Бір дерек. 1979 жылғы СССР бойынша жүргізілген санақта осы Қарағанды қаласында 10% қазақ тұрғанын біреу білсе, біреу білмейді. Нақтыласақ, 56 431 ғана. Оның жартысынан көбі қазақ тілін білмейтін. Ана тілінде сөйлеуге, қазақи менталитетін танытуға арланатын, ұялатын. Көзбен көріп, қолмен ұстаған шындық. Заман солай болды.

Жаңағы Сібе халқының қариясы сияқты бір оқиға ойыма түсті. Көршім – неміс. Ол да, мен де әжептәуір газет-журналдарға жазыламыз. Менікі түсінікті. Көршім немісше шығатын «Фройндшафт» газетін де алады.

– Немісше оқи аласыз ба? – деп сұрадым бірде.

– Жоқ. Немісше қара да танымаймын, сөйлей де алмаймын.

– Онда неге жазыласыз?, – деп таңырқай сұрақ қойдым.

– Неміс емеспін бе? Неміс газетін оқи алмасам да жазылуым керек, – деп әдеттегі бір шаруасын тындыр­ғандай жайбарақат жауап берді.

СССР кезінде құдайы көрші газет Жезқазғанды қоспағанда 150 мың таралыммен шықты. «Орталық» 15-16 мыңға айқай-шу, аттанмен әзер жететін. Қазір шүкіршілік. Көршімізбен таралымымыз бірдей. Ел де, жер де, тіл де өзімізде.

Солай бола тұра өз ағайындарымыз «газетті күштеп жаздырады» деп күңкілдейтіндері бар. Алға тартатындары – демократия. Біз енді екі тізгін, бір шылбырға ие болып, өз қолымыз өз аузымызға жеткенде қазақтарға «қазақ газеттеріне жазылыңдар», деп айтуымыз естіген құлақтан ұят. Әркім санасына салып сараптасын. Алаш арыстары, мәселен Ахмет Байтұрсынов Патша үкіметі «Қазақ» газетіне айып салғанда, ақша төлемеу үшін түрмеге де отырған. Өзі үшін емес, ұстарасыз аузына мұрты түскен (Абай) қазағы үшін.

Демократия – демократиямен. Бір уақ Сібе халқының қариясы мен неміс көршінің айтқандарын парықтасақ, бәрі оңалады.

Мағауия СЕМБАЙ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button