Зұлмат жылдар сыр шертеді…
КСРО империясының тоталитарлық жүйесі тигізген алапат зардап әлі толықтай зерттеліп біткен жоқ. Ең бастысы, «халық жауы», «саяси сенімсіз», тағы басқа айыптармен қуғын-сүргінге ұшырағандар, атылған, жер аударылғандар саны жайлы да нақтыланған дерек жоқ. Бұл жайт өз кезегінде қаншалықты жұмыстар атқару қажеттігін аңғартса керек. Бұрынырақта «Орталық Қазақстанда» жазықсыз зардап шегіп, нәубетке ұшыраған Ғ.Тоқсантаев, М.Ахметов (атақты Дия қажы), О.Сәтібаев туралы ҚР Прокуратурасы құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінен, сондай-ақ, Қ.Қанбатыров туралы нақты дерек те сол комитеттен алынып, жарияланған болатын. Сол істі әрі қарай жалғастыру ниетіндеміз.
Кезінде «Атыңнан айналдым, Жаңаарқам» атты кітап (құрастырушылар: І.Ісләмұлы, Ж.Оспан) жарық көріп еді (Қарағанды: Болашақ-Баспа,1999, 236 б.). Осы кітап тарихи таным саласындағы біраз дүниелерге белгілі бір дәрежеде жолбасшы болғанын да айтқан жөн. Сол өңірден шыққан ақындар туралы қысқаша тоқталып, олар туралы деректер берілген. Түскен Сартбасұлы, Ахметжан Шоңұлы, Дуана Қарпықбайұлы, Шорағұл Қамболатұлы, Өксікбай Құлжабайұлы, Мүсәйіп (Мұса) Байтілеуұлы сияқты талантты жандардың зұлмат заманнан көрген зардаптары баяндалған. Біраз уақыт іздестіру жүргізгендегі нәтижеміз төмендегідей болды.
Мүсәйіп Байтілеуұлы. Руы – Кіші Жүз ішіндегі Таманың Жөгі Қырықбойдағынан. Меккеге 2 рет барған. Ескіше өте сауатты, терең білімді дін адамы болған. Кеңес жылдарында жаңаша оқыған, мұғалім болған. Партияға өткен. С.Сейфуллинге оның өнері, өнерпаздық қасиеті ерекше ықпал еткен. Ол әрі әнші де болған. Арқалы ақындығымен даңқы шыққан. Мал орнына бізді баққан кісендеп,
Естуші едік биыл байға мүшел деп.
Болмағанда кетіп едік,
Көп заманда күтіп едік.
Күн сәулесі түсер деп,- деген жыр жолдары бар «Жалпы әлем» атты шығармасы жұртшылыққа кеңінен танымал болған. Ақын 1937 жылы «халық жауы» деген айыппен ұсталып, хабарсыз кеткен. Кітапты құрастырушылар М.Байтілеуұлын 1875 жылы Жаңаарқа ауданы, Түгіскен жерінде туған деп көрсеткен. Ал біздің сұрауымызға орай Оңтүстік Қазақстан облысының ішкі істер департаментінің ақпараттық-аналитикалық Орталығы төмендегідей жауап берді.
АРХИВНАЯ СПРАВКА по архивному делу № 01740 в отношении Байтлеуова Мусы.
Байтлеуов Муса, 1878 года рождения, уроженец села аул №5 «Мирзоян» Сарысуйского района Южно – Казахстанской области, по национальности – казах, гражданин СССР, социальное происхождение – сапожник, образование – высшее духовное, мулла, ранее не судим.
Сведения о составе семьи:
Жена – Шорыш, 1900 года рождения.
Дочь – Айшакуль, 1921 года рождения.
Брат – Иманкул, 1883 года рождения.
17 апреля 1937 года Байтлеуов М. арестован Сарысуйским РО НКВД за участие в антисоветской националистической контрреволюционной организации.
26 августа 1937 года заседанием Тройки УНКВД по Южно-Казахстанской области осужден по статье 58-10, 58-11 УК РСФСР и приговорен к высшей мере наказания – расстрелу. Приговор приведен в исполнение 26 августа 1937 года.
Постановлением Президиума Южно-Казахстанского областного суда от 16 мая 1957 года решение Тройки УНКВД по Южно-Казахстанской области от 26 августа 1937 года в отношении Байтлеуова М. отменено, дело на него производством прекращено за отсутствием состава преступления, он посмертно реабилитирован.
Жер аударылып, біраз жерді шарлаған ақын Оңтүстік Қазақстан жерінде ұсталған болуы керек. Сондықтан, сол өлкенің тумасы деп жазылған сыңайлы. Құрастырушылар ақынның туған жылын 1875 деп көрсеткен. Ресми орын 1878 жылы туған деп көрсеткен. Біздің ойымызша, соңғысы дұрыс сияқты.
Шорағұл Қамболатұлы. Руы – Арғын, Алтай ішіндегі Аралбай бұтағы. Ірі шешен, беделді, елге танымал жан болған. 1928 жылдары ауқатты адамдарды тәркілеу кезінде сол науқанға
ілігіп, жер аударылған. Еш хабары жетпеген. Құрастырушылар ақынның туған – өлген жылдары белгісіз деп көрсеткен. Ал, ҚР ІІМ Қарағанды облысы ішкі істер департаментінің ақпараттық-аналитикалық Орталығының бізге жолдаған хатында төмендегідей деректер бар.
На Канбулатова Шаригула АРХИВНАЯ СПРАВКА
По материалам архивного следственного дела №4310, находящегося на хранении в специальном государственном архиве ИАЦ ДВД Карагандинской области, проходит Канбулатов Шаригул, 1867 года рождения, уроженец Карагандинской области, Жанааркинского района, по национальности – казах, неграмотный, до ареста проживал в Карагандинской области, Жанааркинского района, аул №5.
Арестован 20.10.1930 года Жанааркинским ОГПУ «…за антисоветскую агитацию»и осужден 30.12.1930 года Тройкой при ПП ОГПУ в Казахстане к ссылке, высылке на 5 лет по статье 58-10 УК РСФСР.
В соответствии с Постановлением Пленума ВС СССР от 16 января 1989 года приговором Джезказганской облпрокуратуры от 16.04.1989 года в отношении Канбулатова Шаригула дело производством прекращено за отсутствия в его действиях состава преступления.
Основание – архивное уголовно – следственное дело №4310.
Ақынның қызы Қабираға жазған хатындағы:
Хатыңды алдым Қабирам,
Қайысты-ау, қарғам, қабырғам.
Қаным бір кетіп қажыдым,
Алпыс екі тамырдан.
Қапалы қыздай қартайдым,
Қанатым түсіп мамырдан.
Қарсы тұр, қалқам, қайғыға,
Қалқан ұстап сабырдан.
Ағайынмен араз боп,
Ішіме өкпе түймеген.
Ағажан деген сөзіңнен,
Сүйе алмадым көзіңнен.
Тоғансыз су тосусыз,
Тоған бар ма таймаған.
Тар кешуден жол бар ма,
(бұл жол өшіп қалған)
Сәлем айт туған анаңа,
Тосусыз пенде бола ма?
Шүкірлік қыл, қарағым,
Істің артын байқағын, – деп келетін жолдар сол нәубет жылдары туған жерінен қуылған, зардап шеккен, қуғын көрген мыңдаған қазақтың зарын, сағынышын жинақтап беріп тұр дегеніміз жөн.
Міне, биылғы саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнінде жинақтаған кейбір істеріміздің бір парасы осындай.
Мәуен ХАМЗИН,
филология ғылымдарының
докторы, профессор.