Зұлмат ұмытылмауы тиіс
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай жариялаған үндеуі тарихшылар қауымын бей-жай қалдырмады.
Расымен де, қазір қаралы жылдар қасіретін орта жастағылар мен жастардың арасында ертегі-аңыз ретінде қабылдайтындар да бар. Қазақ топырағында қасақана жасалған қан-қасап – ашаршылық пен қуғын-сүргін мыңдаған отбасының шаңырағын ортасына түсірді. Қырып-жоюды ұйымдастырғандардың басында Сталин мен оның Қазақстанға жіберген өкілі – “Кіші қазан” төңкерісін жасап, халықты мақсатты түрде қырғынға ұшыратқан Голощекин тұрды.
“Халық жаулары”, “кері төңкерісші”, “бай тұқымы”, “жапон тыңшысы” сынды түрлі жалаға ұшыраған Алашорда мүшелері мен басқа да зиялы қауым, байлар мен билер, тіпті , қарапайым адамдар қудаланып, сотталды. Ату жазасына кесілгендер қатары да аз болмады.
Ал, ақиқаты ашық айтылуы тиіс ашаршылықтың аза тақтасын біз әлі толық жазған жоқпыз. Жаныңды жаныштап, жүрегіңді паршалайтын мұңды естелікке толы жылдар деректері қажетті деңгейде жарияланбай тұр.
Президентіміздің бұл үндеуі – ел мен ердің құнын жоқтаған маңызы жоғары һәм батыл қадам. Осынау қанқұйлы жылдар оқиғаларын, жазықсыз жапа шегіп, құрбан болғандарды санамыздан өшірмеу – басты борышымыз.
Дәулет ҚОЖАҚОВ,
тарихшы.
БАЛҚАШ қаласы.