АймақБалқаш

Қызыққа толы «Музей түні»

Ұлттық мереке аясында Балқаш тарихи-өлкетану музейінде «Музей түні» іс-шарасы ұйымдас­тырылды. Күн ұяға қонар шақта басталып, түн ортасына дейін жалғасқан мұндай тағылымды шараға мектеп оқушылары көптеп жиналған. Сонымен бірге, мәде­ниет қызметкерлері, қылқалам шеберлері, студенттер, көне жәдігерге жанашыр жандар мен жергілікті тұрғындар да келген. Алдымен көне жәдігерлер мен ырым-тыйымдар жайлы мектеп оқушылары мен ардагерлер арасында танымдық ойындар өткізіліп, экспозиция залдарына саяхат жасалды.

Жобаның мақсаты – барлық санаттағы халықтың уақытын тиімді өткізумен қатар, музейдің ғылыми орталық қана емес, мәдени-көпшілік орын екені туралы ұғымды күшейту. Мұндай мәдени-рухани демалыс келушілерге қолайлы. Көне туындыларды насихаттау және тарихи жәдігерлердің алуан сырын жас буынға сіңіру арқылы патриотизмді күшейтуде маңызы зор.

Биылғы мерекенің басты ерекшелігі – бағдарламада мұражай экспозициясы бойынша экскурсиядан бөлек, Балқаш шеберлерінің шебер-фест-жәрмеңкесі, сәндік-қолданбалы өнер және қолдан жасалған бұйымдар бойынша шеберлік сабақтары, «Музей заттарының құпия­сы» квест-ойындары, «Музей білгірлері» өлкетану викторинасы, жұмбақтар мен жаңылтпаш, ұлттық ойындардан сайыс­тар ұйымдастырылғандығы.

– Біз «Музей түні» арқылы адамдарды музей тынысымен таныс­тырып, танымын арттырып жүрміз. Биыл бұл музейдің құрылғанына 50 жыл толып отыр. Бүгінгі іс-шарада мұны да ескеріп жатырмыз. Музей жәдігерлер мен деректерді сақтап қана қоймай, тұрғындарға таныстыруы қажет. Шара аясында көрермендер барлық жәдігерлерді тегін тамашалайды. Мұражай ашылғалы «Қазақтың халық аспаптары» экспозициясы әртүрлі саз аспаптарының макетімен толықтырылды. «Өлкенің жануарлар дүниесі мен өсімдіктер әлемі» залында Балқаш өңірінің флорасы мен фау­насы қойылған. Ең қызықты зал – археология залы, онда пештің макеті, петроглифтер, тасмүсіндер, тағы басқа жәдігерлер қойылған. 50 мыңға жуық экспонаттық қор бар. Бұл көрме көрермендердің қатарын одан әрі көбейту үшін жұмыс істейтін болады. Тағы да бір ерекшелігі, суретшілердің туындылары тамашалаушыларға ерекше әсер сыйлауда, – дейді Балқаш тарихи-өлкетану музейінің басшысы Дәулет Қожақов.

Музей директорының айтуынша, бүгінгі күнде халықтың рухани әлемі, мәдени деңгейі даму үстінде. Бір қуантарлығы, бірер жыл бұрын мектеп оқушылары мен студенттер музейге үлкендердің мәжбүрлеуімен келсе, қазір әрбір отбасы өз қалауымен қызыға аралайды екен.

Шежіремізден сыр шертіп, кешегіміз бен бүгінімізді сабақтастырып келе жатқан мұражай ұжымы шеберлік сабақтарын да өткізді. Арай Ахметова, Асыл Серікқызы бастаған қызметкерлер бұрын-соңды ешкім көрмеген эксклюзив жәдігерлерді келушілер назарына ұсынды. Сонымен қатар, көрермендерге түрлі сайыс­тарға қатысуға мүмкіндік берді. Мұражайға келушілердің пікі­рінше, қызықты шараның тәрбие­лік мәні зор. Оқушыларды туған жерді сүйіп, құрметтеуге жетелейді. Ел тарихынан сыр шертетін мәліметтерге қызығушылықты арттырады. Көрер­мендер мұндай іс жалғасын тапса деген ниетпен тарқасты.

Нұрдос КӘРІМ,
БАЛҚАШ
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button