Басты тақырыпТарих

ҚЫЗҒЫШ ҚҰС СИНДРОМЫ

    Биыл қазақ жерінде бұрынды-соңды болмаған, көкірегі ояу, көзі ашық ұлт азаматтарының екі қолын артына қайырып, аяғына кісен салып, күндеге отырғызған, сөйтіп, қазақ халқының қаймағын қалқып алған ұлы сұрапыл-жаппай жазалауға сексен жыл толып отыр. Бұл сұрапыл сол кезде озғындап тұрған қазақ елі руханиятын ондаған жылдарға кері шегеріп тастады.

Шын мәнінде қазақ жеріндегі жаппай қуғын-сүргін патшалық Ресейді төңкеріп тастаған қызыл өкіметтің келуімен басталады. Олай болса қазақ жеріндегі жаппай қуғын-сүргінге жүз жыл болыпты. Бұл кемінде қазақ жерінде үш ұрпақ ауысып үлгерді деген сөз.

Ресейге көршілес ақорыстар күні бүгінге дейін өкімет деңгейіндегі барлық ресурстарды пайдаланып жатса да соғыс алдындағы сандарына жете алмай келеді. Бұл саясаттың сіңірілгені соншама, жаһанды жер бауырлап жаулап, ақорыс орманына жеткен католик діні шекарадан сығалаудан аспаса, қытайдың арзанқол кәкір-шүкірлері бұл елді айналып өтіп жатыр. Ақорыс жерінде кириллицадан басқа әліпби көрмейсіз.

Ақорыстың басындағы жайт қазақ баласының басында да бар. Алайда, қазақ әліпбиі қазақ баласын асырауға қауқарсыз болып тұр. Жаңа әліпби кіргізу жөніндегі әңгіме де толастар емес. Оның артында да зұлым саясат жатқанын аңғаруға болар. Жас ұрпақ аға ұрпақтың әліпбиін тани алмайтын болады. Ең құрығанда алдындағы әліпбилерімізді факультативті сабақ ретінде де оқытпадық.Төл тарихымыз­ды тәркілеу бізде осылай басталған. Бүгінде әрісін айт­пағанда шағатайша жазып, оқитын адам қалған жоқ. Қазақ баласына қатысты жәдігерлерді жер-көктен қыруар қаржы шығарып жинап алдық. Ал оның әліпбиін айыратын адам жоқ дегенге сеніңіз. Тарихы жоқ ұлт болмайды десек, ұлтсыздандыру дегеніміз осы. Латынға қайта көшіп келгендей жағдай болса оның алдындағы әліпбилерімізді де ұмытпаудың жолын ойластыралық.

Жаңа өкімет-қызыл өкімет жаңа идеологияны-ұлтсыздандыру идеологиясын қалыптастыруға ұмтылды. Түпкі мақсат ұлтсызданған ұлттарды орыстандыру болатын. Бұл жолда ешкіммен есептеспеді, түпкі нәтиже үшін барлығын құрбандыққа шалды. Жекелеген тұлғалар ғана емес, тұтастай ұлттар мен ұлыстар қудалауға ұшырады. Оларды туған жерінен айырып, тентіретіп жіберді. Босаған жерге орыстарды, қалды славян нәсілдерін тұрған жерінен күштеп қозғап, барлық жағдайымен қоныстандырды. Бұл үдеріс қазақ жерінде кешегі желтоқсан көтерілісіне дейін толастамады.

Қарт тарихқа үңілсек идеология­лық соғыс ең көп ауыртпалықтар әкеледі екен.

Қоғамдық кірігудің негізі болмағандықтан барлығын да күштеп таңуға тура келеді. Бұл мылтықсыз майдан әрбір қазақ баласының отбасында жүріп жатты. Аралас неке дәріптеліп, дүниеге дүбәра ұрпақ келе бастады. Жаңа ұрпақ қазақ баласының сойылын соқпай қызыл өкіметтің ұр- тоқпағына айналды.

Бұл зұлым саясаттың бүгінгі күнде жұрнағы қалғандай көрінгенімен жуық маңда одан біржолата айығып кете алмайтынымыз анық. Бүгінгі жаһандану үдерісінде ұлт мүддесі тұрмағандықтан бұл жарықшақ одан әрі тереңдей түсетін болады. Ендігі ұрпақтың түп мұраты ұлт мүддесі емес, капитал (ақша) болмақ. Оларда Отан деген ұғым болмақ емес.

Кішкене халыққа үлкен қанжар керек екендігін екінің бірі біледі. Өздері сынды олардың жері де ұлтарақтай. Ал иен даласы бар қазақ баласы не істемек?! Айтып отырған капиталымызбен жерімізді малға толтырармыз. Алайда, мал ел қорғанышы бола алмайды ғой.

Құлан қағынан жеріген заман бізге де келе жатыр. Шетелде оқыған жастарымыз елге оралмауда. Екі-үш елдің азаматтығымен жүрген қаракөздеріміз қаншама?! Баяғыда Алаш, Қазақ деп айқайлағанда жатқан қазақ орнынан атып тұрушы еді. Бүгінгі қазақты зеңбірекпен де орнынан қозғай алмайсың. Осының бәрі ұлтсыздану саясатының жемісі.

Мұнан шығатын бір-ақ жол бар. Қазақ жерін жуық маңда қазақпен толтыра алмаймыз. Бар қазақпен қанағаттануға тура келеді. Ол үшін әр қазақ баласы басқалардың жүзіне татуы керек! Мыңға қарсы тұратын ұрпақ тәрбиелеуіміз керек!

Ол – қызғыш құс синдромы. Ол қандай жағдай болсын өзінің жерін тастамайды. Қорығын соңғы демі қалғанша қориды. Соңғы мүмкіндігінде ол шырқау биікке шығып алып, өзін тас қылып атады. Сөйтіп, жауын қоса ала өледі.

Бабаларымыз қызғыш құс ғұмыр кешті. Біреудің жеріне көз алартпады. Өз жеріне келгенде тасқамал болып жатып алды. Шегінетін жері бола тұрып.

Солайша біздің жерімізге бабаларымыздың терімен бірге қаны да сіңген. Сол қан бізді жібермей келеді. Біздің жеріміз аруақ жанаған жер. Кие қонған жер. Сол жеріміз шынымен иесіз қалмақ па?!

Осы нәубетте ең көп қырылғаны біздің қазақтар болды. Жерге жабысқан қазақтардың бәріне статья тауып, тұрған жерінен күштеп айырды.

Сөйтіп, жеріміз иесіз қала жаздады.

Біздің аға ұрпақ қызғыш құс ғұмыр кешті. Өлгендері өлді, аман қалғандары даласына қайтып оралды.

Біз сол бабаларымыздың ұрпағымыз..

Біз сол бабаларымыздың есімдерін білуге тиістіміз.

Қазақ жеріндегі қуғын-сүргін құрбандары ең алдымен ҚарЛаг пен СтепЛаг-тан өтті. Қызыл Үштік қаулысы осы лагерлердің қабырғасында шығарылып, қолма-қол орындалып отырды.

Өскелең ұрпақ мынаны есте ұстау керек. Біздің бабаларымызды қуғын-сүргінге ұшыратқан бұрынғы СССР-дің ОГПУ-НКВД-МГБ-КГБ органдары.

Сөз жоқ, біздің КНБ солардың заңды мираскері. Біздің жаңа тұрпаттағы ҰҚК еліміздің, жеріміздің қорғанышы. Сол комитетіміздің өзі арашашыға зәру. Өйткені кешегі күннің қарғыс атқыр таңбасы қалған.

Соған орай қоғам алдындағы МҚК/ҰҚК беделін көтеру, тарихи әділдікті орнықтыру мақсатында, сондай-ақ, бірқатар облыс тұрғындарының кешегі СССР-дің ОГПУ-НКВД-МГБ-КГБ органдарының нақақ жазалауына ұшыраған туған-туыстары жөніндегі сұрауларына сәйкес Қарағанды облысы бойынша1930-1950 жылдары қуғын-сүргін құрбандарының қылмыстық істерімен танысуға архивтік құжаттармен жұмыс істеуге кеңшілік берілген еді. Сол негізде зерде кітабын шығару жоспарланған-ды.

Кітап анықтамалық сипатта болды және мәліметтер жиынтығынан тұрды (Аты-жөні. Күні, айы, туған жылы. Ұлты. Әлеуметтік шығу тегі, жұмыс орны, лауазымы. Білімі. Отбасы құрамы. Қай орган және қашан ақтады. Кейін «Отбасы құрамы» алынып тасталды.)

Жабық және басқа да ұнамсыз мәліметтердің кездейсоқ ашылуына жол берілмеді. Бұл мәселе бойынша құрылған үлкен жұмысшы тобы жұмысты толық аяқтамай 2004 жылы тарқап кетті.

Сол топта жұмысқа тартылғандардың кейбірі ізденістерін тоқтатпады. Осы топтың ішінде біздер де болдық.

СССР империясының жаншу аппараты біздің бабаларымызды ең ауыр статьямен – 58-ші статьямен айыптады. Бұл – саяси статья болатын!

Бұл статьяға іліккендердің бәрі опасыз саналды, Отанын сатқандар болып есептелді. Біздің бабаларымыз бәрін мойындады, алайда сатқындықты, опасыздықты мойындамады! Бұл статьямен айыпталғандардың аман қалғандары некен-саяқ болды. Олардың ұрпақтарына халық жауының баласы деген қарғыс атқыр қара таңба басылды.

58-ші статья СССР-дің құлауымен бірге келмеске кетті.

Алайда оның салдары қалды!

Өзінің текесімінен безгендер армиясы қалды.

Сол ұрпақ өзін іздеп жатыр. Біздің қолымыздағы материал сол бір көлеңкелі тұстарымызға бір сәуле құйып жатса төккен тердің өтелгені деп білеміз.

Сол ұрпақ бүгін өсіп, өніп жетілді. Бабаларын ақтап алу арқылы өздерін ақтап алғысы келеді. Алайда ондай мәліметтерді алу екінің біріне бұйыра бермеді. Жаншу аппараты жариялылыққа жол бермеді. Соның салдарынан ақталған бабаларымыздың есімдері кемі жетпіс жыл тұмшаулы қалып келді. Біздің келтіріп отырған дерегіміз батпанның мысқалы ғана. Соның өзі аз олжа болмаса керек.

Қазір біздің қолымыздағы картотекада сегіз мыңға жуық қуғын-сүргін құрбандарының сол заманғы қалыптағы сұрау салу-өмірбаяндық мәліметтері бар. Бұл материалдарды іздестіріп жинақтауда көмек қолын ұсынған, кеңес берген ҰҚК ардагері, отставкадағы полковник Мұқтар Жаманқұловқа, генерал-майор Шаймұрат Отарбаевқа, генерал-лейтенант Әділ Шаяхметовке айтар алғысымыз шексіз.

Қызғыш құс синдромы қазақ баласында зәузаттық жадымен келеді. Сол жадымызға жаһандану шабуылы басталды. Соған төтеп берер күш – кешегі күнімізді ұмытпау. Ертеңгі күнге кешегі күнімізбен бару.

Бабалар аруағы алқасын Сіздерді – қызғыш құс ұрпағы!

Мира МАҚАТША,

заңгер.

Төрехан МАЙБАС,

жазушы.

ҚАРАҒАНДЫ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button