Мәселе

Қыстың қары – жердің нәрі немесе қар тоқтатуды неге ұмыттық?

Облыс аумағында Нұра-Сарысу, Балқаш-Алакөл, Есіл, Ертіс және Тобыл-Торғай өзендерінің бассейндеріне кіретін көптеген өзен мен көл бар. Ресми деректерде облыстағы өзен-көл саны жүздеп саналады, бірақ жылда су тапшылығы сезіледі. Неге? Негізі, бізде 599 су объектісі, оның ішінде 107 өзен, 83 көл, 409 жасанды су қоймасы, гидротехникалық құрылыстар салынған бөгет бар. Өзен желісінің тығыздығы солтүстіктен оңтүстікке қарай жер бетіне байланысты төмендейді. 11 өзеннің ұзындығы 100 шақырымнан асады. Осыған қарап аймақта суға деген зәрулік жоқ па дерсіз? Дегенмен, сөз басында айтқанымыздай, жылда жазғы уақытта дау туады.

ЖАЗДА ШЫҚҚАН ДАУ

Жайма-шуақ жазда «Шерубай-Нұра өзені тартылып барады» деген сөз шықты. Оны Шет ауданына қарасты Қарамұрын ауылының халқы бастады. Жылда сарқырап ағып жатқан өзен, биыл шынымен күрт төмендеген. Шаруалар: «Биылғы құрғақшылықтың зардабы», – деді. Айтар болсақ, Шерубай-Нұра – Орталық Қазақстандағы ең ірі өзендердің бірі. Қарағанды өңіріндегі бірнеше су қоймасы дәл осы өзеннің бойында тұр. Қазір бұл маңды қамыс басып кетіпті.

ӨЗЕННІҢ ТАРТЫЛУЫНА ДИҚАНДАР КІНӘЛІ МЕ?

Қарамұрын ауылының тұрғындары: «Судың орнына қамыс өсіп жатыр. Қамысқа түрлі шыбын-шіркей келеді. Сосын ауылға ауру әкеледі. Ешқандай жағдайымыз жоқ, мал су ішетін жер жоқ. Салған бақшаға су құя алмаймыз», – деп жанайқайын жеткізген болатын. Қарамұрын ауылының тұрғындары: «Судың тартылуына осы маңдағы картоп егетін шаруашылық кінәлі», – дейді.

Айтуларынша, олар бірнеше гектар алқапқа еккен көкөністерін өзен суымен суарады екен. Сол уақытта телеарналардың біріне сұхбат берген Қарамұрын ауылының тұрғыны Нұрлыхан Бейсенбаев: «Шаруашылық сорғы қойды. Ана жерде қатарынан 15 сорғы тұр. Картоп салып жатыр. Сол картопқа суды алып кетті. Біздің айтарымыз, суаруды тоқтатсын» десе, бағбандар өзеннің тартылуын биылғы қуаңшылықпен байланыстырады. Судың азайып кеткенін олар шілденің басында байқаған. «Содан бері картопты суару мүмкін болмай тұр», – деп ақталды.

Ал, өзеннен күнделікті қанша су алғаны әрбір сорғыда орнатылған есептегіш құралда анық жазылып тұрады екен. Компания директоры Сергей Шибанов: «Біз өзен суын пайдалану үшін тиісті мекемелерден рұқсат алғанбыз. Сол құжатта көрсетілген мөлшерден артық алмаймыз. Өзеннің тартылуына басқа жағдай себеп деп есептеймін. Бұрын арнайы тоғандар салынып, сол арқылы өзен суы толықтырылып отыратын. Қазір оның бірі де жоқ. Оның үстіне, биылғы жаз жаңбырсыз болды. Тіпті, жерасты суларының да деңгейі анағұрлым түсіп кеткен. Мамандар соңғы екі жыл қатарынан өңірде қуаңшылық болғанын растайды», – деп өз уәжін айтқан болатын.

Нұра-Сарысу бассейні инспекциясының басшысы Мүслім Аққожин болса: «Біз жаздың жаңбырсыз болатынын күткен жоқпыз. Қуаңшылықтың салдары өзен-көлдерге де әсер етіп жатыр. Ал, картоп егетін шаруашылыққа рұқсат бергеніміз рас. Себебі, оларды да сусыз қалдыруға болмайды. Ол өңірдегі азық-түлік қорын жасақтайтын ең ірі компанияның бірі», – деді.

ҚАЛЫҢ ҚАР МЕН ТОҢ ДИҚАН ҮШІН ОЛЖА

Негізі, қуаңшылық – табиғаттың тосын мінезі. Алдағы жаз қалай боларын ғалымдар да айтып бере алмайды. Әр уақытта дайын болуымыз қажет. Ол үшін не істеуіміз керек? Біздің пайымдауымызша, бүгінде осы сауалға жауап табу маңызды. Кеңес уақытын айтсақ, өткенді аңсаушы деген сөзге қаламыз. Бірақ, сол уақыттан керегін алуымыз қажет-ақ. Қыста қар тоқтату деген болатын. Қазір де бар. Бірақ, мұны ірі шаруа қожалықтары ғана пайдаланады. Неге? Өйткені, шағын қожалықтарда техника жоқ. Бар болғанның өзінде шөп тасуға қолданады. Болмаса көктемдегі жер жырту мен егістікке дән себуге ғана қаңтарып қояды. Қардың қалың түсуі мен тоң қатуы диқан үшін – байлық. Бұрын қыста астық алқаптарын тырналап жүретін. «Трактор тіліп өткен аумақтарға тағы да қар жиналып, оның қалыңдығы өсе береді. Ал, көктемде оның бәрі жерге сіңіп, топырақтағы ылғал көлемі артады. Соған сәйкес, алынатын өнім көлемі де көп болады. Әсіресе, жауын-шашын аз болатын жылдары бұл технологияның пайдасы керемет», – дейді мамандар.

БІЗ НЕНІ ҰМЫТТЫҚ?

Интернетті ақтарып отырып, қызықты дәйекке тап болдық. Сөйтсек, қарды тоқтату технологиясы – өткен ғасырдың 60-жылдары пайда болған екен. Оны Қазақстандағы Александр Бараев атындағы орталық мамандары ойлап тауып, Кеңес Одағының қысы қатты аймақтарына енгізген екен. Бірақ, тәуелсіздік алған жылдары біртіндеп қолданысы азайды. Бертін келе, тіптен ұмытыла бастады. Астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының директоры Кенже Абдуллаев: «Бұл – жақсы технология. Өткен жылы қыста қар тоқтаттық. Айналамыздағы шаруалар 11 центнерден алып жатқанда, біз 16-20 центнер аралығында үлкен өнім алдық. Қазір бұл технологияны еліміздегі ірі шаруашылық өкілдері қолданады. Ал, орта және шағын егіс алқаптарында ондай белсенділік жоқ. Бұл – ақпараттық насихаттың аздығына байланысты. Қалтаға салмақ салатыны тағы бар. Бірақ, қалай болғанда да оны пайдаланған диқанның ұтыларынан ұтары көп», – дейді бір сұхбатында. Қысқасы, диқанға да, мал суарған ауыл адамына да керегі – су. Ол өз қолымызда екені баршаға аян. Бірақ, жазда қысқа даярланатынымыз тәрізді, қыстың күні жазға әзірлену дәстүрі ұмытыла бастады. Жерде тоң қатпаса, қыста қар тоқтату болмаса, өзен-көл тартылмағанда қайтеді?!

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ.  

Басқа материалдар

Back to top button