АймақБұқар жырауЖаңалықтар

Қыста қияр өсіріп отырған кәсіпкер

Бұқар жыраулық Батыр Дарменов қияр өсіріп, Қарағанды нарығын көтеруге өзіндік үлес қосып келеді. Ол Трудовое ауылынан екі жылыжай ашып, кәсібін дөңгелетіп отыр.

Батыр Дарменов Өзбекстанда дүниеге келген. 2006 жылы Қарағандыға көшіп келіп, «Шығыс» базарында жалданып көкөніс пен жеміс сатқан. Уақыт өте келе сауданың қыр-сырын меңгеріп, бизнес бастауды қолға алыпты.

– Мен өзіме жұмыс істегім келді. Интернеттен қарап жылыжайда көкөністерді қалай өсіруге болатынын меңгердім. Достарымнан да сұрадым. Достарымның біразы Шымкентте. Олардың әрқайсысында жылыжай бар. Солардың ақыл-кеңесіне жүгініп, Қарағандының ауа-райы қолайсыздығына қарамастан кәсіп ашуға бел байладым, – деді кәсіпкер.

Ол бастапқыда 2,25 га жерді жалға алды. Жобаны аграрлық несие корпорациясы қаржыландырыпты. Ал, Батыр жергілікті шаруа қожалығынан қарыз алып, жарты гектарға жылыжай құрылысын бастайды. Бизнесін жаңа бастаған кәсіпкер оны тамшылатып суарудың автоматты жүйесімен жабдықтап, екі жылыту қазандығын орнатады. Кейін өнімге сұраныс артқан соң 100 сотық жерге екінші жылыжайын ашады

– Бүгін мен «танто» сортының қиярын өсіру үшін гидропоника мен минералды жүнді де қолданамын. Тұқым түрін де кездейсоқ таңдаған жоқпын. «Танто» – өнімділігі жоғары және дәмі де жақсы, ерте пісетін гибрид. +5-6 градуста 20 күнге дейін сақталады. Өнім мол шығуы үшін суға немесе қандайда бір құрылғы үшін ақшамды үнемдемеймін, – дейді көкөніс өсіруші.

Жылыжайлардағы көшеттер жылына екі рет отырғызылады. Қазір ол осы мезгілде бір тонна қияр жинап отыр. Маусымға байланысты жылыжайларға 20-25 адам жұмылдырады. Өнімнің негізгі бөлігі Қарағандылық көтерме сатып алушыларға сатылады. Бұдан бөлек, Астана, Павлодар, Петропавл қаласынан да келіп алып тұратын тұрақты саудагерлері бар.

– Екі жылыжайда жылына 400–450 тоннаға дейін өнім жинауды жоспарлап отырмыз. Бірақ бұл жолы суық өте ерте түсті, сондықтан не болатынын білмейміз. Ең бастысы – жер бар. Жаңа жылыжайлар мен көшеттерді өсіруге арналған бөлек бөлме салу жоспарлануда. Қызанақ отырғызу идеясы бар, бірақ бәрі қаржыға кеп тіреледі. Әзірге аяғымызға мықтап тұрғымыз келеді, – дейді Батыр Дарменов.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button