Арқаның жазы – қысқа, қысы – ұзақ. Жан-жағыңа қарап үлгермейінше, қылышын сүйретіп қыс келеді. Ал, қыстың қамын жаз ойлап, қамданбасаң, қақаған аяз бен үскірік боранда сан соғып қалатыныңыз анық. Сондықтан да, облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев алдағы жылу кезеңіне дайындық жұмыстарын жіті тексеруді әлдеқашан бастап кеткен. Аймақ басшысы жуырда Теміртау қаласындағы ҚарГРЭС-1-ге барып, арнайы кеңес өткізді.
Теміртаудың жылу жүйесі облыс басшылығының ұдайы назарында. Қазіргі уақытта жалғыз металлургтер мекені ғана емес, басқа да қалаларда да жылу энергетикасының тозығы жеткені баршаға мәлім. Дегенмен, көктем шыға қысқа дайындық қарқын алатыны белгілі. Биыл да аймақтың әр өңірінде жылу жүйесін жаңғырту, жөндеу жіті қолға алынып, қадағалау да күшейтілген. Бұл қатарда Теміртау қаласы да бар.
Металлургтердің мекені кейінгі жылдары қыстан қысылып жүргені рас. Қыруар қаражат пен тынымсыз жұмысты талап ететін бұл жүйеде ақау болмауы тиіс. Әйтпесе, қыс – қатал сыншы.
Металлургтер шаһарындағы Электр станциясында екі қазандықты (№9 және №11) және бір турбогенераторды (№8) ауқымды түрде жөндеуден өткізу жоспарланған. Сонымен қатар, №10 қазандық та күрделі жөндеуден өтпек.
Белсенді түрде жүргізіліп жатқан жөндеу науқаны туралы аймақ басшысына ҚарГРЭС-1 директоры Сергей Кривов егжей-тегжейлі баяндап берді.
– №9 қазандық агрегаты бойынша атқарылған жұмыстар 86 пайызды құрайды. Қазандықты 17 маусым күні іске қосу жоспарланып отыр. Содан кейін бу құбыры мен қосалқы жабдықты ауыстыру үшін №11 қазандықты тоқтатамыз. Биылғы жылыту маусымына біз екі қазандықпен кіруге бел буып отырмыз, – деді Сергей Кривов.
Бұдан бөлек, қажетті отын қорын толықтыру жұмысы жалғасуда.
– Жылыту маусымына дайындықтың ерте басталғанын көріп қуанып отырмыз. Өйткені, былтыр қыста көрші облыстарда жылыту жұмысындағы ақаулардан судың қатып қалуына алып келгені бәріміздің есімізде. Қараша халық уақытылы атқарылмаған жұмыстың кесірінен қыстың көзі қырауда үйін жылыта алмай қиындыққа тап болды.
Мұндай жағдай күтпеген жерден орын алуы әбден мүмкін. Сол себепті, «Көгалды қуып гөлайттап, Қызықпен жүріп жазды алмай» атқарылуы тиіс жұмысты сапалы әрі тиянақты атқарып жатқаны өте құптарлық іс. «Қыс шанамызды жаз сайласақ», қыстан қысылмай шығып, көктемге күлімдеп жететініміз сөзсіз, – деп өз ойымен бөлісті қала тұрғыны Ерболат Ерболұлы.
Бүгінгі таңда ҚарГРЭС-1 ескі қала тұрғындарын жылу энергиясымен қамтамасыз етіп отыр. Электр станциясының үздіксіз жұмысына 86 үйдің тағдыры тәуелді екенін де айта кету керек.
Сондықтан да, бұл бағыттағы жұмыстардың уақытылы аяқталуы және сапалы жасалуы аса маңызды.
Өз тілшімізден.