Қысқа қамданыс қандай?

    Биыл Қарағандыға қыс ерте түсті. Күн күрт бұзылып, апшыны аяз қуырды. Толассыз жауған қар тау болып үйілді. Қытымыр қыстың азабы мен әуресі көбейді. Осы жағдайға байланысты қарды тазалап, шығару жұмысы қатаң бақылауға алынды. Қар тазалауға қалалық коммуналдық қызметтер жұдырықша жұмылды. Мамандардың мәліметінше, қар орташа айлық мөлшерден үш есе көп түсті, бiрақ, қазiргi уақытта жағдай тұрақталды.

Қарағанды қаласының тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі қаланың қар астында қалмауы үшін қам жасауда. Бүгінгі күнде шаһарға қарасты 250 көше ( Қазыбек би ауданында 161 көше, Октябрь ауданында 89 көше) 210 өтпе жол мен кірме жолдар және әлеуметтік нысандар (Қазыбек би ауданы – 65, Октябрь ауданы – 145) мектептер, ауруханалар, емханалар, балабақшаларға баратын жолдар тазартылды. Қардан тазарту жөніндегі іс-шараларды «Благоустройство» КМК толықтай қамтып, көшелерді тазартумен қатар, аялдама алаңдары мен жиектас жанындағы аумақтарды, жаяу жүргіншілер жолдарын, жол маңындағы гүлзарлардағы тротуарларды қар мен мұздан тазалау жұмыстары да қатар жүргізілуде. Қысқа әзірлік барысын пысықтаған комиссиямен бірлесіп, ТЖ, ІІБ ортақ шешімдер қабылдаған. Оның ішінде, техниканы қыста күтіп ұстауға жылы бокстер дайындалып, қар шығарылатын орындар мен 330 қажетті жабдық алынған. Сондай-ақ, қиылыстарға, аялдама алаңдарына, көпір мен көлік көп жүретін жолдарға инертті материалдарды себу жұмыстарын қоғамдық көлік қозғалысы басталғанға дейін жүзеге асыру жоспарланған. Осы мақсатта 3 910 тонна көлемінде құм-тұз қоспасы дайындалған. «Благоустройство» КМК-де жұмысшылар саны 404 адамды құрайды. Мамандандырылған техниканы саны шамамен 120, оның ішінде 58-і жеке меншік, бірлік меншікті, 25-і арнайы тартылғандар болса, 37 техника жаңадан алынған. Олардың басым бөлігі қар тазалау жұмыстарына қолайлы аударғыш көліктер және автогрейдер, тиегіш техникалар мен құмшашқыштар, қар жинағыш көліктер. «Благоустройство» КМК қар жауғалы тынымсыз еңбек етуде. 1 қарашадан 24 қарашаға дейін қала сыртына 64 000 текше метр қар шығарылған.

Қарағанды облысы бойынша «Қазгидромет» РМК филиалы мамандары қарашаның соңына дейін ауа температурасы 15-20 градусты құрайды деп болжап отыр. Қар жаууы да ықтимал.

Нұрдос КӘРІМ

ҚАРАҒАНДЫ қаласы.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.