Жаңалықтар

Қыран һәм қауырсын тағдыр

Бүгін – қазақ қыраны Тоқтар ӘУБӘКІРОВТІҢ ғарышқа самғағанына 30 жыл. Тірі болса Мағаш ағам (Мағауия СЕМБАЙ) Елордаға сапарлап бара жатар еді… Әттең, дүние! Мағаш ағамның бұл екі ортаның жолында шаң көтеріп сапарламағанына, Тоқтар ағасының бауырын хан көтеріп қарсы алмағанына да екі жылға айналып барады. Сабылыс толастап, сағыныш ұлғайған… Иә, Мағаш аға мен Тоқтар ағаның достығына сүйсінетінбіз. Екеуі бір-бірінсіз өмір сүре алмайтындай көрінетін маған. Мағаш бауыры өмірден өткенде Батырдың бала секілді егілгенін көрдік. Біздің де жүрегіміз езілген…

Жылына үш рет сапарлайтынбыз Тоқтар ағаға. 12 сәуір күні – Ғарышкерлер күнінде. 27 шілде – Тоқтар ағаның туған күнінде. 2 қазан – Тоқаңның ғарышқа ұшқан күнінде. Әр сапарында ерекше сағыныш құшағында барып, қимас көңілмен оралатын. Әр барғанында Батыр ағасын жаңа қырынан танып келіп, тың дүние жазуға кірісетін. Барлық сапарында серік болып, талай әңгімелерін өз құлағыммен тыңдаған едім. Сол күндердің шуақты сәттері де көмескі тарта бастапты-ау… Салтанатты сапарлары тұйықталып, жаңалыққа толы жазбаларына соңғы нүкте қойылар деп кім ойлапты?!

Бір барғанымызда елдің дәмі деп, Батыр ағасына шұбат алып барды. Сол жолы Тоқтар аға Ресейде сынақшы-ұшқыш болып жүргенінде қымызды аңсап кетіп, басшыларынан жарты тәулікке рұқсат алып, Қарағандыға ұшып келгені туралы әңгіменің тиегін ағытқан. Батырдың әңгімесі былай өрбиді. Елден жырақ жүрген ұлдың елге, жерге деген сағынышы қымыз болып оянса керек-ті. ВДНХ аумағында Қазақстанның әлдебір мәдени шарасы өтіп жатқаны туралы құлағдар болады да, елден қымыз келген шығар деген оймен көрмені бетке алады. Қара-құрым халық. Иін тірескен елді қақ жарып, діттеген жеріне жетемін дегенше, түс ауған. Қазақстан жәрмеңкесі тарқай қоймағанмен, қымыздың түбі көрініп қалған екен. «Қымыз таусылды, қымыран бар» дейді ел қазағы. Сіміріп алды. Бірақ, шөлі қанбады. Бойы делсал күй кешіп, тізесі қалтырап, жүруге шамасы болмай қалғанын Тоқтар аға сол жолы керемет әсерлі әңгімелеп беріп еді. Бастығына телефон шалып, Қарағандыға сұранған. Ескі әуежайға қонған бетте есінде қалған ескі базарға тартады. Шеткері тұрған келіншектің алдынан ақ құйылған үш литрлік банкіні көргенде, құстай ұшқанын айтты. Абырой болғанда, қымыз екен. Ақысын да төлемей, басына бір-ақ көтеріпті. «Сондағы қымызға деген аңсар елге, жерге деген сағыныш екен ғой» деп, гүр ете қалғанын өз құлағыммен естідім. Батырдың жүрегі осынша нәзік келер деп ойламаппын. Сол әңгімеден кейін Мағаш көкем «СССР Тоқтарға қарыз» деген ғажап дүние жазды. Соңғы жылдары жанрдан жалтарып (көп дүниелері әдебиеттің де, көсемсөздің де еш жанрына жақындамайтын соны соқпақ, тың сүрлеу еді ғой) кетсе де, өзегіне алтын құйылғандай шебер өрнектелген жауһар дүниелері шынайылықпен дараланып тұратын. Батыр ағасы, айнымас досы туралы осы жолғы әпсанасы «Шұбат», «Қымыз», «Нағашы», «Намыс» деп аталатын бөлімдерден тұратын, төрт тұяғын тең басқан тұлпардай тұрпатты дүние болып шыққанын оқырман біледі. Әйгілі Бейбарыс сұлтанның Қыпшақ даласындағы жусанға деген сағынышын суреттей отырып, Батыр Тоқтардың елге, жерге деген аңсар көңілін параллель алып шыққандағы шеберлігі талайға таңдай қақтырған. Тоқтар ағамыздың сол жолғы әңгімеге арқау болған сартап сағынышы бүгінде бауырға деген мәңгілік сағынышқа айналды. Тасыр тағдыр-ай!

Сонымен, бүгін – Батырдың туған күні. Өзі солай деген. Ол туралы жазғанмын. «Менің туған күнім – ғарышқа ұшқан күнім. Мен сол күні қазақ үшін, ұлтымның ғасырлар бойып жаншылған намысы үшін өмірге қайта келгенмін!» деп еді. Сұлу теңеуге көз байлатып, орамды оймен сөз ойнатып жүрген біздер айта алмайтын сөз! Сөз намыстан туады екен ғой! Шынымен-ақ, 2 қазан – Батыр Тоқтар ғана емес, қазақтың өзі қайта туған күн! Әттең, бұл күннің дүбірін асырып, қаламымен-ақ дұшпанның құтын қашырып тастайтын Мағаш ағам жоқ…

Екеуі де таутұлғалы біртуарлар ғой. Інісі шөкті… Тоқтар аға қыран болса, Мағаш көкем қыранның бір тал қауырсыны екен ғой. Қауырсын-тағдырды жел көтеріп әкетті. Ақырет жамылған қауырсын қалам жерге жерленген жоқ. Көкке самғап кетті. Құс жолының құдіретін Тоқтар аға жақсы біледі. Ол жақ пенделерді қабылдамайды. Ғарыш – періштелер мекені!

Шіркін, Тоқтар ағам ғарышқа тағы бір мәрте ұшып, Мағаш көкемнің хабарын біліп берсе етті.

…Бүгін Тоқаңның ғарышқа ұшқанына 30 жыл деп бар жазарман жарыса жазып жатыр. Арасында Мағаш көкемнің сұңғақ бойы, ордалы ойы көрінбейді. Біз өмір сүріп жатырмыз. Танауы көкке шаншылғандар толып жүр. Ал, көктегі қыран тұғырына тұңғыш қонған Тоқтар ағам бауырын сағынып егіліп отыр. Үзілген қауырсынның орнында қалған жара жазылар емес…

Ерсін МҰСАБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button