Қырағы камера қалтаңызды қақпасын
Қарағандыда жол көлік қозғалысы біршама тәртіпке келіп қалды. Алақұйындатып жүретін жүргізушілерді ілуде-бір кездестіресіз қазір. Үлкен көшелерде жол ережесін өрескел бұзушылар көзге көп түсе қоймайды. Тек, жарық шамы аз көшелерде «еркінсіп» жылдамдықты асыратындар болмаса…
Бақсақ, мұның себебі, ел арасында «Сергектен, сақ болыңыз» деген әңгіменің таралуында екен. Әрине, қалтасын камераның қаққанын кім қаласын? Енді, жол ережесіне енжар қарасаңыз, айыппұл арқалайтын боласыз…
«СЕРГЕК» ЕМЕС, САСПАҢЫЗ!
Алғашқыда «Сергек» Қарағандыға да келді деп шулағанымыз рас-тын. Себебі, «Сергек» «сезімтал» ғой. Жол ережесін абайсыз бұзсаңыз, аяушылық танытпайды. 1414-тен телефоныңызға хабарлама арқылы айыппұлыңызды жолдайды. Жасыратыны жоқ, Қарағандыдағы көп жүргізушіге «Сергек» сес болды. Өйткені, бейнебақылау – бұлтартпас айғақ. Біз Қарағанды қаласының полиция басқармасына хабарласып едік, бұл камералар «Перспектива» ЖШС бейнебақылаулары екен. Бірақ, аталған құрылғылар «Сергегіңізден» кем сергектік танытпайды. – Естеріңізде болса, екі жыл бұрын ІІМ министрі Ерлан Тұрғымбаевтың қаулысы негізінде елдімекендердің ішінде көшпелі радарлармен жылдамдық өлшеуге тыйым салынған. Сол кезде министр қала мен елдімекен ішінде жылдамдық өлшейтін камералардың жеткілікті екенін, қажет болса алдағы уақытта саны тағы да артатынын айтқан болатын. 100 шақты камера сол жобаның жалғасы. Қазір Қарағанды, Теміртау, Жезқазған, Сәтбаев, Саран қалаларында және Осакаров кентінде конкурстық жұмыстар аяқталып, бейнебақылаулар іске қосыла бастады. Камералар тоқтау сызығының қиылысуы және бағдаршамның қызыл белгісіне өту сияқты құқықбұзушылықтарды, жылдамдықты арттыруды қадағалайды, – дейді Қарағанды қалалық полиция басқармасы әкімшілік бөлімінің басшысы Данияр Батталов.
ҚАРАҒАНДЫ – ҚЫРАҒЫ
Жалпы, Қарағандыда жол-көлік оқиғасы жиі тіркеледі. Жаяу жүргіншілердің көлік жүргізушілерінің кінәсінен жапа шегіп, тіпті, мерт болғандары да бар. Балалардың да жол-көлік оқиғаларының салдарынан зардап тартуын жоққа шығара алмаймыз. Енді, жаңадан қойылған камералар Қарағанды көшелерінде құқықбұзушылықты азайтуға сеп болмақ. «Қауіпсіз қала» жобасы аясында 3 мыңнан астам бейнебақылау камералары орнатылады. Үш кезеңнен тұратын бағдарлама жыл соңына дейін толық аяқталады. Камералардың басым бөлігі облыс бойынша криминогендік ахуал күрделі аудандар мен қалаларға қойылмақ. Өйткені, қылмыстың ізін кесуде де камераның үлкен рөл атқаратынын білеміз. Облыстық ақпараттандыру және мемлекеттік қызмет көрсету басқармасының басшысы Рустам Байжанов: «Камералар көліктің мемлекеттік нөмірін анықтайды. Тағы 100 камера жылдамдық өлшеп, басқа да жол ережесін бұзғанды анықтайды. Қалғандары стационарлық камералар мен жылжымалы кешендер. Барлығы бір ортақ базаға біріктіріледі. Бейнежазбалар қажетті мемлекеттік органдар мен құқық қорғаушыларға қолжетімді болады» дейді. Қысқасы, Қарағанды тұрғындарының қауіпсіздігі мен қылмыс санын барынша азайтуға бағытталған қадам бұл.
Қасымхан ҒАЛЫМ.