Шет

Ынтымақ – ырыс

  Шет ауданының орталығы Ақсу-Аюлы кентінде Алғыс айту күніне орай мерекелік іс-шаралар легі ұйымдастырылды. Мәдениет үйіндегі салтанатты шара шымылдығы «Елім менің» әнімен түрілді.

Мерекелік салтанатқа жиналған көпшілікті аудан әкімінің міндетін атқарушы Мұхит Мұхтаров құттықтады.

– Алғыс айту күні – күрделі заманды иық тіресе бірге еңсеріп, Елбасының басшылығымен Тәуелсіз Қазақстан құру жолында аянбай тер төккен азаматтардың бір-біріне құрмет білдіретін, тағдыр тоғыстырған еліміздің көпэтносты халқының ортақ тарихын құрметтейтін, қайырымдылық дәстүрлері мен әлеуметтік ынтымағын паш ететін күн. Отызға жуық ұлт өкілдері тұратын Шет ауданы да болашаққа нық сеніммен қадам басып келеді, – деді Мұхит Мұхтаров.

Мерекелік жиында Отан алдындағы әскери борышын абыроймен өтей жүріп, балалар өмірін құтқарып қалған Дархан Қуатбекұлы Әлғазинге берілген аудан әкімінің алғыс хаты анасы Сайран Жақсыбековаға тапсырылды.

Шуақты мереке соңы «Шын жүректен алғыс айтамыз» атты мерекелік концертпен ұласты. Жарқын болашағымыз – жас ұрпақты тәрбиелеуде тынбай еңбек етіп жүрген ұстаздар қауымына барлық шәкірттері атынан Ж.Ақылбаев атындағы эксперименталдық гимназиясының 11-ші сынып оқушысы Меруерт Ораза және Аяулым Мұратова алғыс сезімін білдіре отырып, өз өнерлерін паш етті. Мұнан соң денсаулық сақтау саласы қызметкерлеріне, ақ халатты абзал жандарға алғыс айтылып, «Қазақ елі» әні Қ.Сметұлының орындауында әуеледі.

Сахнаға «Балдырған» балабақшасы бүлдіршіндері мен мектеп оқушылары шығып, туған еліне деген ықылас сезімін жеткізді. «Аманат» мүгедектер қоғамының төрағасы Аманқұл Қасымов мүгедектер мәселесінде оларға жағдай жасау үшін жүрекпен жұмыс істеу керектігін, кембағал жандардың мұңын шешуге қатысты мәселеде жауапкершілік таныту жайында жұртшылық есіне салуды өзінің парызы санайтынын айта келіп, көмек қолын созуға әрдайым дайын тұратын аудан жастарына, барша жұртшылыққа алғыс айтты.

Мереке шымылдығы Әсет Бейсеуовтің «Армандастар» әнімен түсірілді

М.ДӘУЛЕТБЕКҰЛЫ.

ШЕТ ауданы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button