Жаңалықтар

Ынтымақты Ыстыбұлақ

Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Қоңырат (қазіргі Ақтоғай) ауданының басқа да тұрғындарымен қоса аяққа құйған астай, шағын ғана Ыстыбұлақ ауылының да (қазір Қараменде би ауылдық округінің жерінде) әскерге жарамды азаматтары майданға аттанды. Ауылда қалған қарттар мен әйелдер, жас балалар шаруашылықтың жұмысына жегілді. Күндіз-түні бел шешпей жүріп, еңбек етті. Күні бойы жұмыста жүргеніне қарамастан әйелдер кешке қарай майдандағы жауынгерлерге қолғаптар мен ұйықтар тоқыды. Балалар оқуын тоқтатып, көктемде егін салғанда, жаз бойы шөп шапқанда, күзде егін орғанда өгіздің басына мінеді, қыста қойдың қиын ойған кезде оны сыртқа тасумен айналысады. Малға шөп салады. Бір сөзбен айтқанда күні бойы тыным таппайды. Әбден шаршағандықтан, шөп машинасына жеккен өгіздің басындағы бала ұйықтап кетіп, құлап түсетін жағдайлар жиі болады екен. Балалар оқуын тоқтатады. Өйткені, оқытатын адам болмай қалады. Ауылда үлкендер мен балалардың сауатын ашып жүрген Уақап Жанысбаев 1941 жылы әскерге алынып, бір жылдан соң хабарсыз кетеді.

Уақап Жанысбаев

Ауылдан қан майданға аттанғандар ішінде Шәкәрім Сәменов ­(1905 ж.т.), Қайдарбек Сәменов (1908 ж.т.), Бекен Байбосынов (1910 ж.т.), Кәрібай Байбосынов (1921 ж.т.), Мәдібек Ырысбеков (1905 ж.т.), Сәдібек Ырысбеков (1908 ж.т.) сияқты ағайындылар, сол сияқты Уақап Жанысбаев (1913 ж.т.), Амантай Қарашолақов, Молдахмет Жексенбеков, Кенжалы Тәтиев, Уәлихан Жұмәділов, Рақымберлі Спанбетов, Құсайын Оспанов, Мұқажан Дыңғыровтар елге қайта оралмай, қаза тапқан немесе хат-хабарсыз кеткен.

Қан майданда жараланып елге оралған Мәкет Кенжетаев, Жұмабай Жаманбалин, Төлеухан Хамитов, Мейірхан Кенжебаев, Түсіп Оспанов, Мүсәнәп Төлеубаев, Әннас Төлеубаев, Бейсенбек Смағұлов, Қалиасқар Өрікбаев, Әнуарбек Төртбаев, Біләл Дүйсебеков, Қабиден Нұралин, Мұхаметқали Төлегенов, Ахметқали Төлегенов, Нұрғали Төлегенов, Ыдырыс Оспаналин, Разақ Таңатов, Айтбек Түсіпбеков, Қапас Түсіпов, Дәкен Белдоңғаров, Мүштарбек Сәменов, Әубәкір Төлеубаев, Қойшыбек Жағыпаров кейіннен өмірден өтті. Әрине, соғыстан алған жарақаттың салдарынан көз жұмғандары да бар. Негізі «Қызылжар» колхозында соғыстың алдында 51 шаңырақ болған екен. Соғысқа 31 адам, еңбек армиясына 11 адам алынған. Солардың ішінде, 15 адам майдан даласында мәңгілік қалды. Оралғандардың көпшілігі мүгедек болып келіпті.

Бұған қоса, Тоқырауынның төменгі Балқашқа құяр сағасындағы Дуанши, Дересін, Қарасу ауылдарынан «Егінші» және «Еңбек» колхоздарына қоныс аударылғандар арасында да соғысқа алынып, қан майданда қаза тапқандар мен хабарсыз кеткендер, соғыстан жараланып оралғандар аз болған жоқ. Солардың ішінен Тәжібай Бошанов, Іңкәржан Жақсылықов, Мұхамбетбек Бажкеев, Әзір Әмірханов, Смайыл Қамашев, Жақаш Жантілеуов және басқалары жараланып оралғандар еді.

Қабиден Нұралин әскер қатарында

Мәселен, Әзір Әмірханов ақсақал болса, міндетті әскер қатарына 1936 жылы алынып, ақ финдермен соғыспен басталған Екінші дүниежүзілік соғыс майданына қатысып, елге 1946 жылдың соңында ғана оралған. Соғыс кезінде Қазақстаннан солдат алып кетуге екі рет келіпті. Қатардағы жауынгер дәрігер жетпейтін кезде госпитальда дәрігерге көмекші болыпты. Соғыс кезінде аяғынан жарақат алған. Кеудесіндегі оқтың жарықшағы өзімен қоса кетті. Ауылда бригадир, агроном және басқа да қызметтер атқарды. Көптеген марапаттарға ие болды.

Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлерінің бірі Тәжібай Бошанов ақсақал еді. Талай майдангерлік жолдан өткен қатардағы жауынгер жарылғыш заттарды іздеуші сапер болыпты. 1943 жылы немiстiң жаңадан жасалған жарылғыш құралын залалсыздандыру кезiнде екi қолынан бірдей айырылып, бірінші топтағы мүгедек болып қалған. Соғыстағы ерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз» орденін екі рет алған, бірінші дәрежелі «Отан соғысы» орденімен және бірнеше мерекелік медальдармен марапатталған.

Әубәкір Төлеубаев ағамыз болса, 1938 жылы Қарқаралы педтехникумын ойдағыдай тәмамдайды. Оқуын бітірген соң әскери борышын өтеуге аттанады. Әскери міндетін Моңғолияда өтеп, үш жылдан соң елге оралар шағында соғыс басталады. Әуелі ақ финдермен соғысады. Одан соң Германиямен ұрыс басталып, ел басына түскен сұрапылдың аяғына дейін қатысып, 1945 жылы екінші мамырда Берлин қаласына кіргендердің ішінде болған. Сұрапыл соғыста зеңбірекшілер расчетының командирі болады. Украина, Белоруссия, Балтық жағалауы республикаларын, Ярославль, Севастополь, т.б. қалаларды азат етуге қатысқан. Одан соң, соғыстың соңғы ошағы Жапонияны тізе бүктіреді. Сөйтіп, үш майданның солдаты «Қызыл Жұлдыз», «Даңқ» және екінші дәрежелі «Отан соғысы» ордендерінің, бірнеше медальдің иегері болды. Кейінгі бейбіт заманда Ақтоғай ауданының бірнеше мектебінде мұғалім, мектеп директоры және аудандық халыққа білім беру бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарды.

Колхоз басқармасы Қойшыбек Жағыпаровтың отбасы

Соғыс жылдары «Қызылжар» колхозы және Тоқырауынның төменгі, Балқашқа құйылысын жайлаған Дуанши, Қарасу, Қарабұлақ, Ортадересін ауылдарынан еріксіз көшіріліп әкелінгендер «Егінші» және «Еңбек» колхоздарында ауыл шаруашылығын өркендетуге үлес қосып жатты. Жұмыс қиын, еңбек ауыр еді. Барлық жұмыс қолмен атқарылады. Колхозшылар таңның атысынан күннің батысына дейін жұмыс істеді. Сол еңбегі үшін алатын табысы да мардымсыз болатын. Атқарған жұмысына еңбеккүн есептейді. Ол еңбеккүн үшін орылған астықтан бидай ғана береді. Күні бойы жұмыста жүрген олар кешке үйлеріне оралысымен, оттың жарығымен (ол кезде шам да жөнді болған жоқ) еңбеккүнге алған бидайын тазалайды, оны кептіреді де түктейді. Түктеген соң қайтадан кептіреді де, қол диірменмен ұн етіп тартады немесе қуырып тартып, талқан жасап, талғажу етеді. Сол кездерде бір-бірінің үйінен от жағу үшін шоқ сұрап жүргендер де болды. Өйткені, от жағатын сіріңкенің өзі де жоқ еді.

Сол жылдарда ауылда Волга бойынан депортацияланған немістер көп болды. Өздері аш отырса да, бір бөлмесіне соларды енгізіп, оларға аузындағысынан жырып беріп отырды. Ыстыбұлақта бірнеше неміс отбасы болған еді, олардың көбісі басқа жаққа көшіп кетті (мүмкін көшіріп әкеткен шығар). Солардың ішінде, апалы-сіңлілі Фрида мен Ирма 1954-1955 жылдары Ақтоғайға көшіп кетті. Кішісі Ирма мылқау еді, оған барлығын әпкесі ыммен түсіндіретін. Олар ауылдың қандай жұмысы болмасын арланбай істейтін. Олардың сол кездегі кіп-кішкентай балаларының барлығы да ержеткен, үлкен азаматтар болды.

Міне, біздің алақандай ауыл Жеңіс күнін жақындату үшін осындай үлес қосқан болатын. Бұл біздің ынтымағы жарасқан жалғыз Ыстыбұлаққа ғана емес, бүкіл қазақ ауылдарына тән жағдай еді.

Сүйіндік ЖАНЫСБАЙ,
жазушы, Қазақстанның Мәдениет қайраткері.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button