Бас тақырып

Ынтымақтастық дамуға жетелейді

Нарықта сұранысқа ие болуы үшін бірлікті ту өткен Қарағанды облысының тігін кәсіпорындары алдағы уақытта елімізді отандық шикізатпен және жоғары сапалы маталармен қамтамасыз етуге бел буып отыр. Облыс әкімдігінің қолдауымен Шымкент қаласы және Түркістан облысының өндірушілерімен аймақаралық консорциум құру туралы шарт жасалды.

Суреттер: облыс әкімдігінің сайтынан

Бұл бастама Қазақстанның жеңіл өнеркәсібін дамытудың жаңа кезеңі үшін қолға алынған бастапқы шаралардың бірі болып отыр. Қазір Қарағанды облысының тігін кәсіпорындары шикізатты шетелден сатып алуға мәжбүр. Десе де, елімізде өндірілетін өз матамыз жоқ емес. Қазақстанда бұған қажетті мақта өсіріледі һәм қайта өңделеді. Тоқыма комбинаттары мен тігін фабрикалары жұмыс істейді. Ал, іс жүзінде отандық мақтадан тігілген киім жоқтың қасы.

Бұл мәселені шешу және отандық өндірушілерді қолдау үшін Қарағанды облысының әкімдігі жергілікті, сонымен қатар, Шымкент және Түркістан кәсіпкерлеріне ынтымақтастық туралы уағдаластық орнатуға көмек қолын созды.

Енді, Абай фабрикасының Түркістан мақтасынан жасалған AZALA Group Шымкент тоқыма кәсіпорнынан маталарды сатып алуға мүмкіндігі бар. Бұл ретте жергілікті өндіріс ошағы дайын материалды сатып алып қана қоймай, мақта өсіруден бастап, оны қайта өңдеп, сапалы маталарды өндіруге дейінгі бүкіл өндіріс процесін тікелей бақылай алатынын айта кеткен жөн.

Бірінші кезеңде аймақаралық консорциумға Абай тігін фабрикасы, Ютария ltd және «ТАА» ЖШС сияқты тігін кәсіпорындары кіреді. Болашақта бұл тізім толықтырылуы мүмкін екенін ескеру керек.

– Бұл – екі облыс үшін ғана емес, жалпы байтақ Отанымыз үшін мегасаяси және экономикалық тиімді келісім. Түркістан облысы мақта өсіреді. Онда ол екі зауытта өңделеді. Одан әрі Шымкентте екі фабрикада маталар шығарылатын болады. Ал, қарағандылық тігін кәсіпорындары ірі өнеркәсіптік компанияларды толығымен жұмыс формасымен қамтамасыз ететін болады. Алдымен, жұмыс киімдері тігіледі. Бүгінгі таңда Қарағанды облысының барлық өнеркәсіптік алпауыттары осындай ынтымақтастыққа мүдделі. Себебі, әзірге олар жүз пайыз импорттық матаны пайдаланып отыр. Бірақ, біздің зауыт бұл тауашаны жабуы мүмкін, – дейді AZALA Group тоқыма комбинатының құрылтайшысы Бауыржан Жамалов.

– Бұған дейін жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарының Теміртаудағы Qarmet корпорациясымен жемісті кездесуі болған еді. Ал, бүгін Шымкенттегі Қазақстанның ең ірі жеңіл өнеркәсіп AZALA кәсіпорнында «Қазақмыс» корпорациясымен кездесу өтті. «Қазақмыс» және Qarmet корпорациялары бастаған трендтен «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі де, «Самұрық-Қазына» да, министрлік те шетте қалмауы үшін, бұл бастаманы ілгерілету қажет. AZALA тоқыма комбинаты үшін қуаныштымын. AZALA – бұл біздің саланың негізі. Тоқыма комбинатында бәрі жақсы болса, тігін фабрикаларында бәрі ойдағыдай болады, – деп атап өтті Абай тігін фабрикасының басшысы Нұрхан Жұмабеков.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button