Рухани жаңғыруРуханият

Қымызтерапия: Өркениет өзгеріске дайын

Бие байлағанда апамның уыз қымызынан ішеміз деп келген үлкендер менен «Кімнің баласысың?» деп сұрайтын. Кесе толы қымызды ұсынып тұрып, мақтанышпен: «Атамның баласымын!» деп саңқ етемін. « Әп, бәрекелді!» дейді. Сол қымызды бауырсақ толы дастарқанға төкпей-шашпай, абыроймен апару жеті жастағы мен үшін мәртебе еді. Сондықтан, дүние есігін ашқалы бал қымызды қанып ішкен мен секілді әрбір ауыл баласына көне сусын таңсық емес. Атамның көзі кеткелі биелер қолды болды. Қымыз да жоқ… Алайда, уақыт өте келе дәстүр жалғасын тапты. Желіге құлын байладық. Жалпы, кейінгі жылдары Ақтоғай ауданына қарасты ауылдарда бие сауып, қымыз сату басталды. Бұл – «Рухани жаңғырудың» алғышарты әрі ауыл қымызының сәнге айналғанының көрінісі. Осыдан кейін жаңа заман қазақтары тойына ащы судан бұрын, көне сусын қоюды дәстүрге айналдырды. Сөйтіп, ата жолын жалғады. Енді, қымыз ішіп өскен бала мен «коланы» таңдайтындарды салыстыруыңызға болады.

Жақында іссапармен қазақтың әсем жері – Бектауатаға ат басын бұрдық. «Факел» лагері балаларының «Денсаулық үшін қымыз ішіңіздер! Ақтоғайлық балалар сияқты белсенді әрі бақытты болыңыздар!» деген жарнамасын байқадым. Балалар «белсенді әрі бақытты» дегенді ерекше айтады. Алайда, қымызды жарнамалап тұр. Қымыз бен бақытты қалай байланыстырады?

Шашубайлықтар қымызды жарнамалауда кие мен танымды тереңнен түсінген бабалар тәжірибесін пайдаланыпты. Табиғи өнімді ұсыну арқылы салауатты өмір салтын насихаттайды екен. Қымызды кәсіпке айналдырып, «қымызтерапия» жобасын іске қосқан.

Кенттегі «Мектеп-балабақша кешені» базасындағы Тірек мектебі 2001 жылдан бері ҚР Денсаулық сақтау технологиялары мектептерінің Ұлттық желісіне қосылған. Денсаулық сақтау технологияларының сауықтыру бағдарламалары аясында Ақтоғай ауданына қарасты Бектауата тау шатқалында орналасқан «Факел» сауықтыру лагеріне «қымызтерапия» енгізген.

Жоба аясында күн сайын сағат 9.30-да лагерьге жаңа пісілген балғын қымыз жеткізіледі. Алдымен, лагерьдің медициналық қызметкерлері Б. Әбілдинов пен Д. Түсіпбекова қымыз сынамасын алады. Сағат тура 10.00-де лагерьдің қызметкерлері мен барша демалушы балалар 200 граммдық сусын түріндегі дәруменді екінші таңғы ас ретінде ішеді.

Сөйтіп, балалардың бойына қымыз арқылы ем тарайды. Бұл жоба жаз бойы Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты Айман Түкбаеваның қолдауымен жүзеге асырылып келеді. Бұқаралық кәсіпкерлік пен өнімді еңбек ету бағдарламасын жүзеге асыру шеңберінде және Мемлекет басшысының бес әлеуметтік бастамасына сәйкес «Ақниет» шаруа қожалығының басшысы Дәулет Ошақбаев та бұл игі іске мұрындық болған азаматтың бірі.

Білгір басшы Бектауата тау шатқалында орналасқан шаруа қожалығындағы жазғы маусым уақытында 30-дан астам жұмыс орнын ашыпты. Оған қоса, Балқаштың тұрғындарын қымыз, қаймақ, сүт, ірімшік, май сияқты экологиялық таза азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз етеді екен. Кәсіпкер «Ұлттық экспертиза және сертификаттау орталығы» АҚ Қарағанды филиалымен Кедендік одақтың техникалық реттеу саласындағы құқықтық-нормативтік құжаттарына сәйкес табиғи қымыздың сериялық өндірілетін өнім екенін растапты.

«Табиғи қымыз. Сериялық шығарылым» сәйкестігі туралы Декларация алынды. Барлық жұмыстар нормативтік мерзімде орындалды. Бүгінгі таңда мемлекеттік қызмет көрсетуге қолжетімділік бойынша барлық кедергілер артта қалды. Электрондық арналардың арқасында әртүрлі растаушы анықтамаларды алу үшін көптеген есіктерді қағудың да қажеті болмады. Шағын және орта бизнесті дамыту үшін стартап-жобалар «Атамекен» ұйымы арқылы қаржыландырылады. Бүгінгі таңда өз бизнесіңді қаладан ғана емес, ауылдан ашып, оны кеңейте түсу үшін мемлекетіміздің тарапынан көптеген мүмкіндіктер ұсынылғаны қуантады, – дейді кәсіпкер.

Ал, балалардың тамақтануына қымыз терапияны енгізу жобасы жеке кәсіпкер Динара Мұратқызының кезекті белесі деп айтқан дұрыс. Кәсіпкердің идеясы еліміздің кішкентай тұрғындары үшін жағымды ахуал жасайтын әрі дұрыс тамақтандыратын алаң ашуға мұрындық болды.

– Қымыз кез келген жастағы балаларға, тіптен, ересектер үшін де өте пайдалы. Қымыздың жоғары қоректік және емдік қасиеттері ана сүтіне едәуір жақын болып табылатын бие сүтінің құрамымен негізделеді. Мәселен, бие сүтінде ғана сүт қантының мөлшері (лактоза) ана сүтінің құрамындағыдай екен. Сонымен қатар С, А, В, РР дәрумендері мен ақуыздың, майдың қасиеттері ана сүтімен аса жақын болып табылады. Бұл фаунотерапия ағзадағы көмірқышқыл айналымының жақсаруына әсер етеді. Тағамдағы майлар мен ақуыздардың сіңуін арттырады. Ағзадан улы заттардың шығарып, жүрек пен қан тамырлары жүйесінің жұмысына оң ықпалын тигізеді. Қымыз қандағы гемоглобин мөлшерін арттырып, гиповитаминоздан арылуға көмектеседі, ағзаның қорғаныс күшін ұлғайтады. Бәрінен бұрын балалардың денсаулығын жақсартады, – дейді кәсіпкер Динара Мұратқызы.

Қос кәсіпкердің айтуынша, кейде аядай жерде жүзеге асқан ауқымды істер елдің назарына ілікпей, тасады қалып жатады. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында тұсаукесер жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік туды. Өйткені, ХХІ ғасырдың адамдары табиғи әрі таза өнімді іздеп жүріп сатып алады. Немесе өздері кәсіп ашып, елге ұсынады. Бұл – өркениет өзгеріске дайын деген сөз.

Ал, өткен ғасырларда қалай еді? Көшпелі елдер алғаш рет бие сүтінен қымыз жасауды 5500 жыл бұрын үйренгенімен, оның әзірлену жолы құпия сақталып келді. Сақ тайпаларының қымыз жасайтыны туралы алғашқы деректі б.д.д. V ғасырда өмір сүрген грек тарихшысы Геродот айтты.

«Олар бие сүтін ағаш астауларда пісіп, бетін қалқып алады, бетіндегі қалқымасы ең жақсы деп саналады. Оны аса қадірлейді, құпия сақтайды» деді жазбасында.

Біздің дәуіріміздің Х ғасырында өмір сүрген ұлы емші Ибн Сина өз еңбектерінде қымыздың ерекше емдік қасиетін ескеріп, оны өз емделушілеріне шипа жасау үшін бірнеше рет пайдаланғанын жазып кетті. Қытай медицинасынан бұрын…

Тіптен, ХХ ғасырдың кемеңгері Абайдың баласы Әбіш (Әбдірахман) ауырғанда бие байлатып («Абай жолы», 4 том) қымызбен емдеткені бар. Шоқан Уәлихановтың да қымызды ұнатқанын оқығанбыз.

Дұрыс ашытылған бие сүтінен жасалған қымыздың қырық ауруға ем екенін атам да айтып отыратын. Мұны медицина да дәлелдеген. Адам жанына араша дәрігерлер: «Қымызды жүйелі түрде пайдалану барысында (кем дегенде 2 апта не одан да көп) бірқатар сырқаттарды емдеуде жақсы нәтижелерге қол жеткізуге болады. Туберкулез, созылмалы бронхит, көкжөтел, тұмау, ішек инфекциясы, энтероколиттер мен дисбактериоз сияқты сырқаттардың түрлерінде ағзаның ауруға қарсы тұру қуатының күшейіп, иммунитеттің белсендірілуі – қымыздың бірден-бір емдік қасиетінің айғағы. Қымыздың пайдалы қасиеттері демалу мүшелерінің маусымдық ауруларын емдеуде және алдын алуда жиі пайдаланылады», – деп айтады.

Ақ халаттылардың бұл тұжырымын ертерек білген ұлы жазушылар Н.Толстой мен А.Чехов жайлауда орналасқан шипажайларға барып, бірнеше мәрте қымызбен емделген екен.

Арқа қазағы қымызды ерекше дайындайды. Көне сусын жөнінде Ақселеу Сейдімбектің жазбаларынан оқып білуге болады.

Әсіресе, сиқырлы сусынның рухани күш-қуат беретінін бектауаталықтар жақсы түсінген сыңайлы. Бүлдіршіндердің өздері айтқандай, лагерьде оларды «Әрдайым дәмді және әр алуан ас мәзірі» күтеді. Балалар алдымен, жанын сергітіп, ұйқысын қандырып демалады екен. Ойлау жүйесін дамытады. Шымыр болып өседі. Оқу жылына белсенді әрі еңбекке құштар болып барады. Бұған атааналар да дән риза көрінеді.

«Қымыз – бойдағы барлық сырқатқа ем. Ал, Жаратқан берген он екі мүшенің сырқаттан сау болуы – бақыт», – дейді «факелдіктер». Бабалар дәстүріне дәнекер бүлдіршіндер «бақыттың бағасын» осылай түсінеді екен.

«Факелдік» балалар қателеспепті. «Денсаулық үшін қымыз ішіңіздер! Белсенді әрі бақытты болыңыздар!…»

Аяулым СОВЕТ,

«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button