Бас тақырып

Қымбатшылық несиеге тәуелді етер…

«…Алған айлығым несие төлеуден артылмайды. Балам үйленді, той жасадым. Қатарынан қалдырамын ба? Баспана әпердім. Осының бәрі несиемен келген «байлық». «Елден қаламыз ба?» деген бәсекемен жүріп, басым бәлеге қалды. Оның үстіне қымбатшылық та бой бермей барады. Ас-ауқатымның бәрі ақшаға тәуелді болып тұр»… Иә. Бұл жайт – екінің бірінің айтар «жыры». Жалпы, қоғам тауар өндіруші мен тұтынушыдан тұрады. Екеуі де қаражатқа тәуелді. Алғашқысы несие алып – бизнесін жүргізгенімен, тауарын қымбатқа саудалайды. Екіншісі сол қымбат тауарды несиеге сатып алады. Қымбатшылық тізбегі осылайша айналымда жүре береді.

Жоғарыдағы пікірдің иесі Гүлжан Садырқызы – үш баланың анасы, ауыл мектебінде мұғалім. Отағасы мал өсіреді. Балалары – мемлекеттік грант иелері. Жақсы маман болды. Еңбекақысы да бір басына жететін. Баласы «үйленемін» деген соң дайындық қамына кіріскен ата-ана «бақанын асынып, барын салды». Қолдағы азын-аулақ малды сатты. Қаражат жетпеді. Ең оңайы «осы болар» деп ойланбастан миллиондаған теңге несие алды. Ондағы ойы – «шашудан түскен қаражатпен қайтарамыз». Осылайша, дүбірлеген той да өтті. Тойға берілген шашу баспанаға алғашқы жарна болды, тағы 15 жылға ипотека рәсімдеді. Осылайша, айналдырған жарты жылдың ішінде, Гүлжан апайдың 220 мың теңге еңбекақысы ай сайынғы несиеге кетті.

«Той атымен тон тігіледі» демекші, қазақы дарақылық түбінде сан соқтырып, несиеге тәуелді етіп келеді. Егер, әлемдік нарықта алтын бағасы қымбаттайтын болса, барлық бағалы металдың құны өседі. Әлемдік экономика бағалы металға тәуелді болғандықтан бағасының өсуі барлық тауар бағасының көтерілуіне ықпалын тигізбей қоймайды. Сәйкесінше, мұнайдың да өсуі қымбатшылыққа алып келеді. Осыдан келіп ақшаның құны түседі. Теңгенің құны сатып алу қабілеті бойынша 30%-ға төмендеген. Мәселен, бүгінде бір қорап сіріңкенің бағасы – 110 теңге. Әрине, мұндай қымбатшылық кедейдің соры, әлемдік деңгейде ауыздықтауға келмейтін инфляция байлардың несібесін молайта түсуде. Жер бетіндегі халықтың жартысынан көбі кедей және орта тап өкілдері екен. Осындай көрсеткішпен алғанда байлар саусақпен санарлық болғанымен, олардың үстемдігі жоғары. Күнкөріс деңгейіне байланысты адамдар бай, орташа, кедей болып бөлінгенімен әрекет етуі де әртүрлі. «Кедей байға, бай құдайға жетем» дем талпынады.

Егер, пайдалы бәсекелестік болса, дұрыс-ақ. Бүгінгі нарық ауыздықтауға көнбейді. Қымбатшылықты қанша «жырлап» тауысқанымызбен, тұтынушылардың тәбеті тыйылар емес. Қазақ байып кетті дейін десең, халықтың 70%-ы айлықтан айлыққа дейін өмір сүреді. Бұл – айқын нәрсе. Халықтың тұтынушылық қабілетін жоғарылатып, тауар өндірушінің несібесін еселеп отырған негізгі фактор – несие. Соңғы уақытта адамдардың несиеге деген тәбеті тым жоғарылап кетті. Баспана, дүние-мүліктен бөлек, азық-түліктің өзін несиеге берілетіндігін көріп жүрміз. Еңбекпен тапқан айлығымыз еселеніп, несиеге кетіп жатыр. Бұл адамдардың қанына сіңген үйреншікті жағдайға айналған. Қалтасында ақшасы қалмаса да «қатардан қалмаймын» деген бәсекелестік кредиттің құлына айналдырды. Тіпті, несиеге тауар алатын болсаңыз, «қолма-қол ақшамен бағасы мынша, егер бөліп төлеумен алсаңыз сәл жоғарылау болады» дейді. Сол сияқты барлық бөліп төлеу үрдісінде де үстеме пайыздар қарапайым халықтың қалтасын қағып жатады.

– Банкке несие рәсімдеуге келген адам ең алдымен ай сайынғы төлемінің аз шыққандығын қалайды. Сол арқылы жылын созады. Сайып келгенде бұл жылдық үстеменің бірнеше пайызға жоғарылап кететінін ескергісі де келмейді. Айта кетейін, егер 3,5 млн. теңге қаражатты 60 айға несиеге алсаңыз, үстіне 2,2 млн. теңге қосымша пайыздық үстеме қосып төлейсіз. Сонда, бұдан кімнің орасан зор пайдаға батып, кімнің қалтасы қағылып жатқанын айтпай-ақ түсінікті, – дейді банк қызметкері Индира.

Философ Маурицио Лаццаратто «Әлемдік экономиканың күретамырына қан жүгіртіп тұрған сала – қарыз экономикасы» дейді. Бұл теориясы арқылы адамдар көлікті, пәтерді, тұрмысқа қажетті заттарды банктерден несие алу арқылы қол жеткізіп, бұл құрылыс компанияларының да, сол технологияларды айналымға шығарып отырған зауыттардың да жұмысын жүргізеді деген пікірін алға тартады. Жалпы, халықты несиеге тәуелді етіп отырған негізгі фактор – жаппай қымбатшылық. Бой бермейтін саясат. Адамдардың әлеуметтік жағдайын жақсартып, несиеге деген тәуелділігін жою үшін табысын көтеруге жұмыс істеу керек. Сонда ғана, тұтынушының қарызға деген тәбетін тыю мүмкін болар еді. Дей тұрғанмен, еңбекақысы көтеріліп жатқандар да жетерлік. Бұл қымбатшылыққа тұсау, несиеге кедергі емес. Сайып келгенде ел ішіндегі экономикалық саясатқа түбегейлі өзгеріс енгізу халықтың әлеуметтік жағдайының жақсаруына бірден бір себеп болар еді. Әйтпесе, қарыз бен қымбатшылықтың қысып тұрғаны жасырын емес.

Сағыныш ӘБІЛ.

Басқа материалдар

Back to top button