Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл

«…Ғылымға көңіл бөлсеңіз»

«Қарыштап алға жылжыған ғылым мен технологияның заманы» дегенді жиі айтамыз. Тіпті, сөзімізге осы екеуін қосып айтпасақ, ішкен асымыз да бойымызға тарамайтындай сәнге айналды. Айтқан жақсы, әрі ауызға қақпақ болатын да ешкім жоқ. Бірақ, ауызымызды кере-қарыс ашып, «ғылым мен технологияны» қақылдай бергеннен оның өздігінен дамымайтыны да, өздігінен қарыштап алға жылжымайтыны да белгілі. Ал, ғылымы дамымаған елдің экономикасы да қарық болмайтыны, экономика дамымаған соң, халықтың әлеуеті де жақсара қояры шамалы.

Жалпы, ғылыми-техникалық тұрғыда өркендеуден қара үзіп тұрған елдердің бірі – Оңтүстік Корея. Әуелде олар да «аспаннан аяқтары салбырап сол қалыптарында түсе қалған жоқ». Өзгелердің жетістігін «өзгенің қаңсығы» деп жиренбестан-ақ пайдаланып, кәделеріне жаратты. Сол арқылы ғылым мен техниканы дамыту экономиканың басты баспалдағы ретінде қарастырылды. Тек 1991 жылдың өзінде ғылыми зерттеу орталықтарына бөлінетін қаржы үлесі 5,5 миллиард долларға жетсе, қазір бөлінетін қаржы елдің ЖІӨ-нің 5%-ын құрайды, бұл – 11 млрд. доллар.

Ал, АҚШ 2019 жылы бюджеттен R&D, біздіңше ғылыми-зерттеу жұмыстары үшін 115 миллиард доллар бөлген. Бұл – ЖІӨнің 1,3%-ы. 2020 жылы бұл көрсеткіш 3%-ға жеткен.

Жалпы, әлемдік тәжірибе елдің экономикасын қамтамасыз етуде ғылыми зерттеулерге жұмсалатын қаржы ЖІӨ-нің 2%- нан төмен болмауы тиіс. Егер, бөлінетін қаржы ЖІӨ-нің 1%-на тең немесе одан кем болса, ғылыми-техникалық қауіпсіздік шектелген болып есептеледі. Сәйкесінше, ғылымы да өз деңгейінде дами алмайды.

Жалпы, өнеркәсіптік төңкеріс Англиядан бастау алды. Алғашында мақта-мата өндірісінде өздігінен қозғалысқа келтірілген станоктар технология саласындағы үлкен жаңалық болды. Бастапқыда текстиль, кейіннен басқа салаларда да еңбек өнімділігі күрт артты. Англияда басталған осы өзгерістерден кейін одан үлгі алған АҚШ өздерінің өнертабысын ашуға ынталанды. Бір қызығы, сол кездерде АҚШ-та ашқан жаңалығы үшін патентті ақсүйек өкілдері ғана емес, шығу тегі мен қоғамдағы жағдайы әр алуан адамдар да алды. Көпшілігі байлыққа өздері ойлап тапқан өнертабысы үшін алған патенті арқылы жетті. Мысалы, тәжірибеде алғаш рет қолданылған электр шамын ойлап тапқан, қазір әлемдегі ең ірі корпорациялардың бірі – General Electric компаниясының негізін қалаушы Томас Эдисон бастапқыда шатыр жөндеуші болған.

1820-1845 жылдары патент алушылардың 40%-ы тек бастауыш мектепті ғана бітірген немесе Томас Эдисон тәрізді ресми білімі болмаған. Бұл тәсіл уақыт өте келе АҚШ-ты әлемдегі инновациялық экономикасы бар мемлекетке айналдырды.

Бұның барлығын неге айтып отырмыз дейсіз ғой? Білім және ғылым министрлігінің дерегі бойынша, елімізде 2020 жылы ғылымға бөлінетін қаржы жалпы ішкі өнімнің 0,16%-ін құрайды. Ал, аталмыш сала министрі Асхат Аймағамбетовтың айтуынша, 2025 жылға қарай ғылымға бөлінетін қаржы көлемін ІЖӨ-нің 1 пайызына жеткізу міндеті тұр. Жалпы, ғылымға бөлінетін қаржы өз алдына, еліміз, оның ішінде өңіріміз өнертапқыштардан кенде емес. Әсіресе, олар шалғай ауылдарда баршылық. Үлкен ғылыми жаңалық ашып, айдай әлемді ауызына қаратпаса да, ойлап тапқан технологиясымен өзінің және ауылдастарының жұмысын жеңілдетіп, пайдасын көріп отырғандар қаншама?! Тіпті, солардың арнайы білімдері де жоқ. АҚШ-тың тәжірибесі тәрізді, солардың басын қосып, патент алуды жеңілдетіп, тіпті, пайызы төмен несие берілер болса, технологияның дамығаны сол емес пе?

Жалпы, сол технологияның өзі адам қолымен жасалатын жұмысты жеңілдету, еңбек өнімділігін арттыру десек, мәселенің шешмі өз-өзінен шешілетін тәрізді. Қарап отырсақ, түрлі өнертапқыштар өздерінің ойлап тапқан дүниесіне патент алып, табыс көзіне айналдыру керектігін ойланбауы да мүмкін. Сондықтан, бізге де олардың басын қосып, керек болса заңды түрде кеңесін беріп, жұмыстарын ұйымдастырып, бір арнаға бағыттап отыратын қауымдастық тәрізді бір ұйым керек-ақ. Ол тіпті қыруар қаржыны талап етпейтіні де анық. Үлкен жетістік кішкентай қадамнан басталатыны тәрізді, жаңалық ашу үшін көп жылдық тәжірибенің, ғылыми атақтың болуы шарт емес. 2025 жылды күтей-ақ, ел арасындағы өнертабыстардың жаңалығын кәдеге жаратып, ел игілігіне ұсынсақ, технологияның дамығаны сол болмақ.

Салтанат ІЛИЯШ.

Басқа материалдар

Back to top button