Жаңалықтар

Yлыктайтын шак келдi

5«Әркімге өз ауылы – Мысыр шаһары!» дейді қазақ. Иә, солай…

«Ауыл, қазақ – бір ұғым,

Терең тарих – өткенің.

Ауыл – асқақ тұғырым,

Өркені өскен Өспенім» ғой біздер, өспендіктер үшін. Қазақ қоғамы сонау ат үстінде өмір сүрген көшпелі заманда ауыл болып, туыс-туған болып, бір қырда немесе бір қуыста орныққан. Өлкедегі ескі көң орындарын байқасақ, мал қыстатуға өте ыңғайлы, қар алмайтын, мал (жылқы, қой) тұяғының тепкісіне оңай жерлерге орныққан. «Қағыл төбе», «Әлінің жалы», «Ебентай ашасы» деген топонимдер соған дәлел. «Ат сатсаң ауылыңмен» деген қазаққа жақсылық хабарды «сүйіншілеп», қауіп болса «аттандап» жеткізіп, даланың жаяу поштасы, мал, жан амандығын ұялы телефонсыз-ақ уақытында жеткізіп тұрған ғой. «Үлкен үй», «отау үй», «үлкен ауыл», «кіші ауыл» ұғымдарын бойына сіңірген дала қазағының субардинациясы берік екен сол заманда. Зейтін Ақышевтың «Жаяу Мұса»  романынан есте қалғанын мысалға келтірсем, «Жаяу Мұса» атануына Мұсаның өзі кінәлі екен, Баянауыл дуаны басшысы ауылының үстінен айғайлап өлең айтып өту қазақ этикасына жат, мазақ қылған болып саналады (облыс әкімдігіне айғайлап кірмек түгілі, маңына барсаң күзет тұр ғой).

«Шорманның Мұстафасы атымды алып, Атандым сол себептен Жаяу Мұса» дегенге, кедейге қиянат қылған байды жамандап, кіналадық, кедейлер құрған кеңес өкіметі кезінде.

Айтпағымыз – ұлттық сана ауылда қалыптасып, ұлттық үрдіс ауылда сақталады. Ахаң (Ақселеу Сейдімбек) тілімен айтқанда, көшпенділер мәдениеті адамзат тарихында орны бар мәдениет. Кеңес дәуірі коллективтендіру, ірілендіру науқандарымен колхоз, совхоз құрып, қазақы ауылдарды өркендетті. Орта мектеп, аурухана, мәдениет үйі, көтерме жолдар, МТМ, МТОР сияқты кешендер сонда пайда болды. Қазіргі ел санасындағы ауылдың басым бөлігі осы елді мекендер. Ал, біздің ауыл іргесі сонау 1847 жылы Петропавл көпесі Никон Ушаков жер иесі Боздақұлы Қарабақсыдан «Әулиетас» аталатын бір төбені 86 күміс теңгеге сатып алып, мыс кенін өндіре бастаған кезден қаланған. Орыс, ағылшын, француз конциссионерлері иелік еткен мыс кенішінде орыс-қазақ ұлтының өкілдері қара жұмысқа жегілген. Сол заманнан бастап Арқаның бір нүктесі – біздің Өспенде Еуропа мен Азия  мәдениеті араласа өмір сүрген. Нілді зауыты аталатын жұмысшы поселкасында христиандар шіркеуі, мұсылмандар мешіті қатар тұрған. Біз көргенде мешіттің орны ғана болды. Ал шіркеу үйінде поссоветтің конторасы, кітапхана болғанын білеміз. Әкем: «Анау поссоветтің шатырының ортасындағы шығып тұрған тұрба темірді көрдің бе, соның үстінде крест болған баяғыда» деп көрсетіп еді. Қыр астында «Комерон» аталатын су көзі поселканы тұнба сумен қамтамасыз етіп тұрды. Тоғыз жолдың торабындай «Нілді» станциясынан бір шеті Ресей, бір шеті Орта Азия  елдеріне баратын пойызға отыра бересің.

Сонау ХХ ғасырдың орта шенінен бастап рудник тұрақты электр қуатымен жабдықталған «Электроцех» аталатын үлкен ғимаратта «Варгтинтон» атты үш америкалық дизель үздіксіз гүрсілдеп тұратын. «Металлург» аталатын стадионда спорттың футбол, волейбол, теннис, штанга, городки сияқты  түрлерінен жарыстар, үйірмелер жұмыс істейтін. Клубта күндіз балаларға, кешке үлкендерге фильмдер қойылып, жаз айларында Қарағанды драма театры, Жаңаарқа халық театры келіп, спектакльдер мен концерттер беріп, гострольдік сапарлар жасайтын.

Мың бала екі ауысыммен және кешкі мектептің үлкендері сыятын Успен орта мектебі қандай керемет еді. Орыс, қазақ, шешен, неміс ұлттарының балалары араласқан аралас  мектептің мұғалімдер корпусының білім деңгейі өте жоғары болған. Жер ауып келген ленинградтық профессор Горевский, латыш Бразаускас, алтай Тодышев пен Тютчева, неміс Битвильвская сияқты ұстаздардан тәлім алған түлектер Ресейдің ішкі аймақтарында, ел ішінде үлкен қызметтер тізгігінін ұстады.

Нілді тауының қуысында орналасқан саябақта шахтерлер демалатын профилакторий, жаз айларында пионер лагері үкімет (Кеңес)  құлағанша жұмыс істеп тұрды. Әр жыл сайын «Парктің ашылуы», «Металлургтер күні» сияқты мейрамдар сонда тойланатын, гүлмен көмкерілген жолмен көтерілгенде би алаңы, ашық концерттік алаң, фонтан, арнайы демалыс күркелері, киосктер халықтың мәдени қажеттілігін толығымен өтейтін. Ал үш қабатты ғимарат пен төбесінде күнге қыздырынатын солярий сол кезде бізде ғана болған шығар. Сол саябақтың пайда болуына басшылық жасаған  Яков Филлипович Гущин атты  орыс екенін әркім біле де бермейді.

Иә, балалық шақты сағынышпен еске алу тәтті қиял екенін әркім сезінер, мен де.  Алпысыншы жылдары 5 мың тұрғыны болған мекенде, 80 жылдары 25 мың, қазір де мыңға жетеқабыл ғана халық тұрамыз. Бірақ, Өспен ауылдық округіне Еркіндік, Айса, Айғыржал ауылдары да кіреді. Керек десек, Ағадыр да бір заманда Успеннен бөлініп шыққаны бар.

Бала Сәкен табанының табы қалған, балғын Димаш (Қонаев) өндірістік тәжірибе алған, ғалым Қаныш (Сәтбаев) зерттеп тәнті болған, әкім Әнгел (Әлиханов) тәлім алған ауылды ұлықтының ұясы, Арқа тарихының қиясы деуімізге толық хақымыз бар.

Ұлықтайтын шақ келді, ұлылықтың ұясын! Бүгінгі күн – Успен руднигіне 170 жыл! Тәубе, ол алыптардың ізбасарлары да, соңында үкілі үмітті жастар да баршылық. «Өспен» атты ұялы бәйтеректен ұшқан түлектер шартараптан хабарласып, үлес қоспақ ойларын білдіріп, қуантып жатқан жай бар (87013148579, 87779480627). Сіз де қалыс қалмаңыз жүрегі «ауылым – алтын тұғырым» деп соғатын Өспеннің әр ұланы, сіздерге  құлаққағыс бұл жазбамыз.

Файзулла НҰРЖАНОВ.

Басқа материалдар

Back to top button